Accessibility links

Алматыда босанған науқас әйелдің нәрестесінен коронавирус табылмады


Аурухана қызметкерлері. Көрнекі сурет.
Аурухана қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Алматыда босанған науқас әйелдің нәрестесінен вирус табылмады. Бұл туралы 17 сәуірде қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев хабарлады.

Оның айтуынша, жүктіліктің 39-аптасына жеткен әйел 13 сәуірде қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылған. Анализ алынып, вирус жұққаны анықталған. Ол коронавирус жұққан адаммен байланыста болғандықтан ауырған. 15 сәуірде оған кесар операциясы жасалған. Салмағы 3,5 килограмдық нәресте дүниеге келген.

"Жаңа туған нәрестеден анализ алынып, нәтижесі теріс болды. Нәрестенің дені сау. Қазір балалар бөлімшесінде жатыр" деді Тілеухан Әбілдаев.

Қазір босанған әйелдің жағдайы - бірқалыпты, жақын арада инфекциялық ауруханаға жатқызылады. Әйел жазылып шыққаннан кейін ұлына бара алады.

Бұған дейін Қызылорда облысында да коронавирус жұққан әйел босанып, жаңа туған нәрестеден вирус табылмаған.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 1280 адам вирус жұқтырған. 285 адам дерттен айыққан. 17 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG