Accessibility links

Шымкент: Жүйке аурулары диспансерінде вирус жұқтырғандар 6 адамға жетті


Шымкенттегі блокбекеттердің бірі. 2 сәуір 2020 жыл.
Шымкенттегі блокбекеттердің бірі. 2 сәуір 2020 жыл.

Шымкентте Түркістан облыстық жүйке аурулары диспансерінің алты медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Қалада вирус жұққан медицина қызметкерлерінің саны он адам болды. Бұл туралы Азаттыққа 17 сәуір күні қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.

Басқарма мәліметінше, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы жан сақтау бөлімінің – 3 қызметкерінен, Түркістан облыстық жүйке аурулары диспансерінің - 6 қызметкерінен, Түркістан облыстық «Ұлттық сараптама орталығына» қарасты вирусологиялық зертхананың 1 қызметкерінен коронавирус анықталған. Зертханашымен қарым-қатынаста болған оның 5 отбасы мүшесіне де вирус жұққан. Науқастардың барлығы оқшауланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдап жатыр.

Қалалық полиция департаментінің дерегінше, облыстық жүйке аурулары диспансері – қаладағы карантинге жабылған 10 ауру ошағының бірі. Күндіз-түні полиция күзететін диспансерге бөтен адамдардың кіріп-шығуына тыйым салынған.

«Облыстық жүйке аурулары диспансерінде 76 адам карантинде жатыр. Олардың 36-сы – медицина қызметкері, біреуі – күзетші, 39-ы – ем қабылдап жатқан науқас» делінген басқарма хабарламасында.

Шамамен бір апта бұрын Шымкент қаласының аумағында орналасқан Түркістан облыстық жүйке аурулары диспансерінің неврология бөлімінің үш медицина қызметкерінен коронавирус табылып, бөлім карантинге жабылған еді.

17 сәуірде бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда барлығы 423 медицина қызметкеріне коронавирус жұққанын, Алматы, Нұр-Сұлтанмен қатар Шымкент қаласында да дәрігерлерден коронавирус табылғанын хабарлаған. Бірақ ол нақты санын айтпады.

Соңғы мәлімет бойынша, Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны 46 адамға жеткен. 3 адам қайтыс болып, 2 адам жазылған. Қала 4 сәуірден бері карантинге жабылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG