Accessibility links

Алматы облысында тұрғындар стационарды жабуды талап етті


Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылы. Оң жақтағы ғимарат - ауыл амбулаториясы тұр. 19 сәуір 2020 жыл.
Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылы. Оң жақтағы ғимарат - ауыл амбулаториясы тұр. 19 сәуір 2020 жыл.

19 сәуірге қараған түні сағат 00:15 шамасында Алматы облысы Қарасай ауданы Береке ауылындағы амбулатория алдына тұрғындар жиналып, амбулаторияны коронавирус жұққандармен араласқан адамдарды жатқызатын стационар ретінде пайдалануға қарсы шыққан. Бұл туралы Vlast сайты жазды.

Жергілікті биліктің айтуынша, амбулатория бос болған, онда ешкім болмаған.

Оқиға орнына Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев келген. Бірақ тұрғындар әкімнің жауабына қанағаттанбаған. Олар обсервациялық стационарды жабуды талап еткен.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, тұрғындар амбулаторияның есігі мен терезесін бұзып, көшеге шамамен 30 төсек пен көрпені шығарып тастаған. Әкімдік өкілдері кейбір адамдардың "мас күйінде болғанын" айтқан. Оларды полиция ұстап әкеткен.

Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 202-бап 1-бөлігі бойынша ("Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру") қылмыстық іс қозғалған.

Азаттық тілшісі 19 сәуірде таңертең Береке ауылына барып көрді. Ауылда жағдай тыныш. "Түнде наразылық болды" делінген амбулаторияға кіргізген жоқ, бірақ сыртқы жағында бұзылған терезе немесе есік байқалмайды. Кейбір тұрғындар Азаттық тілшісіне "кейбір тұрғындар масаң күйде болды" деген ақпаратты жоққа шығарды.

Ақпан айында Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы мен маңындағы бірнеше елді мекенде осыған ұқсас наразылық болып, тұрғындар Қытайдан келген жолаушыларды жергілікті стационарға орналастыруға қарсы шыққан болатын.

Оқи отырыңыз: Зайсанда жұрт "коронавирус жұқтырғандарды" карантинге жатқызуға қарсы шықты

Соңғы мәлімет бойынша, Алматы облысында 37 адамнан коронавирус табылған. Республика бойынша жалпы науқастар саны 1654 адамға жетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG