Accessibility links

"Алауыздық қоздырды" деп сотталған Тәуірбеков ауруханадан шықты


41 жастағы Жұлдызбек Тәуірбеков анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашевамен бірге Алмалы аудандық сотының үкімін тыңдап тұр. Алматы, 6 қаңтар 2020 жыл.
41 жастағы Жұлдызбек Тәуірбеков анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашевамен бірге Алмалы аудандық сотының үкімін тыңдап тұр. Алматы, 6 қаңтар 2020 жыл.

WhatsApp мессенжеріндегі жазбалары үшін "Алауыздықты қоздыру" және "Терроризмді насихаттау" бабымен сотталған тоғыз адамның бірі 41 жастағы Жұлдызбек Тәуірбеков 20 сәуірде Алматыдағы кардиологиялық орталықтан шықты. Ол ауруханаға бір апта бұрын түскен. Сотталушының ауруханадан шыққанын Азаттыққа анасы, қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашева хабарлады.

- Екі конвой Жұлдызбекті аурухананың артқы есігі арқылы алып шыққан кезде көрдім. Конвой бұрынғыдай емес бұл жолы өте дөрекі болды. Оның қолын артқа қайырып, машинаға итеріп кіргізіп жібергенін байқап қалдым. Ол маған бәрі жақсы екенін айтып үлгерді, карантинді бұзбас үшін далаға шықпауымды сұрады. Арамыз бес метр болса да, мен ештеңе айтып үлгермедім. Оны осылай күштеп әкеткенін көрген соң жүрегім ауырып кетті, - деді көзіне жас үйірілген Жауғашева.

Жауғашеваның сөзінше, дәрігері Тәуірбековтің халі бірқалыпты деген, денсаулық жағдайы жайлы анықтама қағаздан екі дана шығарып, конвойға берген. Жауғашеваның айтуынша, дәрігер баласының жағдайы жайлы қағазды бере алмайтынын жеткізіп, түрме басшылығына қайырылуды сұраған.

Алматыдағы кардиология орталығының созылмалы жүрек аурулары бөлімі Әсемгүл Жауғашеваның анықтамаға қағаз туралы сөзін растап, Тәуірбековтің жүрегіндегі қан айналым 23 пайызға түсіп кеткенін, ем-домнан кейін 30 пайызға көтерілгенін айтты. Дәрігерлердің сөзінше, созылмалы жүрек ауруына шалдыққандар үшін 30 пайыз – жақсы көрсеткіш.

Бұған дейін бөлімшеде жүрек қан айналымы бұзылған адамдарға коронавирус қауіпті екені айтылған.

13 сәуірде Алматы қаласының апелляция соты жеті жылға сотталған Тәуірбековтің қарсы шағымын қанағаттандырмады. Сот оның жүрек ауруына шалдыққанын ескермеді.

Жұлдызбек Тәуірбековті Алматы қаласының Алмалы аудандық соты биыл, 2020 жылы 6 қаңтарда жеті жылға соттап, түрмеге қамаған. Ол – "терроризмді насихаттады" және "әлеуметтік араздық қоздырды" деп айыпталған тоғыз айыпталушының бірі. Оның ісі денсаулық жағдайына байланысты жеке қаралған. Қалған сегіз айыпталушының ісі бойынша сот аяқталып, олар бес жарым жылдан сегіз жылға сотталған.

Forum 18 Халықаралық ұйымы осы іске назар аударып, "мұндай оқиғалар Қазақстанда ҰҚК мен полиция адамдардың интернеттегі бір-біріне жазған хаттарын аңдитынын көрсетеді" деп мәлімдеген.

2019 жылы тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар тоғыз сотталушыны діни көзқарасы үшін қудаланған азаматтар деп таныған. Билік олардың діни көзқарасы үшін сотталғанын жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG