Accessibility links

Жұлдызбек Тәуірбеков "алауыздық қоздыру" және "терроризмді насихаттау" айыбымен жеті жылға сотталды


41 жастағы Жұлдызбек Тәуірбеков анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашевамен бірге Алмалы аудандық сотының үкімін тыңдап тұр. Алматы, 6 қаңтар 2020 жыл.

Алматының Алмалы аудандық соты Қылмыстық кодекстің "Терроризмді насихаттау" және "Алауыздық қоздыру" баптары бойынша айып тағылған 41 жастағы Жұлдызбек Тәуірбековті жеті жылға бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа дәрежелі мекемеде (жалпы режимдегі колония) өтейді. 6 қаңтар күні кешке үкімді жариялаған судья Қайрат Иманқұлов айыпкер Тәуірбековке денсаулық жағдайына байланысты (оның жүрегі ауырады) сот үкімін отырып тыңдауға рұқсат етті.

Судьяның түсіндіруінше, жеті жыл – заңда қылмыстың осы түрі бойынша белгіленген ең аз жаза мерзімі. Судья айыпталушыға үкім күшіне енгеннен кейін денсаулық жағдайына байланысты жазаны өтеуден босатуды сұрап өтініш беруіне болатынын айтты. Үкім оқылып болған соң Жұлдызбек Тәуірбеков пен оның қоғамдық қорғаушысы болған анасы Әсемгүл Жауғашева апелляция алқасына шағым беретінін мәлімдеді.

Дүйсенбі күні күндіз сот отырысындағы тараптардың жарыссөзінде және одан кейін соңғы сөзінде Жұлдызбек Тәуірбеков тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Ол соттан тергеу абақтысында отырғанда мүгедек (дәрігерлердің қорытындысы бойынша Тәуірбековке екінші топ мүгедектігі берілген) болып қалғанын, сонымен бірге іс-әрекетінде ешқандай қылмыс құрамы жоғын ескеруді және бостандығынан айырмай, басқа кез-келген әділетті шешім шығаруын сұрады. Тәуірбековтің анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашева жүрек дерті асқынған ұлын түрмеге қамау оны өлім жазасына кескенмен бірдей болатынын айтты.

Прокурор соттан Тәуірбековті тоғыз жылға бостандығынан айыруды сұрады.

Жұлдызбек Тәуірбековпен бірге WhatsApp мессенджеріндегі топта "радикалды идея таратып, терроризмді насихаттады және әлеуметтік араздық қоздырды" деп айыпталған сегіз айыпталушының ісі бойынша сот өткен жылы тамызда аяқталған. Аудандық сот сегіз адамды айыпты деп танып, 5-8 жыл аралығындағы мерзімге бостандығынан айырған. Былтыр 20 қарашада апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот Тәуірбековтің денсаулық жағдайына байланысты ісін жеке өндірісте қараған. Қазақстанның әр аймағында тұратын бұл тоғыз адам 2018 жылдың соңында тұтқындалған. Сот процесі кезінде барлығы да тағылған айыпты терістеп, оны "ойдан шығарылған" деп атаған.

2019 жылы тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар сегіз сотталушыны діни көзқарасы үшін қудаланған азаматтар деп таныған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG