Accessibility links

Сот белсенді Алмат Жұмағұловтың түрме жазасын қысқартты


Алмат Жұмағұлов
Алмат Жұмағұлов

20 сәуірде Қапшағай қаласының соты Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 түрмеcінде отырған 45 жастағы белсенді Алмат Жұмағұловтың жаза уақытын қысқартты.

Сот Қылмыстық-процесуалдық кодекстегі жаңа өзгеріс бойынша Жұмағұловтың тергеу изоляторында отырған бір күнін бір жарым күн деп есептеп, 8 жылдық түрме жазасын 8 ай 26 күнге қысқартты. Бұл өзгеріс жайлы Азаттыққа ЛА-155/14 түрмесінің қызметкерлері хабарлады. Бірақ түрмедегілер Азаттық тілшісіне сотқа қатысты ақпарат бермеді. Қапшағай қаласы сотының канцеляриясы Азаттыққа өтінішті судья Жайық Жанболатов қарағанын ғана айтты.

Ал Жұмағұловтың әйелі Әсел Көпбосынова Азаттыққа Қапшағай сотының шешімі күшіне енген соң күйеуі шартты түрде босап шығуға өтініш бере алатынын айтты.

“2017 жылдың 28 қарашасынан 2019 жылдың 29 мамырына дейін, 18 ай оны Алматыдағы тергеу изоляторында ұстады. Бұған тағы тоғыз айды қосу керек еді. Сонда ол қамауда 37 ай отырды деген сөз. Ал шартты түрде босап шығу үшін өтінішке сегіз жыл жазаның 32 айын отырып шықса жеткілікті” дейді Көпбосынова.

“Жиһадистер ісі” бойынша жауапқа тартылған Алмат Жұмағұлов 2018 жыл 21 желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен сегіз жылға сотталған. Ол “терроризмді насихаттады”, “ұлтаралық араздық қоздырды” деп айыпталған. Осы іс бойынша 52 жастағы Кенжебек Әбішев жеті жылға, 48 жастағы Оралбек Өміров сегіз жылға сотталған. 2019 жылы мамырда апелляциялық сот үкімді өзгертпеген.

13 наурызда Қапшағай қаласы соты Кенжебек Әбішевтің түрме жазасын азайтқан. Оның адвокаты Гүлнара Жуаспаева Азаттыққа Әбішев шартты түрде босап шығу туралы өтініш бергенін, сот өтетін уақыт белгісіз екенін айтты.

Қазақстандық құқық қорғаушылар тобы Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевті саяси тұтқын деп таныған. Қазақстан билігі елде саяси тұтқындардың барын жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG