Accessibility links

Шымкент: 36 қызметкерінен вирус табылған ТЖ департаменті карантинге жабылды


Көшеде ары-бері өткен көліктерді тексеріп тұрған полиция қызметкерлері. Шымкент, 22 сәуір 2020 жыл.
Көшеде ары-бері өткен көліктерді тексеріп тұрған полиция қызметкерлері. Шымкент, 22 сәуір 2020 жыл.

Шымкентте қалалық төтенше жағдай департаменті карантинге жабылды. 17-21 сәуір аралығында департаменттің 36 қызметкері мен олардың 15 туысынан коронавирус табылған. Бұл туралы 22 сәуір күні Азаттыққа қалалық тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Әбдіманап Түлебаев айтты.

Департаменттің баспасөз хатшысы Зарипа Абдуллақызының сөзінше, департаментте жұмыс істейтін туысынан коронавирус анықталған. Онымен қарым-қатынаста болғаны үшін өзі және отбасы карантинге жіберілген.

Түлебаевтың айтуынша, 6 сәуір күні төтенше жағдай департаментінің төрт қызметкерінің денсаулығы нашарлап, қалалық полиция департаментінің емханасында емделген. Жағдайы тәуір болған соң үйіне оралған. Кейіннен өздерінен және олармен қарым-қатынаста болған отбасы мүшелері мен әріптестерінен вирус анықтала бастаған.

- 92 адамның 36-сынан коронавирус анықталды. Қазір басшылық қызметте жұмыс істейтін 23 адам департамент ғимаратында казармалық жағдайда оқшауланды. Коронавирус жұқтырғандардың отбасы мүшелері мен департаменттің ондаған қызметкері карантинге жабылды, - дейді Түлебаев.

Төтенше жағдай департаментінің бас ғимаратында 92 адам жұмыс істеген. Одан бөлек түрлі деңгейде қызмет көрсететін бөлімшелерде 700-ден аса жұмысшы бар.

Төтенше жағдай департаментінің басшысы Нұрболат Дербісов департаменттің басшылық құрамы карантинге жабылғанын растап, жұмысты жұмыс кабинетінде казармалық жағдайда жалғастырып отырғанын айтты.

22 сәуір күнгі дерек бойынша, Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны 103 адамға жетті. Олардың төртеуі - 3 жасқа дейінгі балалар. 17 адам жазылып шыққан. Жазылып шыққандар арасында екі айлық сәби де бар.

Шымкент қаласы 4 сәуірден бастап карантинге жабылған. 19 сәуірде рұқсат етілген жұмысшы топтан бөлек адамдардың жаяу және жеңіл көлікпен жүруіне тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG