Accessibility links

Белсенді Әлнұр Ильяшевті қамаудан босатпады


Белсенді Әлнұр Ильяшев.
Белсенді Әлнұр Ильяшев.

22 сәуірде Алматы қалалық соты белсенді Әлнұр Ильяшевтің қамаудан босату туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы оның адвокаты Нұрлан Рахманов Facebook парақшасында жазды. Билікті сынап жүрген азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев "Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деген күдікпен 17 сәуірде ұсталып, екі айға қамалған болатын.

Адвокат Нұрлан Рахманов 22 сәуір күнгі жазбасында тергеу орындарының істі "ауыр іс" деп атағанына қарамастан тергеу аяқталғаны туралы хаттаманы тапсыруға асығып отырғанын жазды. Адвокат Әлнұрдың өз қолымен жазған өтінішін тергеушіге не тергеу басқармасына не полиция департаментіне өткізе алмай жүргенін де айтты.

23 сәуірде Алматы қалалық соты Азаттыққа апелляциялық процестер туралы ақпараттың "жабықтығын" алға тартып, шешімге байланысты түсініктеме берген жоқ.

22 сәуір күнгі баспасөз конференциясында адвокат Нұрлан Рахманов "Ильяшев ісі" бойынша айыптау сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысына негізделгенін айтқан болатын. Адвокаттың айтуынша, оның өзі "қитұрқы" сұрақтар қойып алынған, жорамалға негізделген. Рахманов сонымен бірге белсендінің Facebook-тағы жазбалары мен іс материалындағы сәйкессіздіктер туралы да айтқан.

Былтыр 18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесінің белсенділер Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовтің үстінен түсірген шағымын қанағаттандырған еді. Сот "Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов "желіде шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты" деп тауып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап еткен. Бұдан бөлек, үш белсендіні шағым түсірушілерге 6 миллион теңге төлеуге міндеттеген. Үш белсенді сот шешімімен келіспейді. Қаңтар айында белсенділердің апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалды.

Наурыз айының басында Әлнұр Ильяшев "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің жиыны өтеді деген күні партияның алматылық бөлімшесінде "Оккупай Нұр Отан" акциясын өткізген. Оған қатысушылар жемқорлық бойынша сотталған партия мүшелері туралы сұрақтар қойып, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевты отставкаға жіберуді талап еткен.

"Жалған ақпарат тарату" бабы бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Құқық қорғаушылар билік карантинді пайдаланып, белсенділерді қудалауды күшейтті дейді

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG