Accessibility links

Құқық қорғаушылар: Билік карантинді пайдаланып, белсенділерді қудалауды күшейтті


Карантинге жабылған Алматы қаласына кіреберіске қойылған бақылау бекетінде тұрған күш құрылымының қарулы қызметкері. 19 наурыз 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Билікті ашық сынап, талап айтып жүрген бірнеше азаматтық белсенді өткен аптаның соңында "Төтенше жағдай режимін бұзды" не "Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деген айыппен істі болды. Құқық қорғаушылар "билік төтенше жағдай режимін пайдаланып, өзін сынайтындарды жазалауды күшейтті" деп санайды.

ІСТІ БОЛҒАН БЕЛСЕНДІЛЕР

Биліктен реформа талап етіп, "Нұр Отан" партиясын (экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев осы партияның лидері ретінде билікке ықпал етіп отыр) ашық сынап жүрген белсенді Әлнұр Ильяшевтің үстінен Қылмыстық кодекстің 274-бабы 4-тармағы бойынша ("Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату") іс қозғалып, тергеу басталды. Сәуірдің 18-і күні Алматы қаласының тергеу соты белсендіні тергеу кезінде екі айға қамады

Билікті сынаушылар карантин кезінде ұсталып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:02 0:00

Тергеу сотында белсендінің адвокаты Нұрлан Рахманов Ильяшевті карантинге байланысты үйқамаққа жіберуді сұрағанымен сот келіспеді. Тергеу тарабы "Ильяшевтің әрекеті мен негативті сөздері мемлекет құрылымына, қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді" деп санайды. Ильяшевтің үстінен былтыр қарашада шыққан сот шешімін орындамады, билік пен "Нұр Отан" партиясын негізсіз сынады деп іс қозғаған.

- Былтыр қарашада Алматы қаласы Жетісу аудандық соты белсенділер "Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов желіде "Нұр Отан" партиясы "Наше право" партиясын құруға кедергі келтірді деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратты" деп танып, бұл жазбаларын жоққа шығаруды талап еткен. Бұдан бөлек, үш белсендінің әрқайсысына 1,5 миллион теңге айыппұл салған еді. Осыған байланысты тергеу орындары Әлнұрдың әлеуметтік желідегі жазған постары мен видеоларын жинап, сот шешіміне қарамастан "Нұр Отан" мен билікті негізсіз сынады деп іс қозғаған. Видео дәлелдердің ішінде биыл наурыздың 20-сына қала әкімдігі алдында Нұрсұлтан Назарбаевқа жасаған үндеуі бар, - дейді адвокат Рахманов.

Қорғаушының сөзінше, сот отырысында Әлнұр Ильяшев Facebook парақшасында сот талап еткендей жазбаларын терістегенін, айыппұлды жартылай төлегенін айтқан.

"Сондықтан белсендіні Жетісу аудандық сотының шешімін орындамады деп қылмыстық жазаға тарту - заңсыз" дейді адвокат.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз бастамасы бойынша құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз бастамасы бойынша құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында отыр. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі, КТК телеарнасының бұрынғы бас директоры, президент әкімшілігінде істеген Арман Шораевтың да үстінен Қылмыстық кодекстің 274-бабы 4-тармағы ("Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат тарату") бойынша іс қозғалды. Шораев кейінгі кезде әлеуметтік желіде билікті сынап, жемқорлық жайлы ашық айтып жүрген. Ол сәуірдің 18-іне Қарағандыда ұсталып, келесі күні Алматыға жеткізілді. Сәуірдің 20-сы күні Шораев ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылғаны хабарланды. Полиция "Шораев әлеуметтік желілерде бірнеше рет шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратып, төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпке қауіп төндірді әрі қоғам мен мемлекет мүддесіне зиян тигізді" деп санайды.

Қылмыстық кодекстің "Көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату" бабында үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Белсенді Ұлан Шәмшет. Алматы, 7 желтоқсан 2015 жыл.
Белсенді Ұлан Шәмшет. Алматы, 7 желтоқсан 2015 жыл.

Билікті ашық сынап жүрген тағы бір белсенді Ұлан Шәмшетті де сәуірдің 18-і күні саяжайында ұстап, "Төтенше жағдай режимін бұзды" деген айып тағып, қамаған.

Алматылық белсенді Геннадий Крестьянскийдің де үстінен "Төтенше жағдай режимін бұзды" деп әкімшілік іс қозғады. Белсендінің соты сәуірдің 20-ына жоспарланған. Крестьянскийдің үстінен әкімшілік іс қозғауға наурыздың 26-сы күні Алматыдағы блокпосттан әлеуметтік желіге шыққан тікелей эфирі түрткі болған. Видеода белсенділер Геннадий Крестьянский мен Юрий Маленьких қаладан шығатын жерде орнатылған блокпостылардың жұмысын бақылап, тыйым салынғанына қарамастан олардан өтуге мүмкіндік барын, полицейлер жетіспейтінін айтып, ол жерге бейнекамералар орнату керегін, постыдағы кей қызметкердің өзі қауіпсіздік шарасын сақтамай жүргенін мәлімдеген.

Азаматтық белсенді Геннадий Крестьянский. Алматы, 25 сәуір 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Геннадий Крестьянский. Алматы, 25 сәуір 2019 жыл.

Крестьянский өзіне тағылған айыпты мойындамайды, билік азаматтық белсенділерді қудалаудың орнынан бірге жұмыс істеуі керек деп санайды.

Жамбыл облысы Шу ауданындағы белсенді Бағдат Бақтыбаев Facebook желісіне тікелей эфирге шыққаны үшін "Төтенше жағдай режимін бұзды" деген айыппен 10 тәулік қамауда отырып шықты. Ол сәуірдің 6-ына Шу ауданындағы "Қазпошта" ғимаратында мемлекет мұқтаж азаматтарға төлеуге уәде еткен 42500 теңге көмекті алуға келген жұртты көріп, Facebook желісіне тікелей эфирге шығып, "үкімет карантин жағдайында халыққа жағдай жасамай жатыр" деген мазмұнда наразылығын білдірген.

Белсенді Руслан Жанпейісов сот залында отыр. Шымкент, 13 қаңтар 2020 жыл.
Белсенді Руслан Жанпейісов сот залында отыр. Шымкент, 13 қаңтар 2020 жыл.

Ал Шымкент қаласындағы полиция тұрған блокпостарды тексермек болған белсенді Руслан Жанпейісов те "Төтенше жағдай режимін бұзды" және "Төтенше жағдай кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекет жасады" деген айыппен сәуірдің 15-іне 35 тәулікке қамалды.

Бұдан бөлек алматылық белсенді Даная Қалиеваның үстінен де Қылмыстық кодекстің "Билік өкілін қорлау" бабы бойынша іс қозғалып, сот басталды. Бұл іске ақпан айындағы оқиға түрткі болған.

Белсенді Даная Қалиева. Алматы, 17 сәуір 2020 жыл.
Белсенді Даная Қалиева. Алматы, 17 сәуір 2020 жыл.

"РЕПРЕССИЯ"

Төтенше жағдай кезінде белсенділерді жаппай ұстап жатқан тұста құқық қорғаушылар билікке үндеу жолдап, қамалғандарды босатуды талап етті. Әлеуметтік желіде де белсенділерге қолдау көрсетіп жатқандар көп.

Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.
Құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова.

Сотта көптеген белсенділерді қорғап жүрген құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова билік карантин кезінде репрессияны күшейтті деп санайды.

- Төтенше жағдайды пайдаланып белсенді, беделді, өз пікірін ашық айтатын, көпке танымал азаматтарды қамау, қудалау, үнін өшіру – репрессияның нағыз өзі, - дейді құқық қорғаушы.

Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюроның директоры, құқық қорғаушы Евгений Жовтис "билік белсенділерді қамау арқылы барлығын бақылауда ұстауға тырысып жатыр" деп санайды.

Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.
Қазақстандық адам құқығын қорғау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.

- Билік алдымен әлеуметтік желіні бақылағысы келеді. Іс қозғалып, жауапқа тартылып жатқандардың бәрі әлеуметтік желіде өте белсенді. Олар қоғамдық пікірді қалыптастырып, билікке талабын қойып, наразылығын жасырмай айтып жүр. Ал билік түрлі боттарды пайдаланса да, әлеуметтік желідегі тартыста жеңіске жете алмады. Ресми БАҚ та идеологиялық тартыста ұтылды. Сондықтан биліктің қорқытып-үркітуден басқа амалы жоқ. Бұл – бір. Екіншіден, билік лидерге айналып келе жатқандарды оқшаулауға тырысып жатыр. Қазақстан – авторитарлы мемлекет, авторитарлы режим бақылауда ұстап, қауіпті деп тапқан кез келген істі жоюға тырысады, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Ал Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаев пайымдауынша, белсенділердің қамалуы мемлекетте "естуші биліктің" емес "жазалаушы биліктің" пәрмені жүріп отырғанын көрсетеді.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

"Әлнұр [Ильяшев] конституциялық құқығы үшін күресіп жүріп, саяси тұлғаға айнала бастағаны үшін ұсталды. Жаңадан саяси тұлғалардың шыға бастағанынан билік бұрыннан қорқады. Арман [Шораев] кейінгі кезде елдегі саяси жүйені қатты сынап, ондағы кей адамды және олигархтар жайлы ашық айтып жүрді. Ол кейінгі бір сұхбатыда "жүздей адам Қазақстанның ЖІӨ-нің 70 пайызын иеленіп отыр" деген. Екеуін "төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деп айыптап отыр. "Төтенше жағдай" деген тұсына күдік көп. Коронавируспен күрес үшін жарияланған төтенше жағдайды белсенділерге қысым көрсетуге пайдалануды ұйғарған сияқты. Бірақ екеуі елден ештеңе ұрлаған жоқ, ешкімнің өміріне қауіп төндірмеді, олар – террорист, қылмыскер я парақор емес. Екеуі қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндірмейді. Әрқайсысы тек не ойлайтынын және елдегі көп адам ойлайтын жайты айтты" деп жазды саясаттанушы Facebook парақшасында.

2014-2019 жылдар аралығында 274-бап ("Жалған ақпарат тарату") бойынша 14 адам сотқа тартылса, елде төтенше жағдай режимі енген бір айдан астам уақытта бірнеше тергеу басталып, қамау, тінту, ұстауға ұласты.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы да белсенділердің ұсталғанына алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовке ашық хат жолдады. "Әділ сөз" ашық хатында журналистер мен азаматтық белсенділерді төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты деп айыптау науқаны басталғанына алаңдаушылық білдірген. Ұйым белсенділердің ұсталуын "билікке жақпайтын пікір айтатындарды бостандығынан айыру жазасымен қорқытып, басып-жаншу" деп санайды.

"2014-2019 жылдар аралығында 274-бап ("Жалған ақпарат тарату") бойынша 14 адам сотқа тартылса, елде төтенше жағдай режимі енген бір айдан астам уақытта бірнеше тергеу басталып, қамау, тінту, ұстауға ұласты" деп жазған "Әділ сөз".

Сөз бостандығын қорғау ұйымы "Бас прократура сотқа дейінгі тергеудің заңға сай өткенін қадағалауы керек" деп санайды.

Қазақстанда құқық қорғаушылар, халықаралық ұйымдар мен заңгерлер "билік Қылмыстық кодекстегі "Жалған ақпарат тарату" бабын өзіне жақпаған белсенділерге, сыни пікір айтатындарға қысым көрсетуге қолданады" деп алаңдаушылық білдірген.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты наурыздың 16-сынан төтенше жағдай жарияланған. Сәуірдің 19-ындағы мәліметке сай, елде 1711 адам вирус жұқтырғаны анықталған. 401 науқас COVID-19 дертінен айықты. 19 адам қайтыс болды.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG