Accessibility links

Ақтөбе соты "ТЖ режимін бұзды" деп айыпталған блогерді ақтады


Ақтөбе облыстық сот ғимараты. Көрнекі сурет.
Ақтөбе облыстық сот ғимараты. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы «төтенше жағдай режимін бұзды» деп айыппұл салынған блогерді ақтап шықты. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Апелляциялық алқа Ақтамақ Көптілеуованың әрекетінде "әкімшілік құқықбұзушылық белгілері жоқ" деп таныған.

Блогердің сөзіне қарағанда, әкімшілік істің қозғалуына 8 сәуір күнгі оқиға түрткі болған. Сол күні ол Ақтөбе облыстық полиция департаментінің ғимаратында ұсталған.

- Полиция департаментіне қылмыстық іс куәгері ретінде бардым. Дәліздегі телефон арқылы тергеу басқармасы басшысы орынбасарымен сөйлесіп тұрғанмын. Мені сол жерде ұстап, №11 бөлімшеге әкетті. «Төтенше жағдай режимін бұздың» деп хаттама толтырды, - дейді Ақтамақ Көптілеуова.

Екі күннен соң Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша ("Төтенше жағдай режимін бұзу") айыпталған Ақтамақ Көптілеуоваға 106 мың теңге айыппұл салған.

Ақтөбе облыстық соты Көптілеуованы «төтенше жағдай режимін бұзды» деп айыптаған полиция қызметкерлерінің үстінен полиция департаментіне жеке қаулы жолдаған.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланған. Содан бері бірнеше мың адам "Төтенше жағдай режимін бұзды" деп айыпталып, әкімшілік жазаға тартылған. Олардың арасында белсенділер, блогерлер де бар.

Бұған дейін қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар билік төтенше жағдай кезіндегі шектеу шараларын пікірін ашық айтып жүрген белсенділерді қуғындау құралы ретінде пайдалануы мүмкін екенін айтып, мәселеге алаңдаған болатын.

Оқи отырыңыз: "Билік асыра сілтеп жатыр". Human Rights Watch пандемия кезіндегі Қазақстандағы адам құқығының жайына алаңдайды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG