Accessibility links

Белсенді Әлімжан Ізбасаров Нұр-Сұлтандағы әскери бөлімшеге ауыстырылды


Азаматтық белсенді Әлімжан Ізбасаров. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Әлімжан Ізбасаров. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл.

Азаматтық белсенді Әлімжан Ізбасаров Нұр-Сұлтанға жеткізілді. Енді әскери борышын астанадағы әскери бөлімдердің бірінде өтейтін болады. Бұл туралы Азаттыққа Әлімжанның анасы Жауһаз Сауытбаева хабарлады.

- Кеше (24 сәуір) Таразға барып, Жамбыл облысындағы психоневрологиялық диспансерден оны алып, Нұр-Сұлтанға ұшып келдік. Осындағы әскери бөлімде әскери борышын аяғына дейін өтейтін болады. Бүгін Әлімжанды екі күнге үйге алып келдік. Жағдайы, денсаулығы жақсы, - дейді Жауһаз Сауытбаева.

Әлімжан Ізбасаров Жамбыл облыстық психоневрологиялық диспансерге биыл 5 сәуірде түскен. Ол әскери борышын өтеген Тараздағы 5513 әскери бөлімшесі басшылығы оның «медициналық тексерістен өтіп жатқанын» айтқан. Бұл ақпараттан кейін белсендінің анасы Жауһаз Сауытбаева әлеуметтік желідегі парақшасында Әлімжанның әскери бөлімде қысым көріп, психдиспансерге түскенін жазған еді.

15 сәуірде Жауһаз Сауытбаева ұлттық гвардияның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовпен кездесіп, ұлының ем-домы аяқталған соң Әлімжанды астанаға көшіруге ұсыныс жасаған.

- Сол келісімге сай Әлімжанды кеше көшіріп алдық. Бұл әрине, қоғамның көмегінсіз болған жоқ. Қолдау білдіргендердің барлығына рахмет. Ешкімге шағымымыз жоқ. Бастысы Әлімжан жанымызда, - деді Жауһаз Сауытбаева.

Ол ұлының «депрессияда» болғанын растайды. Оның сөзіне қарағанда ауруханада мейлінше жақсы жағдай жасалған, қажетті ем-доммен қамтамасыз етілген, психологтар жұмыс істеген.

23 жастағы Әлімжан Ізбасаров - 2019 жылы 1 мамырдағы наразылық жиынына қатысқан белсенді жастардың бірі. Ол бейбіт жиын кезінде әлеуметтік желідегі парақшасында тікелей эфирге шығып, «полицияның резеңке таяқпен адамдарды ұрғанын» айтқан, жиында ұсталғандарды босатуды талап еткен.

2019 жылы 1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық жиынына шыққандар «Біздің өз таңдауымыз бар!», «Тоқаев - біздің президент емес!», «Дариға - спикер емес!», «Нұр-Сұлтан - астанамыз емес!», «АЭС-ке қарсымыз!», «Халық пікірімен санасыңдар», «Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!», «Шындықтан қашып құтылмайсың!», «Шал, кет!» деп ұрандатқан. Жиын барысында шамамен 80 адам ұсталып, бір тобы әкімшілік жазаға тартылған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG