Accessibility links

Беларусьте мүгедектігі бар балалар үйінде коронавирус тарады


Ойын алаңы. Көрнекі сурет.
Ойын алаңы. Көрнекі сурет.

Беларусьтің Глуск ауданындағы балалар үйінде мүгедектігі бар кемінде 13 балаға коронавирус жұққан, 8 қызметкерден вирус табылған. Бұл туралы балалар үйіне қаржылай көмек беретін ирландиялық қайырымдылық қорына сілтеме жасаған BBC сайты хабарлады.

Глуск ауданы орталығындағы "Весново" балалар үйінде дамуында кінәрат бар, иммунитеті әлсіз шамамен 174 бала және жасөспірім тұрады. Жергілікті билік 24 сәуірде балалар үйінде вирус тарағанын растағанмен қанша адамға вирус жұққанын айтпаған.

Орталықты қаржыландыратын ирландиялық Chernobyl Children International қайырымдылық қорының жетекшісі Аде Роше мүгедектігі бар балалардың денсаулығына қауіп төнгенін айтып, алаңдаған. Оның сөзіне қарағанда коронавирус жұққан кейбір балалардың жағдайы өте ауыр. Орталық балаларды қорғау үшін шара қолданып жатыр, бірақ жабық жағдайда өмір сүріп жатқандықтан жағдай қиын.

Могилев облысы билігінің айтуынша, бастапқыда орталықта істейтін бір қызметкерден коронавирус табылған. Ізінше барлық қызметкерлер мен сонда тұратын балалар, жасөспірімдер тестен өткен.

Ақпарат бойынша, балалар үйінің жетекшілері үкіметтен көмек сұрап, балаларды эвакуациялауды өтінген.

Беларусь президенті Александр Лукашенко COVID-19 ауруына байланысты әлем елдерінің алаңдауын мысқылдап, вирус қаупі туралы ақпаратты жоққа шығарған.

Соңғы мәлімет бойынша, Беларусьте 9590 адамнан коронавирус табылған, 67 адам қайтыс болған. 1573 адам жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG