Accessibility links

Тәжікстан сериал үшін Қазақстанға наразылық нотасын жолдады


Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Қазақстан сыртқы істер министрлігіне наразылық нотасы жолдады. Нотада Қазақстанда түсірілген "Патруль" сериалындағы ойдан шығарылған кейіпкер - "тәжік дипломатына" байланысты наразылық білдірілген. Бұл ақпаратты Азаттық радиосының тәжік редакциясы - Радио Озоди таратты.

Тәжікстан билігі сериалды түсірген B.A.S production продюсер орталығы мен сериалға тапсырыс берген "Независимый Телевизионный Канал" (НТК) компаниясын тексеруге шақырған.

"Патруль" сериалының таяуда әлеуметтік желіде жариялаған үзінділері Тәжікстан әлеуметтік желі қолданушыларының ызасын туғызған, өйткені "сериалда Тәжікстан елшісін қылжаққа айналдырған". Тәжік тілінен басқа тілді білмейтін, ойдан шығарылған кейіпкер - "тәжік дипломаты" сериал эпизодтарының бірінде бет-ауызы лас болып көрінеді. Сценарийде полиция оны әуелі мәшине, содан соң бетін жууға мәжбүрлейді. Содан кейін ғана олар іздеуде жүрген адамды танып қалып, отанына экстрадициялайды.

27 сәуірде Душанбе Нұр-Сұлтаннан сериал түсірушілерді "ұлт араздығын қоздырдырды және жала жапты" деген айыптармен тез арада жауапқа тартуды талап етті,- деп жазылған Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің сайтында жарияланған хабарламада.

Қазақстан билігі 2006 жылы ұлыбританиялық актер Саша Барон Коэн басты рөлде ойнаған "Даңқты Қазақстан үшін Американың мәдени зерттеуі" (Cultural Learnings of America for Make Benefit Glorious Nation of Kazakhstan) деп аталатын кинокомедияға наразылығын білдірген. Фильмде ойдан шығарылған кейіпкер - "Қазақстан журналисі" Бораттың қылжақтары Қазақстан билігінің ашу-ызасын туғызған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG