Accessibility links

Астанада емделіп жатқан 150 медицина қызметкерінің 30 пайызына вирус жұмыста жұққан


Науқасты емдеп жатқан медицина қызметкерлері.
Науқасты емдеп жатқан медицина қызметкерлері.

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұққан 150 медицина қызметкерінің 30 пайызына вирус жұмыста жұққан. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова хабарлады. Оның айтуынша, дәрігерлердің басым бөлігіне вирус туыстарынан немесе көршілерінен жұғуы мүмкін. Арнайы құрылған комиссия фактілерді зерттеп жатыр.

"Бұлар - коронавирус инфекциясы табылған науқастарды емдейтін стационар қызметкерлері. Қаланың кез келген тұрғыны сияқты оларға да вирус отбасы мүшелерінен немесе көршілерінен жұғуы мүмкін және ондай жағдайлар да кездеседі. Біз мұны жоққа шығармаймыз" деді Сәуле Қисықова.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлердің жалақысына 250-850 мың теңге аралығында үстеме ақы қосылатынын, кәсіби міндетін атқару кезінде коронавирус жұққан дәрігерлерге 2 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемі берілетінін айтқан.

Сәуле Қисықованың айтуынша, қалада 1893 медицина қызметкерінің жалақысына наурыз айы үшін үстемақы қосылған.

Вирус жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан республика бойынша Алматыдан кейін екінші орында тұр. Соңғы мәлімет бойынша, мұнда 631 адамнан коронавирус табылған. 36 пайызы (229) жазылып, 14 күндік карантинге үйлеріне жіберілген. Жазылғандар арасында 97 жастағы тұрғын да бар.

Қазақстанда барлығы 3273 адамнан коронавирус табылған. 829 адам жазылған, 25 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG