Accessibility links

Сенат төрайымы Дариға Назарбаеваның өкілеті тоқтатылды


Дариға Назарбаева.
Дариға Назарбаева.

Президент жарлығымен парламент сенатының депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеті тоқтатылды. Бұл туралы 2 мамырда түс кезінде Ақорда сайты хабарлады. Хабарламада бұдан басқа ақпарат айтылмайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Назарбаеваға "сенат төрайымы ретінде атқарған белсенді және жемісті жұмысы үшін" алғыс білдірді.

Қазақстанның бұрынғы президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева елді отыз жылға жуық билеген әкесі былтыр наурыз айында отставкаға кеткеннен кейін мемлекеттік билік иерархиясында президенттен кейінгі екінші лауазым - сенат төрағасы қызметіне отырған еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы парламенттің жоғарғы палатасына 2016 жылы өткен. Оны депутат етіп сол кезде президент қызметінде отырған әкесі тағайындаған. Назарбаевтың қызын сенат депутаты етіп тағайындауын "болашаққа қамданып жатыр" деп бағалағандар да табылған. Конституцияға сәйкес, президент қайтыс болған немесе қызметінен бас тартқан жағдайда оның қызмет өкілеті мерзімі аяқталғанша сенат төрағасына өтеді.

Былтыр Назарбаева сенат төрайымы ретінде тағайындалған кезде мұндай болжамдар көбейген.

Назарбаеваның сенат депутаты ретінде өкілеті тоқтауының себебі әзірге белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG