Accessibility links

Ресейде бір күнде 9,5 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды


Коронавирус инфекциясы жұққан науқасты қарап жатқан дәрігер. Көрнекі сурет.
Коронавирус инфекциясы жұққан науқасты қарап жатқан дәрігер. Көрнекі сурет.

Ресейде бір күнде 9623 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Үш күннен бері науқастар саны еселеп артып жатыр.

Елде жалпы вирус жұқтырғандар саны 124 мыңға жеткен. Олардың 47-і пайызынан ауру белгілері байқалмайды.

Коронавирусқа байланысты құрылған жедел штаб мәліметі бойынша, бір күнде 57 адам қайтыс болған. Алдыңғы күнмен салыстырғанда адам өлімі 1,5 есеге азайған. 1 мамырда 96 адам көз жұмған болатын. Эпидемия тарағалы бері елде 1222 адам қайтыс болған.

Жедел штабтың хабарлауынша, 1 мамырда Мәскеуде 37 адам қайтыс болған, коронавирус жұққан 5538 адам анықталған. Ресей астанасында барлығы 62 658 адамға вирус жұққан, 695 адам қайтыс болған.

Мәскеу мэрі Сергей Собянин жеке блогында қала тұрғындарының 2 пайызына вирус жұққанын хабарлады. Індеттің беті қайтқанға дейін қатаң шаралар күшінде қалады деді.

Екі күн бұрын премьер-министр Михаил Мишустинге коронавирус жұққаны хабарланған еді. 1 мамырда тағы бір министр мен орынбасарына коронавирус жұққаны анықталды.

Бұған дейін билік өкілдері мамыр айының басында эпидемия шарықтау шегіне жетеді деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG