Accessibility links

Тәжікстан коронавирустан екі науқас қайтыс болғанын хабарлады


Көшелерді залалсыздандырып жүрген жұмысшылар. Худжант қаласы, 28 сәуір 2020 жыл.
Көшелерді залалсыздандырып жүрген жұмысшылар. Худжант қаласы, 28 сәуір 2020 жыл.

Елде коронавирус барын бірнеше апта бойы жоққа шығарып келген Тәжікстан алғаш рет вирустан екі науқас қайтыс болғанын хабарлады. Тәжікстанның мемлекеттік телеарнасы 2 мамырда коронавирус жұққан екі науқастың көз жұмғанын айтты. Науқастар туралы қосымша мәлімет айтылмайды.

Тәжікстан билігі 30 сәуірде алғаш рет елде коронавирус барын мойындаған. Соңғы мәлімет бойынша, мұнда 70 адамнан коронавирус анықталған. Көрші Өзбекстанда науқастар саны 2 мыңнан асқан. Ал Түркіменстан - Орталық Азия аймағында ресми түрде коронавирус табылмаған жалғыз мемлекет.

Тәжікстан үкіметінің вирус туралы ақпаратты жасыратыны жайлы хабарлама бірнеше апта бойы тараған. Биыл алғашқы төрт айда елде пневмонияға шалдыққандар саны өткен жылдың алғашқы төрт айымен салыстырғанда шамамен 20 пайызға артқан. COVID-19 ауруының ауыр түрі кей кезде пневмонияға соқтырады.

Орталық Азияның өзге мемлекеттерінде коронавирус індетінің тарағанына қарамастан президент Эмомали Рахмон шектеу шаралары мен оқшаулау режимін енгізу туралы халықаралық сарапшылар кеңесіне құлақ түрмеген. Биліктің профилактикалық шаралар енгізбеуі қажетті дәрежеде қаржыландырылмаған нашар жабдықталған денсаулық сақтау саласына қауіп төндіруі мүмкін еді.

Қазір үкімет инфекцияның тарауына жол бермес үшін кейбір амалдарды қолданып жатыр. "Ховар" мемлекеттік ақпарат агенттігі 30 сәуірде коронавируспен күрес жөніндегі штаб азаматтарды үйден қорғаныш маска тағып шығуға міндеттеді деп хабарлады.

Өткен аптада үкімет мектептерді екі аптаға жауып, футбол матчтарын тоқтатқан.

Әлем елдеріне індетпен күресуге көмектесіп жатқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары Тәжікстанға 2 мамырда келуі тиіс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG