Accessibility links

Қазақстанда тағы екі адам COVID-19 дертінен қайтыс болды


Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 4 мамыр 22.20-дағы мәліметіне сай, елде тағы екі адам коронавирустан қайтыс болды. Оның бірі - Жамбыл облысында, бірі - Қарағанды облысында.

Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, Теміртау қаласының 61 жастағы тұрғыны 20 сәуірде пневмония диагнозымен ауруханаға түскен. Екі күннен соң коронавирус табылған. Кейін жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Басқарма марқұмның бұған дейін қатерлі ісікке шалдыққанын хабарлады.

Ал Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, осы аймақта қайтыс болған адам - Павлодар облысының тұрғыны. 61 жастағы ер адам жүк көлігін жүргізген. 20 наурыз-16 сәуір аралығында Ресей, Беларусь, Польша, Чехия және Қырғызстанда болған. Қазақстан шекарасын кесіп өткенде коронавирус табылған. 19 сәуірде ауруханаға түскен. Басқарма марқұмның жүрек ауруына, бронхитке шалдыққанын айтады.

Осылайша, елде ресми дерек бойынша, COVID-19 дертінен 29 адам көз жұмды. Олар мына аймақта:

  • Алматы қаласы – 8
  • Шымкент қаласы – 5
  • Ақмола облысы – 4
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 3
  • Қарағанды облысы – 3
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1
  • Жамбыл облысы – 1
  • Қостанай облысы – 1
  • Маңғыстау облысы – 1
  • Павлодар облысы – 1
  • Түркістан облысы – 1
Қазір Қазақстанда барлығы 4028 адамнан (дүйсенбіде 129) вирус табылды. 1173 адам (дүйсенбіде 89 адам) дерттен айықты.

Қазақстанның бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова елде коронавирус тарауы тұрақталып келе жатқанын, кейінгі екі аптада инфекция тарауы 7 пайыздан төмен екенін айтты.

Есмағамбетованың сөзінше, наурызда дертке шалдыққандармен байланыста болғандардан және шетелден келгендерден вирус табылса, сәуірде 1862 адамнан ( 52%) вирус профилактикалы тест алу кезінде анықталған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 13 наурыз – 4 мамыр арасында 306 861 адамнан анализ алынған.

Министрлік мамырдың соңына дейін 5300 адамға вирус жұғады деп болжайды. Елде коронавирус тарауына байланысты 11 мамырға дейін төтенше жағдай және карантин жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG