Accessibility links

Путинді Кремльден аластағысы келген саха бақсысының ізбасары Мәскеуге аттанды


Александр Алексеенко
Александр Алексеенко

Ресейдің Иркутск облысының құқық қорғау органдары Мәскеуге жаяу барып, "халықты оятпақ болған" Александр Алексеенконы екі рет тоқтатқан. Александр Алексеенко былтыр Мәскеуге аттанып, Кремьлден Путинді аластамағысы келген саха бақсысы Александр Габышевтің жолын қуушылардың бірі.

Алексеенконың Сибирь.Реалии сайтына айтуына қарағанда, полиция әуелі "жол ережесін бұзды" деген хаттама толтырған, Алексеенко тротуармен емес, арбасын сүйретіп жол жағасымен жүрген. Арада бірнеше минут өткен соң полиция қызметкерлері зейнеткерді тағы да тоқтатып, коронавирусқа байланысты енгізілген "өзін өзі оқшаулау режимін" бұзды деген хаттама толтырған.

Алексеенконың мүддесін қорғауға келіскен адвокат Алексей Григоровтың айтуынша, хаттама толтырған полиция процессуалдық қателіктерге жол берген және Алексеенконы алып кеткенде жеке заттарын қараусыз қалдырған. "Олар Алексеенконы ұстаған жерде арбасын тастап кеткен, егер заттары жоғалып кетсе, ешкім жауап бермес еді" дейді Алексей Григоров.

Адвокаттың сөзінше, "Пандемияға байланысты шығарылған заң жүруге, бір елдімекеннен екінші елдімекенге баруға тікелей тыйым салмайды. Алексеенко ешқандай да тәртіп бұзбаған". Полициядан шыққан зейнеткер Мәскеуге қайта аттанған.

Ресейдің Фурманов қаласында тұратын Александр Алексеенко Мәскеуге жорығын 16 наурызда Иркутск облысы мен Бурятия шекарасынан бастаған. Былтыр Мәскеуге жорыққа шыққан саха бақсысы Александр Габышевты осы жерде ұстаған еді. Бірақ Александр Алексеенконың мақсаты Путинді Кремльден аластау емес, "халықты ояту".

Саха бақсысы Александр Габышев 2019 жылы наурыз айында Путинді Кремльден аластау үшін Мәскеуге жорыққа аттанған еді. Арба сүйреген бақсыны жолай қолдаушылар мен көмектесушілер көп болған. Бурятия мен Иркутск облысының шекарасына жеткенде құқық қорғау органдары ұстаған, ақырында психоневрологиялық ауруханаға жатқызған және "экстеремизмге шақырғаны үшін" үстінен қылмыстық іс қозғаған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG