Accessibility links

Целиноград ауданының жедел жәрдем қызметкерлері үстеме ақы алмағандарына наразы


Ақмола облысы Целиноград ауданының жедел жәрдем қызметкерлері Бекзат Алтынбек пен Шухрад Ахмедов (солдан оңға қарай). 5 мамыр 2020 жыл.
Ақмола облысы Целиноград ауданының жедел жәрдем қызметкерлері Бекзат Алтынбек пен Шухрад Ахмедов (солдан оңға қарай). 5 мамыр 2020 жыл.

Ақмола облысының Целиноград ауданы жедел жәрдем қызметкерлері COVID-19 жұқтырған науқастармен жұмыс істесе де мемлекет тағайындаған үстеме ақы берілмегеніне наразы. Олар коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталған соң үстеме ақыны мүлде ала алмаймыз ба деп уайымдайды.

Жедел жәрдем стансасында 10 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан фельдшер Бекзат Алтынбектің айтуынша, басшылар үстеме ақы сәуірдің 10-ына толық төленетініне уәде бергенімен, ай біткенде тек бұрынғы жалақыларын ғана алған. Ол аудандағы жүзден астам жедел жәрдем қызметкерлері атынан келіп тұрғанын айтты.

- Әке-шешем мүмкіндігі шектеулі адамдар. Балаларымды Мақтаралға апарып тастап едім, ол жақты су алып жатыр. Отбасымды көрмегеніме екі ай болды. Коронавируспен ауырғандармен 60 сағат қарым-қатынаста болдым. Оларды Көкшетауға, Степногорскіге тасыдым,- дейді ол.

Оның сөзін жедел жәрдем дәрігері Шухрад Ахмедов растап «шыдамның шегі болмай ма» деп кейіді.

Жедел жәрдем дәргерлерінің үстеме ақысыз қалуы себебін Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Әсел Қалдыбаева «министрдің бұйрығын дұрыс түсінбегендерімен» байланыстырды.

- Бастапқыда олардың коронавирус жұқтырғандармен қанша сағат жұмыс істегені бойынша есептедік. Кейін министрлік ауысыммен, тәулікпен есептеңдер деді. Біз қайта есептедік. Бірақ бұл 425 мың теңге алады деген сөз емес. 36 мыңнан 330 мың теңгеге дейін алады,- деді ол.

30 наурызда Қазақстан үкіметі коронавируспен ауырғандармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне қосымша үстеме ақы тағайындаған. Президент жарлығында үш санатқа бөлінген медицина қызметкерлеріне 212 мыңнан 850 мыңға дейін үстеме ақы төленетіні айтылған.

Кейін Қазақстанның әр аймағында дәрігерлер «бұл қаржының кейбір санаттағы медицина қызметкерлеріне ғана беріліп жатқанына» наразы болып, үстеме ақыны науқастармен күнделікті жұмыс істеп жүргендердің бәріне төлеуді талап еткен.

Бұған дейін Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Ақтау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері де осындай талап қойған.

Денсаулық сақтау министрлігінің 5 мамыр 17.30-дағы мәліметіне қарағанда коронавирус жұқтырғандар Қазақстанда 4179 адамға жеткен, оның 1264-і жазылып, 29-ы қайтыс болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG