Accessibility links

Целиноград ауданы жедел жәрдем қызметкерлері үстемақыны тағы талап етті


Дәрігерлер биліктен үстемақыны алаламай беруді сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:32 0:00

6 мамырда Ақмола облысындағы Целиноград ауданына қарасты Қосшы ауылындағы облыстық жедел жәрдем стансасының отыз шақты фельдшері мен жүргізушісі жұмысқа шығудан бас тартып, мемлекеттен коронавирус індеті кезінде үстемақыны бәріне бірдей беруді талап етті.

Жүргізуші Досбол Далабеков наурыз айында жалақысынан бөлек банк картасына 11 мың теңге түскенін айтып, "бұл не ақша, егер коронавирус үшін берілген ақша болса, бермегені дұрыс" деді.

Оның сөзін қоштаған фельдшерлер биліктен не себепті Нұр-Сұлтан қаласындағы жедел жәрдемнің коронивируспен жұмыс істеген тобына мемлекет бөлген үстемақыны толық көлемде алғанын, өздерінің қалыс қалғанын түсіндіруді талап етті. Мекеменің аға фельдшері Айгүл Бетенбаева ауыл фельдшерлерінің үстемақыны қалай алатынын шешіп отырған комиссия өкілдерінің араларына келіп бірге жұмыс істеуін сұрады. Айтуынша, үстемақыны есептеуге келгенде жергілікті билік өздерін короновирусты тасыған сағатын ғана санап, ал оған бармаған фельдшерлер мен жүргізушілерді тізімнен шығарып тастаған.

Наразы фельдшерлер "Бізді коронавируспен ауырғандармен қатынаста болмады дегенмен біз оларды күнде тасымалдаған әріптестерімізбен бірге кезекшілікте жүрміз. Қалай бізді байланыста болған жоқ деп тізімге енгізбейді? Бұл әділетсіздік. Біреуге 146 теңге ғана берген. Бұл не мазақ?" деді.

Жедел жәрдем қызметкерлерімен Ақмола облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Александр Высоцкий мен Целиноград ауданы әкімдігі қызметкерлері кездесті.

Целиноград ауданы әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова фельдшерлерге "жұмысқа келгенде қандай жалақы алатынын білдіңіздер" деп сөгіп, тағы қосымша бірнеше жұмыс істеуге шақырды.

- Ақмола облысының бірде-бір жедел жәрдемі бұл сұрақты қойып отырған жоқ. Медицина қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, тұрақты жалақы алады және ол – облыстағы ең төменгі жалақы емес. Тек Целиноград ауданының фельдшерлері үстемақы мәселесін көтеріп жатыр. Біз адамдарды тәрбиелеуіміз керек. Біз қазір балаларға қандай үлгі береміз? Сіздер алғы шепте тұрдыңыздар. Блокпостарда полицейлер әкімдік өкілдерімен бірге алғы шепте тұр. Не полицейлер, не әкімдік өкілдері қосымша ақы сұрамайды. Қалай жалақысын алып келді, солай алып жүр, - деді Алма Айтқожинова.

Үстемақы дауы сағат кешкі беске дейін созылып, бір шешімге келе алмаған жедел жәрдем қызметкерлері біртіндеп сыртқа шығып кетті. Олар жұмыстарын жалғастыратындарын, бірақ мәселені шешілмесе ұжым болып жұмыстан кетуге мәжбүр екенін жеткізді.

5 мамырда да Ақмола облысы Целиноград ауданының жедел жәрдем қызметкерлері биліктен қосымша үстемақы талап еткен еді. 6 мамырда оларға құқық қорғау органдары ескерту жасаған.

Бұл – жедел жәрдем қызметкерлерінің бірінші наразылығы емес. Бұған дейін Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Ақтау қаласы жедел жәрдем қызметкерлері де наразылық білдіріп, биліктен пандемия кезінде қосымша үстемақы талап еткен.

30 наурызда Қазақстан билігі коронавируспен күресуге атсалысқан дәрігерлер жалақысына қызметінің қауіптілігіне қарай 212 мың - 850 мың теңге аралығында үстемақы қосылатынын жариялаған.

Кейін Қазақстанның әр аймағында дәрігерлер "бұл қаржының кейбір санаттағы медицина қызметкерлеріне ғана беріліп жатқанына" наразы болып, үстеме ақыны науқастармен күнделікті жұмыс істеп жүргендердің бәріне төлеуді талап еткен.

Билік үстемақы тек коронавирус жұқтырғандармен тікелей байланыста болғандарға ғана берілетініні алға тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG