Accessibility links

Өзбекстанда су тасқынынан зардап шеккендерге 50 көпқабатты үй салады


Сырдария облысында су басқан үйлердің бірі. Өзбекстан, мамыр айы, 2020 жыл.
Сырдария облысында су басқан үйлердің бірі. Өзбекстан, мамыр айы, 2020 жыл.

Өзбекстан билігі Сардоба су қоймасының жарылуынан зардап шеккендерге 50 көпқабатты тұрғын үй салып беретінін айтты. Президент Шавкат Мирзияев арнайы жарлыққа қол қойды. Сырдария облыстық әкімдігінің мәліметіне сүйенген Gazeta.uz сайтының жазуынша, 50 көпқабатты үй 2020-2021 жылдары Сардоба, Ақалтын және Мирзабад аудандарынан салынбақ.

Жергілікті билік су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың тізімін жасап, оларға көпқабатты тұрғын үй кешендерінен ақысыз пәтер бермек.

Премьер-министр Абдулла Арипов жетекшілік жасайтын су тасқынның салдарын жою жөніндегі үкімет комиссиясы зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетуге және тасқын зардабын жоюға Сырдария облысының бюджетіне 100 млрд сом ақша бөледі. Қажет болған жағдайда қаражат көлемі ұлғаяды деп айтылады.

Су шаруашылығы және құрылыс министрлігі Сардоба су қоймасын қалпына келтіру жоспарын жасауы тиіс.

1 мамырда Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы ауылдарды су шайып кеткен. 1 мамыр түнде Сардобаның суы Қазақстанның оңтүстігіндегі, қазақ-өзбек шекарасында орналасқан Абай каналына жетіп, Мақтарал ауданындағы бірнеше ауылды су алған. Осыдан соң Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды.

Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, Мақтарал ауданында 14 ауылдың 31 мыңнан астам тұрғыны эвакуацияланған. 845 үй, 3 мектеп, 5 балабақша, 4 медицина ғимараты мен мәдениет үйі және 54,7 км көпір мен жолды су алған. Бұдан бөлек, 7639 гектар егістік су астында қалған. Жүздеген мал өлген.

Оқиғаға байланысты құрылған қазақстандық үкімет комиссиясы 6 мамырда судан зардап шеккен тұрғындарға әрқайсысына 100 мың теңге (шамамен 240 доллар) көлемінде көмек берілетінін айтты. Комиссия өкілдері сонымен бірге үйі жарамсыз қалған отбасыларға бірнеше ұсыныс жасады: биліктің көмегімен басқа жаққа көшу немесе ауылда қалып, үйлерін жөндеткізу немесе биліктің көмегімен өз бетінше жөндету. Билік өкілдері су шайған егістік пен мал шығынын да өтеуге уәде берген.

Бұған дейін Өзбекстан Қазақстаннан кешірім сұраған, ал Қазақстан наразылық нотасын жіберу райынан қайтқан.

Оқи отырыңыз: Топан су, бас сауғалаған жұрт һәм шіріген мал. Мақтааралда не болды?

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG