Accessibility links

Мақтарал ауданында елді мекендерді су алып, төтенше жағдай жарияланды


Жаңа тұрмыс ауылы. 2 мамыр 2020 жыл.
Жаңа тұрмыс ауылы. 2 мамыр 2020 жыл.

2 мамырға қараған түні Өзбекстанның Сырдария облысында жарылған Сардоба су қоймасының суы Түркістан облысы аумағына өтіп, бірнеше ауылды су алды. Билік "бес мыңнан астам адам қауіпсіз жаққа эвакуацияланды" деп хабарлады. Жұма күні тұрғындардың кейбірі Өзбекстандағы жағдайды естіп, өз бетімен кете бастаған.

Су алу қаупіне байланысты 2 мамырға қараған түні Мақтарал ауданында төтенше жағдай жарияланды. Сенбінің таңындағы ақпараттарға қарағанда, аудандағы Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Нұрлы жол ауылдарын су алып, шамамен 5 мыңнан астам тұрғын басқа жаққа көшірілген.

Таңертең аудандағы Фирдоуси ауылының тұрғындары Азаттыққа хабарласып, ауылдарын су алып жатқанын, тұрғындардың түн ішінде басқа жаққа қашып шыққанын хабарлады.

Фирдоуси тұрғындарының Азаттыққа жіберген видеосында жол жағасында әртүрлі көліктер тұрғаны, әйелдер мен балалардың трактор тіркемесінде отырғаны көрінеді. Тағы бір видеода ауыл маңын су алып жатқаны байқалады.

Төтенше оқиғаға байланысты облыста штаб құрылған. Ресми ақпарат бойынша, адам шығыны жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі деп мәлімдеді.

АУЫЛДАРДЫ ҚАЛАЙ СУ АЛДЫ?

Өзбекстан шекарасына жақын елді мекеннің кейбір тұрғындары төтенше жағдай жарияланбай тұрып, 1 мамырда түстен кейін ауылдардан өз бетімен кете бастаған.

"Кешкісін әкімдік су алу қаупі барын растап, дабыл қақты. Су тез келді. Мен екі азаматты судан шығарып алдым. Олар екеуі де төтенше жағдай маманы. Олар ауыл тұрғындарына хабарлап жүріп, суда қалғанын өздері де білмей қалған сияқты. Кейінірек оларды қайықпен құтқарып алды" дейді жергілікті блогер Олжас Мамыр.

Блогердің айтуынша, Өзбекстан аумағынан канал арқылы ағып келген өзбек азаматы да құтқарылған. Ол өлген жылқыға жармасып, тірі қалған.

Өлген жылқыны жармасып ағып келген өзбек азаматы. Сурет блогер Олжас Мамырдың Facebook парақшасынан алынған. 2 мамыр 2020 жыл.
Өлген жылқыны жармасып ағып келген өзбек азаматы. Сурет блогер Олжас Мамырдың Facebook парақшасынан алынған. 2 мамыр 2020 жыл.

Түнде әлеуметтік желіде Мақтарал және Жетісай ауданындағы жанар жағармай бекеттерінде кезекте тұрғандар туралы видеолар тарады. Тағы бір видеода Жеңіс ауылының шетіне су келгені айтылады.

Мақтарал ауданы әкімдігінің Facebook парақшасына аудан тұрғындары "түн ортасында қорқып отырғанын" жазды.

Бастапқыда эвакуацияланған тұрғындар көрші Мырзакент ауылындағы мектепке жайғастырылған. Алайда, 2 мамырда таңғы сағат бес-алты шамасында Мырзакентті де су алу қаупі төнген.

Эвакуацияланған тұрғындар Атакент ауылына орналасқан.

Атакент ауылындағы мектепке орналастырылған тұрғындар. Мақтарал ауданы, Түркістан облысы. 2 мамыр 2020 жыл.
Атакент ауылындағы мектепке орналастырылған тұрғындар. Мақтарал ауданы, Түркістан облысы. 2 мамыр 2020 жыл.

"Жеңіс, Жаңа тұрмыс, Сардоба және Нұрлы жолдан барлығы 5500 тұрғын эвакуацияланды. Қазір су алу қаупі төнген қалған елді мекендерді қорғау шаралары жүріп жатыр" деді 2 мамырда таңертең Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев.

Ол Өзбекстан тарабымен ақпарат алмасып отырғанын да айтты.

Оқиға орнында әкімдік қызметкерлері, төтенше жағдай мамандары және әскери қызметкерлер жұмыс істеп жатыр.

1 мамыр күні Өзбекстанның Сырдария облысында Сардоба су қоймасы жарылып, айналасындағы елді мекендерді су алған. Төтенше жағдай министрлігі, ұлттық гвардия сарбаздары тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіре бастаған. Оқиға орнына президент Шавкат Мирзияев келген.

Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы 2017 жылы салынған. Сыйымдылығы – 922 млн текше метр. Су қоймасының биіктігі – 28,8 метр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG