Accessibility links

Шымкентте жиырмаға жуық адам карантинді алып тастауды талап етті


Шымкентте карантинді тоқтатуды талап етіп тұрған топ. 13 мамыр 2020 жыл.
Шымкентте карантинді тоқтатуды талап етіп тұрған топ. 13 мамыр 2020 жыл.

13 мамырда Шымкентте жиырмаға жуық адам қала орталығындағы Ордабасы алаңына жиналып, коронавирусқа байланысты енгізілген карантинді алып тастауды талап етті. Жиналғандардың арасында белсенділер, кәсіпкерлер болды.

Екі айдан бері дәмханасының жұмыс істемей тұрғанын айтқан кәсіпкер Гүлнәр Момынова "қиын кезеңде мемлекет тарапынан бизнеске қолдау жоқтығына" шағымданды. "20 жыл салық төлеп, үкіметтен 1 тиын көмек алмадым" дейді ол.

- Жеке кәсіпкер ретінде зардап шегіп отырмын. Күнделікті табысымнан айырылдым. Жұмыссыз отырғаныма екі ай болды. 42 500 теңгені бізге беріп те жатқан жоқ. Өтініш тапсырдым, бірақ белгісіз себеппен алған жоқпын. Менің дәмханам бар. "Вирус таратасыңдар" деп оны ашуға рұқсат бермей жатыр. Енді 25 мамырға дейін созды. Әрі қарай да созуы мүмкін. Қарамағымда істейтін 5 адам бар. Өзімді есептегенде 6 адамның отбасы аш отыр. Тоқаев мырза, жеке кәсіпкерлердің ашу-ызасын тыңдаңыз. Карантин алынсын, - деді Гүлнар Момынова.

Карантинге қарсы наразылық. Шымкент, 13 мамыр 2020 жыл.
Карантинге қарсы наразылық. Шымкент, 13 мамыр 2020 жыл.

"Карантин алынсын" деген жазуы бар плакат ұстаған тұрғындар шағын акция кезінде "карантин жабылсын" деп айқайлады. Тұрғындардың бірі қашықтан оқудың қиындығын айтса, бірі өнімін өткізе алмай отырған дихандардың күрделі жағдайын, дәрігерлерге үстемақы берілмей отырғанын айтты.

- Дәрігерлердің қалай шырылдап жүргенін көріп жүрміз. Кеше ғана Шымкентте медқызметкерлер көтерілді. Полиция жігіттерге де коронавирус жұғып жатыр. Үстемақысын төлесін. Жүйенің әлсіздігін көріп отырмыз. Халыққа дер кезінде көмектесе алмады. Мысалы, өзімді айтайын. Өзім үшінші топ мүгедегімін. Бірақ 42 500 теңге алған жоқпын. Билік 1, 2, 3 топ мүгедектеріне 50 мың теңгеден жәрдемақы беріледі деп айтты. Оны да алған жоқпын. Коммуналдық төлемді өтеу үшін 15 мың беріледі деген еді. Оны да алған жоқпын, - дейді акцияға қатысқан ер адамдардың бірі.

Оқиға орнында он шақты полиция қызметкері, жедел жәрдем қызметі өкілдері жүрді. Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Қалдықараев келіп, тұрғындарға акцияның заңсыз екенін ескертіп, оларды таратуға тырысты.

Пікір-шағымын айтқан тұрғындар шамамен бір сағаттан соң үйлеріне тарады.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты 16 наурызда төтенше жағдай жарияланып, 11 мамырда аяқталған болатын. Бірақ елде карантин сақталып қалды. Ел үкіметі төтенше жағдай кезеңінде табысынан айырылғандарға 42500 теңге (101 АҚШ доллары) көлемінде жәрдемақы тағайындаған. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жәрдемақыны 4 миллионға жуық азамат алған. Төтенше жағдай аяқталған күні жәрдемақыға өтініш қабылдау тоқтатылды, бұдан былай жәрдемақының берілмейтіні айтылды.

Бұған дейін кейбір тұрғындар жәрдемақы алудың қиындығына, оның көлемінің аздығына шағымданған.

Оқи отырыңыз: "Табыссыз қалдық". Пандемия кедейлерді көбейтті

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG