Accessibility links

"Табыссыз қалдық". Пандемия кедейлерді көбейтті


Алматы облысы аумағында тұратын адамдар коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі аяқталатын күні Алматыға кіреберістегі блокпоста тұр. 11 мамыр 2020 жыл.
Алматы облысы аумағында тұратын адамдар коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі аяқталатын күні Алматыға кіреберістегі блокпоста тұр. 11 мамыр 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай екі айға жуық уақыттың ішінде миллиондаған адамның әлеуметтік жағдайын әлсіретті: кейбірінің кәсібі тоқтап, көбі жұмыссыз қалды. Сарапшылар елде айлығы шайлығынан аспайтындар бұрын да көп болса, енді еселеп ұлғайғанын айтады.

"ШЫДАЙ ТҰР ДЕДІМ"

45 жастағы Гүлнар Тілеева екі баласымен Қазақстан астанасының шетінде пәтер жалдап тұрады. Төрт перзентінің тұңғышы тұрмыста, одан кейінгі қызы Алматыда оқиды. Дағдарысқа дейін де қалт-құлт етіп жан бағып келген отбасының жағдайы жалғыз асыраушы жұмыссыз қалған соң тіптен нашарлаған.

Қаражар ауылының тұрғындары билік өкілдерінен өздерін Нұр-Сұлтанға кіргізуді талап етіп, астанаға кіреберіс жолды жауып тұр. Ақмола облысы, Целиноград ауданы, 11 мамыр 2020 жыл.
Қаражар ауылының тұрғындары билік өкілдерінен өздерін Нұр-Сұлтанға кіргізуді талап етіп, астанаға кіреберіс жолды жауып тұр. Ақмола облысы, Целиноград ауданы, 11 мамыр 2020 жыл.

Ұзақ жыл тігінші болып істеп, кейде аспаз ретінде жалданып ақша тапқан Гүлнәр коронавирус пандемиясына байланысты карантин енгізілген наурыздың 19-ынан бері үйінде жұмыссыз отыр.

- Карантинге дейін перде тігетін ательеде тігінші болып істедім. Ол жер жабылып қалды. Табыс жоқ. Иесі қолда бардың бәрін арзанға сатып, басқа қалаға көшіп кетті, - дейді ол.

Гүлнәр сонда тапқан ақшасына 7 және 5-сыныпта оқитын екі баласын асырап, пәтер ақысын төлеп, Алматыдағы қызына ақша жіберіп келгенін айтады. Қазір шаңырақ бір ай бұрын қайырымдылық қорына медициналық маска тігіп бергенде келген табысқа күн көріп отыр. Ал қашықтағы қызының оқуына қарыз болып қалған.

- Қызым Алматыдағы жекеменшік университетте программист мамандығында оқиды. 1-курсты бітіргелі отыр. Оқу ақысы 400 мың теңгедей (шамамен 943 доллар - ред.). Жыл соңына дейін төлеу керек еді. Оқуға түскенде төлей алатыныма сенімді болдым. Денсаулығым жарамаса да, үйге тапсырыс алып істеп жүрдім. Енді жұмысымнан айырылып, қиын жағдайға тап болдым. Қызым жағдайымды көріп, "оқудан шығайын" дейді. Мен көнбей, "шыдай тұр, оқып ал" деп отырмын. "Карантин біткен соң ректорыңа барып, сөйлесемін" дедім. Қалай шешерімді білмеймін, - деп қынжылады әйел.

Өзі сияқты кіріссіз қалған өзге адамдар сияқты Гүлнәр да карантин кезінде табысынан айырылған азамат ретінде үкімет тағайындаған 42500 теңге көмекке өтініш тапсырған. Бірақ жәрдемақы алмапты.

- Әкімдік "атыңда жер бар" дейді. Бұрын болған. Үйіміз өртеніп кеткен соң ол жерді сатып жібергенбіз. 21500 теңге көлеміндегі атаулы әлеуметтік көмекке де ілінбеп едім. Ешбір табысым болмаса да, 42500 теңге көмекті де берген жоқ, - дейді.

Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталғанын президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамырдың 11-і күні жариялады. Алайда індет толығымен жойылып кетпегенін айтып, "карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады" деп ескертті.

"ЖЕҢІЛДІК СҰРАҒАНДАР ӨТЕ КӨП"

Қазақстанда Гүлнәр сияқты баласының оқуын төлей алмай отырған нақты қанша отбасы бары белгісіз.

Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, елдегі 131 жоғары оқу орнында 646 мыңнан аса студент оқиды. Оның қаншасы ақылы бөлімде оқып жатқанынан министрлік хабарсыз. Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов елдегі барлық студенттің жартысына жуығы - 300 мыңнан астамы ақылы бөлімде білім алады деген дерек келтіреді.

Жоғарғы оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.
Жоғарғы оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.

Алшановтың сөзінше, Қазақстанда төтенше жағдай жарияланған наурыздың 16-сына дейін студенттер оқу ақысын тұрақты түрде төлеп тұрған.

- Сәуірде төлем азайып, оқу қаржысының 15-20 пайызы ғана өтелді. Кейін одан әрі төмендеп, ақыры мүлде төлемей қойды. Айтатыны - "ата-анамның жұмысы тоқтап қалды", - дейді Алшанов.

Қауымдастық төрағасы жоғары оқу орындары "студенттерге мүмкіндігінше жеңілдік жасап жатыр" деп сендіреді.

Азаттық тілшісі Қазақстандағы бірнеше университеттің қызметкерімен сөйлесті. Алматыдағы жекеменшік жоғары оқу орнында істейтін азамат төлем мерзімін шегеруді сұрағандар "өте көп екенін, студенттер оқуда қалуы үшін әкімшілік кейін төлеуге мүмкіндік беріп жатқанын" айтады. Кейбір университет студенттерді мамырдың соңына дейін төлеуге міндеттеген. Енді бір оқу орнының қызметкері алғашқыда деканат "мамырдың 11-іне болатын емтиханға кіру үшін оқу ақысын толық төлеуге міндеттегенін" айтады. Бірақ әкімшілік кейіннен талапты өзгерткен. Оқытушының сөзінше, студенттер емтиханға кіре алуы үшін "оқу ақысын төтенше жағдай аяқталғанда төлеймін" деген қолхат жаздырып алып жатыр.

Көшеде маска тағып жүрген қыз. Алматы, 9 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Көшеде маска тағып жүрген қыз. Алматы, 9 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Алшанов "университет студенттерге жеңілдік жасағанымен өздері мәселеге тап болады" дейді.

- "Оқытушыларды жұмыстан шығармасын, студенттерді де оқуда қалдырсын" дейді. Ал оқу орындары мұғалімдерге жалақыны қайдан төлемек? Қазір Қазақстан бойынша оқу орындарындағы қаржы қорының 80-90 пайызы студенттер төлемінен жиналады. Мұғалімдерге жалақы төлеуіміз керек. Университеттерге келетін ақшаның 80 пайызы мұғалімдер жалақысына жұмсалады, - дейді қауымдастық президенті.

Оның сөзінше, мемлекеттік гранттың басым бөлігін алатын оқу орындарында қазір бюджет жеткілікті. Ал облыстағы университеттер студенттер төлеміне мұқтаж.

- Өңірлердегі университеттерде ақылы бөлімде оқитындар басым. Облыстардағы мемлекеттік оқу орындарында грантпен оқитын студенттер үлесі – 10-20 пайыз шамасында. Жалақыны "кейін төлейміз" дегенге кей қызметкер шыдайды, кейбірі келіспей жатады. Бірақ олар кеткенде қайда барады?.. Барлық жерде жұмыс орны қысқарып жатыр, - дейді ол.

Сервердегі ақау

Oops, as you can see, this is not what we wanted to show you!

This URL has been sent to our support web team to look into it immediately. Our apologies.

Please use Search above to see if you can find it elsewhere

Қауымдастық жетекшісі "қазір оқу аяқталып қалғанын, қыркүйекте сабақ қайта басталғанда да студенттер төлей алмай қалуы мүмкін екенін" ескеріп, сәуірде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, парламент пен Алматы әкімдігіне хат жазған.

- Мемлекет жоғары оқу орындарына көмектесуі керек. "Университеттер мұғалімдерге жалақы төлеуі үшін пайызсыз кредит берсін не салықтан босатсын" деген хат жаздық, - дейді Алшанов.

Әзірге ешбірі хатқа жауап бермеген.

Азаттық Білім және ғылым министрлігіне "Ведомствода оқу ақысын төлеуге қиналған студенттер мәселесі қаралды ма?" деп сауал жолдаған еді. Ресми жауапта министрліктің "студенттер мүддесін қорғау мақсатында университет ректорларымен жиналыс өткізгені" айтылады. "Оқу орындары басшыларына карантин кезеңінде оқу ақысын төлеуге қиналған студенттерге бөліп төлеуге жағдай жасау не төлеу мерзімін шегеру мәселесін қарастыру тапсырылды" дейді ведомство.

Бірақ министрлік "тапсырмасын" орындау-орындамауды әр университет өзі шешеді.

"Қазақстандағы жоғары оқу орындарына 2018 жылдан бастап басқарушылық және қаржылық дербестік берілген. Студенттердің [оқу ақысын шегеру жайлы] өтінішін университет басшылығының өзі қарастырып, шешім қабылдайды" деп жазады министрлік.

"КРЕДИТ АЛУ КӨБЕЙЕДІ"

Гүлнәрдың қызы қазір Алматыдағы құрбысының үйінде тұрып жатыр. Шешесі жұмыс істеп жүргенде азық-түлікке деп ақша салып тұратын. Карантин кезінде ол да тыйылды. Қызы карантинге дейін сабақ арасында кондитерлік цехта жұмыс істеп, жүріп-тұруына ақшаны өзі тапқан. Бірақ оның жұмысы да карантинге байланысты тоқтап тұр.

Үш баланы жалғыз асырап отырған әйелдің уақыт өткен сайын уайымы да күшейіп келеді.

- Карантин аяқталған соң бірден ақша тауып кетем дегенге де кепілдік жоқ. Мысалы, ательенің өзіне қазір клиент келмейді. Елде ақша жоқ қой, - дейді Гүлнар.

Коронавирус карантині кезінде Алматының шетінде сиыр жетектеп, бала ертіп келе жатқан әйел. 14 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Коронавирус карантині кезінде Алматының шетінде сиыр жетектеп, бала ертіп келе жатқан әйел. 14 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Тұңғыш президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы, әлеуметтанушы Айман Жүсіпова дағдарыс білім беру саласына қалай әсер етерін былай болжайды:

- Шағын және орта бизнес шығынға батып, өте көп адам жұмыссыз қалды. Бұл студенттердің білім алу мүмкіндігіне әсер етеді. Бірақ қанша адамның жоғары білімсіз қаларын айта алмаймын. Себебі қазақстандықтар білім алуды өмірдегі ең маңызды нәрсенің бірі санайды. Ата-аналар тірнектеп ақша жиса да, кредит алса да балаларының оқуын төлейді. Сондықтан, менің ойымша, кредит алатындар көбейе түседі. Халықтың кредит алуы жиілейді.

Жалақысы аз болғаны соншалық – айлығынан ертеңге деп алып қоятындай ақша артылмайды.

Азаттық Жүсіповадан "Карантин кезіндегі шығынын өтейтіндей азаматтардың жеткілікті ақша қоры бар ма?" деп сұрады. Әлеуметтік сауалнамаға сілтеген маман қазақстандықтардың 15 пайызында ғана жинап қойған қаржысы барын, мұның аз екенін айтады.

- Бұл жақсы емес. Бізде халықтың басым бөлігі табысын күнделікті шығынға жұмсайды. Жалақысы аз болғаны соншалық – айлығынан ертеңге деп алып қоятындай ақша артылмайды, - дейді сарапшы.

Әлеуметтанушының сөзінше, карантин зардабын тартқандар көлемін үкімет көмегін алуға өтініш бергендер санына қарап топшылауға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, үкіметтің табысынан айырылғандарға тағайындаған 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алуға 8 миллион 32 мың адам өтініш беріп, 4,5 млн адам ғана көмек алған. Билік әуелде "42500 теңгені заңсыз алғандар бар, олар ақшаны қайтармаса жазаланады" деп мәлімдегенімен, кейін бұл сөзінен бас тартты.

Наурыздың 19-ынан елде ірі қалалар карантинге жабыла бастағанда экономистер "Қазақстанда жұмыссыздар күрт көбейеді" деп болжаған.

Билік өкілдері COVID-19 індетіне байланысты карантинге жабылған қаладан кетіп жатқан азаматтардың құжатын тексеріп тұр. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.
Билік өкілдері COVID-19 індетіне байланысты карантинге жабылған қаладан кетіп жатқан азаматтардың құжатын тексеріп тұр. Алматы, 19 наурыз 2020 жыл.

Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) мұның барлық елге ортақ мәселе екенін айтады. Сәуірдің 29-ы күні жарияланған "COVID-19 және еңбек әлемі" есебіндегі болжамға сәйкес, 2020 жылдың екінші жартысында коронавирус тудырған дағдарыс кесірінен әлемде 305 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Еңбек ұйымы "барлық өңірде ахуал нашарлап бара жатқанымен, жұмыссыздық деңгейі АҚШ, Еуропа мен Орталық Азия елдерінде қатты өседі" деп жазады. ХЕҰ дерегінше, дағдарыстың алғашқы айында Еуропа мен Орталық Азияда бейресми жұмыс істейтін азаматтар табысы 70 пайызға азайған. Еңбек ұйымы "мұндай жұмысшылар арасындағы кедейлік деңгейі пандемияға дейін 34 пайыз еді. Енді бұл көрсеткіш 80 пайызға жетуі мүмкін" деп болжайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG