Accessibility links

"Вирус пен девальвация соққысы". Қазақстан төтенше жағдайға дайын болды ма?


Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай енгізілген күні Алматыдағы тиін ескерткішінің жанында тұрған маска таққан қыз. 16 наурыз 2020 жыл.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай енгізілген күні Алматыдағы тиін ескерткішінің жанында тұрған маска таққан қыз. 16 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан коронавирустан сақтануды күшейтіп, елде төтенше жағдай жариялады. Вирус қысқан шақта мұнай арзандап, теңге құнсызданды. Жеке кәсіп иелері жұмысшыларын ақысыз еңбек демалысына жібере бастады. Төтенше жағдайдан соң ақысыз еңбек демалысына шыққан тұрғын ертеңгі күніне алаңдайды. Ал сарапшылар коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай мен теңге девальвациясын Қазақстан экономикасына "қатар тиген екі соққыға" теңейді.

"ЖАҒДАЙ ҚИЫН БОЛАТЫН СИЯҚТЫ..."

Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылының тұрғыны Ерлан Базарбаевты (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді – ред.) жұмыс орны осы қиын шақта ақысыз демалысқа жіберген. Азық-түлік алуға ақша таппай қалған ол наурыздың 18-і таңертең көршісінен қарыз сұрауға мәжбүр болды.

- Коронавирус келуі мүмкін деген хабар шығып, жаппай азық-түлік сатып ала бастағанда өзге жұрт секілді базар мен дүкенге жүгірмедім. Азық-түлік жеткілікті деген ақпаратқа сендім. Қазір де дүкенде азық-түлік бар екенін көріп отырмын. Бірақ жұмыс орным мені ақысыз демалысқа жіберді. Жиған ақшам да жоқ еді. Оның үстіне Алматыда карантин жарияланған соң сескеніп отырмын, қарызданып азық-түлік алмасам, жағдай қиын болатын сияқты, - дейді ол.

Ерлан Базарбаев наурыздың 19-ынан Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында бір айға жарияланған карантин аяқталған соң да жұмысы қайта қабылдайтынына күмәнданады. Өйткені қызмет көрсету саласындағы жұмысын енді бастаған кәсіпорынның "қайта ашыла қоюы да неғайбыл".

Қоғамдық көлікті дезинфекциялап жүрген жұмысшылар. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.
Қоғамдық көлікті дезинфекциялап жүрген жұмысшылар. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Ерлан Базарбаев жұмысынан қолы қалт еткенде жолаушы тасып, қосымша ақша табатын кәсібі де тоқтағанын айтады. Біріншіден, кез келген жолаушыны мінгізуге сескенеді, өйткені коронавирус жұқтырып алуы мүмкін. Екіншіден, карантин жарияланған Алматы қаласына төңіректегі тұрғындардың кіруіне тыйым салынады.

"Үйде шықпаудан басқа амал жоқ" деген Ерлан мініп жүрген көлігінің кредитін қалай төлейтінін білмей дағдарып отыр.

- Теңге құнсызданғанда уайымдағанымыз рас, оған төтенше жағдай қосылды, - дейді ол.

Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау орындарының біріндегі теңгенің шетел валютасына шаққандағы бағамы көрсетілген электронды тақта. 19 наурыз 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы ақша айырбастау орындарының біріндегі теңгенің шетел валютасына шаққандағы бағамы көрсетілген электронды тақта. 19 наурыз 2020 жыл.

Әлеуметтік желіде Ерлан Базарбаев секілді ақысыз демалысқа кетіп, ендігі күнкөрісі қалай боларын уайымдап отырған адамдардың жиі кездесетіні әртүрлі жазбаларда байқалады.

Үкімет Еңбек кодексіне сілтеп, "өз еркінен тыс жұмыстан уақытша кетуге мәжбүр болған қызметкерге жұмыс беруші ең төменгі жалақы (42500 теңге) мөлшерін төлеуі" тиіс деп мәлімдеді.

"ҚҰНСЫЗДАНҒАН ТЕҢГЕ ЖӘНЕ КОРОНАВИРУС – БИЛІККЕ СЫНАҚ"

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар "билік төтенше жағдайға толық дайын болмады, нәпақасын тауып отырған жұмысшылар да, кәсіпорындар да не істерін білмей қалды" дейді.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев төтенше жағдай кезінде халық биліктің талабын орындау керек деп санайды. Ол елдің төтенше жағдайдан кейінгі ахуалына алаңдайды.

Қазбек Бейсебаев.
Қазбек Бейсебаев.

- Төтенше жағдайға көшіп жатқан ел тек Қазақстан емес. Франция президенті [Эманнуэль] Макрон бизнес мен әлеуметтік топтарға көмекке 45 миллиард еуро берілетінін жариялады. Британия одан да көп қаржы бөліп жатыр. Бизнесті қолдау үшін [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаев 300 миллиард теңге бөлінетінін айтты. Ал ақысыз еңбек демалысына кетуге мәжбүр болған, кәсібі тоқтаған, ақшасы құнсызданған қарапайым адамдарға қандай көмек беріледі? Бұл – үлкен мәселе, - дейді ол.

Қазбек Бейсебаевтың сөзінше, коронавирусқа байланысты төтенше жағдай мен екі қалаға енгізілген карантин Қазақстан билігіне сынақ болмақ.

- Мұнай арзандағанда теңге құнсызданатынын үкімет түгілі қарапайым адамдар да біледі. Экономиканы шикізатқа тәуелді хәлден құтқару, диверсификациялау жөнінде жылдар бойы айтылып келді. Үкімет коронавирусқа қарсы да бірнеше ай дайындалды. Енді сол дайындығы қаншалықты екені көріне бастайды, - дейді сарапшы.

Бұрын Қазақстан қарулы күштерінде жоғары лауазымды қызмет атқарған генерал Әмірбек Тоғысов "президент Қасым-Жомарт Тоқаев та төтенше жағдай жайлы үндеуінде мардымды ештеңе айтпады" деп есептейді.

- Үкімет төтенше жағдай жарияламастан бұрын-ақ түбегейлі шаралар жасап, төтенше жағдайға дайындалуы керек еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуінде елдегі саяси, әлеуметтік және экономикалық жағдай туралы толық айтпады. Карантин Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жарияланғанымен сол қалаға төңіректегі ауылдардан қатынап жұмыс істейтіндер қайтерін білмей отыр, - дейді ол.

Алматыдағы орталық дәріхана алдында медициналық маска алуға кезекте тұрғандар. 18 наурыз 2020 жыл.
Алматыдағы орталық дәріхана алдында медициналық маска алуға кезекте тұрғандар. 18 наурыз 2020 жыл.

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбаев коронавирус, құнсызданған теңге және белгісіздік қоғамның көңіл-күйіне әсер етті деп санайды.

- Халық ресми ақпаратқа күдікпен қарайтындықтан жалған ақпарат пен конспирологияға сеніп қалатыны аңғарылып жатыр. Дағдарыс кезінде биліктің халықпен байланысы қатты білінеді. Бұл осы уақытқа дейін ашық саясат кеңістігінің қалыптаспағанын көрсетеді. Саяси кеңістіктің тұншықтырылуы биліктің беделін түсірді. Сондықтан биліктің сөзі сол призмадан қарастырылады, - дейді ол.

Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова дәл қазіргі жағдай елдегі ажырасу мен суицидке әсер ете ме деп қауіптенеді.

- Мемлекет жұмыспен қамту саясатын белсенді жүргізген болады. Әлеуметтік саясаттың белсенді моделі бар, бірақ нақты жұмыс орындары жоқ болса бәрі зая кетеді. Ал қазіргідей дағдарыс жұмыссыздықты күшейте түседі. Ақшасыз қалған адамдар арасында өзіне қол жұмсау, ажырасу көбейеді, - дейді социолог.

Қазақстан президенті жанынан құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров "төтенше жағдай дер кезінде жарияланды. Мемлекет функциясын атқарып жатыр" деп санайды.

Ерлан Сайыров.
Ерлан Сайыров.

- Мемлекет коронавирусқа байланысты қаржы қиындығына ұшырайтын азаматтарға жәрдемдесуі тиіс. Ақысыз еңбек демалысына жіберу мәселесіне билік назар аударады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бұл туралы біледі. Кем дегенде ең төменгі жалақы деңгейінде жалақы төлеуі тиіс деген ұсыныс айтылған. Мұндай жағдайда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, мораль мәселесі де ұмытылмауы қажет, - дейді ол.

"Қазақстанда төтенше жағдайларға байланысты бірнеше айға жететін азық-түлік қоры бар" деген Сайыров "қазіргі жағдайда экономиканы да төтенше жағдайға көшірген жөн" деп есептейді.

Төтенше жағдай кезінде ақысыз еңбек еңбек демалысына жіберу мәселесі жайлы пікірін билік те ашық айтты.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "қазіргі төтенше жағдай мен карантин кезінде кейбір шағын мекемелер қаражаты болмағандықтан, жұмысшыларға ақысыз демалысқа шығуды ұсынуы мүмкін. Еңбек кодексі бойынша ол екі жақтың келісімімен жасалады, сондықтан оған келісе ме, жоқ па, қызметкердің өз құқығы" деді.

Әлемде тараған коронавирустың салдарынан наурыздың алғашқы аптасында мұнай арзандап кетті, артынша экономикасы мұнайға қарап отырған Қазақстанның ұлттық валютасы - теңге де күрт құнсызданды. Артынша пандемия деп жарияланған Covid-19 коронавирус жұқпалы ауруы Қазақстанға да жетті. Соңғы дерекке сай, Қазақстанда барлығы 37 адам коронавирус жұқтырған.

Көк базар маңында азық-түлік пен тұрмыс заттары тиелген арбаны сүйреп келе жатқан адам. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.
Көк базар маңында азық-түлік пен тұрмыс заттары тиелген арбаны сүйреп келе жатқан адам. Алматы, 18 наурыз 2020 жыл.

Теңге құнсыздана бастағанда, наурыздың 9-ы күні дағдарысқа қарсы жоспар түзетін жедел штаб құрғанын хабарлаған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арада бес күн өткенде, наурыздың 14-іне коронавирусқа байланысты ел аумағында бір айға төтенше жағдай енгізді.

Наурыздың 19-ынан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге көшті.

Президент Тоқаев та, үкімет мүшелері де жағдай қиындаған сәтте "билік халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындайды, жаңа жұмыс орындары ашылады, азық-түлік жеткілікті" деп сендіруге тырысқанымен, қоғамның бір бөлігі биліктің сөзіне күмәнмен қарайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG