Accessibility links

Мұнай бағасы түсіп, вирус қысқан шақта теңге де құлдырады


Алматы ақша айырбастау пунктерінің біріндегі валюта бағамы. 10 наурыз 2020 жыл.

Әлемде тарап жатқан коронавирус пен ОПЕК+ жиынындағы сәтсіздіктен соң мұнай бағасы құлдырап, соның салдарынан долларға шаққандағы теңге бағамы өсті. Мұнайға тәуелді Қазақстан қандай шаралар қабылдамақ?

ҮКІМЕТТІҢ УӘДЕЛЕРІ

Мұнай бағасының 25 пайызға түскен шақта Қазақстан ұлттық банкі 10 наурызда базалық мөлшерлемесін 9,25 пайыздан 12 пайызға өсірді. Ал Қазақстан үкіметі теңге құлдыраған тұста билік халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттерді орындауға уәде берді. Сейсенбі Қазақстан қор биржасында (KASE) таңғы сессия бойынша бір доллардың құны 393,5 теңге болды. Бұл 6 наурыздағы күндізгі саудадан 11 теңгеге көп (9 наурызда елде демалыс болғандықтан қор биржасында сауда болған жоқ). 10 наурызда Алматыдағы ақша айырбастау пунктерінде доллар 397-398 теңгеден сатылып жатыр.

Ұлттық банк "жағдайды ушықтырмас үшін" қаржы нарығында интервенция жасайтынын мәлімдеді.

10 наурыздағы үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин "зейнетақы мен жәрдемақы өз уақытында және толық төленетінін", "жаңа жұмыс орындары ашылатынын" мәлімдеді.

Ал премьер-министрдің бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смаилов теңге бағамына байланысты зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмекке индексация жасалатынын айтты.

Ақша айырбастау пунктінің алдында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 10 наурыз 2020 жыл.
Ақша айырбастау пунктінің алдында кезекте тұрған адамдар. Алматы, 10 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан ұлттық экономика министрі Руслан Даленов Үкіметтегі брифингте азық-түлік, басқа да тауарлар бағасына қатысты пікір білдірді. Ол "азық-түліктің көбі елдегі өнімдерден, сондықтан теңге курсының өзгеруі азық-түлік бағасына әсер ете қоймас" деді. Дәленовтің пайымдауынша, азық бағасына жыл мезгілдерінің ауысуы, тауарлар кедергісі, бәсекенің жоқтығы, тауар өндірушілердің бірге жасаған жасырын әрекеттері тауар бағасына әсер етуі мүмкін.

Дәленов валюта бағамының құбылуы "шеттен келетін" техника, электронды техника және дәрі-дәрмек құнына әсер ететінін жоққа шығармайды.

Ал энергетика министрі Нұрлан Ноғаев үкімет отырысынан кейін журналистерге бензин бағасы нарық реттейді деп айтты.

Мақсат Халық: Үкіметтің бағаны бақылауға күші жетпейді

Мақсат Халық, GSB бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист:

- Біздің халық тұтыну, өндіріс және техникалық тауарларды шетелден сатып алады. Ол тауарлар шетел валютасымен келгендіктен сөзсіз қымбаттайды. Бұл халықтың төлем қабілетіне соққы. Себебі қолындағы қаражат құнсызданады. Оның арты инфляцияға айналуы мүмкін. Енді-енді өсіп келе жатқан елдің жалақысы қайта құнсызданады дегенге саяды. Халық үшін бұл оңайға соқпайды. Біз қарапайым тұрмыстық химия заттарынан бастап тіршілікке қажетті өте көп тауарды шетелден әкелеміз. Олардың да бағасы қымбаттайды деген сөз. Әрине, үкімет бағаны қадағалауға әрекет жасайды. Бірақ бағаны тұрақтандыруға күш салу – өте әлсіз тәсіл. Мәселен, шенеуніктер базарды бір айналып шыққанда тұрақтылық байқалар. Алайда келесі күні-ақ баға өседі. Бағаны тұрақтандырудың негізгі жолы елде қосымша зауыт, фабрикалар, тауар өндірісі іске қосылуы тиіс. Мұны қарапайым заттар экономикасы дейміз. Шеттен келіп жатқан импорттық тауарлардың орнын басатын өндіріс жасау ғана теңгені нығайтады. Сонда ғана жоғары инфляция болмайды. Ұлттық банктің инфляция 4,6 пайыз дәлізінде ұстап тұру жөніндегі бекіткен шегі бар. Былтыр бұл жоғарғы шекке жақындап, 5,6 пайызды көрсетті. Қазақстанда кешегі мұнай бағасының құлдырап, доллардың қымбаттауына дейін де инфляция жүріп жатты. Сондықтан үкіметтің "бағаны қадағалап, бақылауда ұстаймыз" дегені ештеңені шешпейді. Оған күші жетпейді.

Даленов Ұлттық қорда қазір 27 триллион теңге барын, мемлекет Ұлттық қордан жыл сайын шамамен 2,7 триллион теңге алатынын айтты.

"Ұлттық қордан бюджет 2,7 триллион теңге аударылады. Бұл – кепілдендірілген трансферт, яғни бюджетке түседі. Ал жағдай өзгеріп кетсе, [үкімет] Ұлттық қорға қайырылып, қосымша қаржы сұрай ала ма дегенге келсек, ондай мүмкіндік бар" деді ол.

МҰНАЙ БАҒАСЫ НЕГЕ ҚҰЛДЫРАДЫ?

Әлемде коронавирус тарап, экономикаға әсер ете бастаған тұста ОПЕК+ тобы Венада бас қосып, мұнай бағасының қымбаттауына жол бермес үшін өндірісті азайту жағын талқылаған. Бірақ Венадағы жиында тараптар келісе алмады. Кремль ОПЕК ұсынысын қолдамады. Осыдан соң Сауд Арабиясы "баға соғысын" бастап, Азия үшін мұнай бағасын барреліне үш-төрт долларға, АҚШ үшін жеті долларға дейін түсіріп жіберді. Осыдан соң Brent маркалы мұнай барреліне 36 долларға дейін түсіп кетті.

Қытайда тараған коронавирус та әлем экономикасы мен мұнай бағасына әсер етті. Қазір Covid-19 вирусы әлемнің жүзге жуық еліне тарап, 111 мыңнан астам адамнан табылды. Қаза болғандар саны 3800-ден асып кетті.

Мұнай арзандаған тұста, 9 наурыз күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер кабинетімен және ұлттық банк төрағасымен жиын өткізіп, "халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді толық орындауды" тапсырып, үкіметте дағдарысқа қарсы жоспар түзетін жедел штаб құрған.

9 наурызда Ресей рублі де 2016 жылғы рекордтық деңгейіне түсіп, бір доллар 72,72 рубль болды. Ресей экономикасының Қазақстан экономикасына ықпалы бар. Себебі Қазақстан Ресейдің экономикалық серіктесі әрі Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Бұдан бөлек, Қазақстан экономикасы мұнай мен шикізатқа тәуелді. Биліктің мәлімеуінше, Қазақстан экономикасының 85 пайызы шикізат экспортына байланысты. Мұнай бағасы құлдыраса, теңге құнсызданып, долларға шаққандағы құны көтеріліп кетеді. Осының салдарынан елде азық-түлік бағасы да өсе бастайды.

Билік бірнеше жылдан бері ел экономикасын мұнайға тәуелділіктен құтқару жайында айтып келе жатқанымен нәтиже жоқ.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

"Халыққа 42 500 теңгеден гөрі вирус қауіпті екенін түсіндіру керек"
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:07 0:00
XS
SM
MD
LG