Accessibility links

Карантин орталығынан шыққан дау. Тұрғындар мен билік арасындағы тартыс


Тұрғындар карантин орталығын ашуға қарсы екенін шенеуніктерге айтып тұр. Ақжайық ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 11 наурыз 2020 жыл.
Тұрғындар карантин орталығын ашуға қарсы екенін шенеуніктерге айтып тұр. Ақжайық ауылы, Батыс Қазақстан облысы. 11 наурыз 2020 жыл.

Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық ауылының тұрғындары коронавирус тіркелген елдерден оралған азаматтарды карантинге жатқызуға арналған стационар ашуға түбегейлі қарсы. Билік өкілдері "алаңдауға еш негіз жоғын" айтады.

Ақжайық ауылы Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласынан 70 километр жерде орналасқан. Тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады: әр үйдің ауласына шөп жиналған, мал ұстайды. Жол бойында шағын дүкен, дәріхана, нан өнімдерін сататын дүңгіршек жиі көзге түседі, бірнеше бар мен кафе жұмыс істейді.

Ақжайық – Теректі ауданындағы ондаған ауылдың бірі. Аудан орталығы емесі ауылға кіргенде бірден көзге түседі: негізінен жалғыз қабатты үйлер, асфальт төселмеген көше жолында, наурыздың басында еріген қардан кейін шаң көтеріліп, кей тұсы ми батпақ болып жатыр.

- Қазір орталық көшеге дейін барып, солға бұрылсаңыз көп көлік тұрғанын көресіз, мәдениет үйі – сол, - деді Азаттық тілшісіне жол сілтеген жергілікті тұрғындардың бірі.

Ақжайық ауылындағы мәдениет үйі. Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.
Ақжайық ауылындағы мәдениет үйі. Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.

Асфальт төселмеген "орталық" көшеде шынымен көлік көп. Олардың көбі әкімдік алдына, тағы бірнешеуі сәл ары орналасқан мәдениет үйінің қасында тұр. Жергілікті аурухананың бір бөлігін коронавирус жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен карантинге жатқызылған адамдарды қабылдайтын орын ретінде пайдалану жоспарланып отырғанын естіген Ақжайық тұрғындары наурыздың 11-і күні осында жиналды.

"СЕНБЕЙМІЗ"

Мәдениет үйінің кең залында ауылдың отыз шақты тұрғыны мен әкімдіктен келген он шақты адам отыр. Олар тұрғындарды алаңдатқан мәселені қызу талқылап жатыр. Залда отырған жұрт микрофон алып, қауіпсіздік шаралары туралы айтқан жергілікті аурухана фельдшерінің сөзін бөлді.

- Бастысы – гигиенаның қарапайым ережелерін сақтау: көше, әжетхана мен (балалар) мектептен кейін қолды сабындап жуып, таза су ішкен абзал, көкөніс пен жеміс-жидекті жумай жеуден аулақ болу керек. Антисептикалық сұйық заттар пайдаланған жөн, - деді жергілікті тұрғындарды сабырға шақырған фельдшер Нұрғазы Ахметов.

Жергілікті тұрғындар шенеуніктермен кездесуде отыр. Ақжайық ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.
Жергілікті тұрғындар шенеуніктермен кездесуде отыр. Ақжайық ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.

Залдағы бірнеше наразы әйел қолын сілтеп сөйлеп тұр. Олар билік өкілдерінен сөзге құлақ асуды талап етті: тұрғындар жергілікті аурухананың бір бөлігін коронавирусқа байланысты карантин орны ретінде пайдалануға қарсы.

- Біздің ауруханаға коронавирус тараған елдерден келген азаматтарды әкеп жатқызатынын кеше ғана естідік. Қорқып кеттім: адамдарды, өзіміз бен ауылды ойлап үрейлендім. Бізде инфекциялық аурухана бар болғандықтан оларды осында жатқызамыз деп түсіндірді. Бірақ бұл аурухананың ондай адамдарды қабылдауға қаншалықты дайын екенін білмеймін. Онда бұрын инфекция жұқтырған науқастарды емдемеген, - деді жергілікті тұрғын Бақытгүл Ажмағанбетова.

Жұмыс күні билік өкілдерімен кездесуге ауыл тұрғындарының бәрі бірдей келе алмады. Бірақ кездесуге қатысқандар биліктің мұндай шешімді жергілікті тұрғындармен ақылдаспай қабылдағанын сынады.

- Олар [билік] ертерек келіп, халықпен сөйлесіп, жұртты дайындап, түсіндіруі керек еді. Қазір олар бізге тұмау мен басқа аурулар бар деп жатыр. Бірақ көптің көңілі әлі күпті, өйткені, егер тұмауға шалдықсам, жазылатынымды білемін. Ал коронавирусқа қарсы дәрі жоқ қой, содан қорқамын, - дейді Бақытгүл Ажмағанбетова.

- Біздің ауылдан карантинге арналған орын ашуға түбегейлі қарсымын! Билік бұл вирустың ауылға тарамайтынына кепілдік беріп отырған жоқ. Медицинасы дамыған Еуропа мен Қытай да вирустың таралуына қарсы тұра алмады. Біздің медицинаға, дәрігерлеріміз аурудың таралуына жол бермейді дегенге сенбейміз, - дейді Ақжайық тұрғыны Дархан Қайырғазиев.

"ҚОСЫМША ЖОСПАР"

Кездесуге келген билік өкілдері "алаңдауға еш негіз жоғын" айтып, жұртты сабырға шақыруға тырысты. Бірақ тұрғындар биліктен дау тудырған шешімнің күшін жоюды, халықтың пікіріне құлақ асуды талап етті. Билік өкілдері қажет шара қабылдағанына, жұрттың сабасына түсетініне сенімді.

- Әрине, азаматтарымызды көндірдік! Қазір әлеуметтік желі арқылы бір ақпарат тарап жатыр. Азаматтардың көбі коронавирус, вирустық инфекцияның не екенін түсінбейді. Оны басқа аурулармен шатастырып отыр. Біз жағдайды толық түсіндіріп, мұнда инфекциялық аурухана емес, карантинге арналған стационар ғана болатынын айттық. Сондықтан мұнда тек дені сау адамдар ғана жатқызылуы мүмкін, - деді Батыс Қазақстан облыстық тауар және қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Ауылда карантин орталығын ашуға наразы тұрғындармен кездесуге келген шенеуніктер. Ақжайық ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.
Ауылда карантин орталығын ашуға наразы тұрғындармен кездесуге келген шенеуніктер. Ақжайық ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.

Оның сөзінше, қазір өңірдегі облыстық медициналық мекемелерді коронавирустың таралуына қарсы қосымша жоспар бойынша дайындап жатыр.

- Біздің өңірде Алматы, Астана (былтыр атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерген ел астанасы – ред.) сияқты халық тығыз қоныстанған қалалар жоқ. Бірақ бәрібір дайындалуымыз керек, - деді Мұхамғали Арыспаев.

Дайындық керек деген пікірге облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы міндетін атқарушы Гүлнар Әбдірахманова да қосылады. Ол өңірде коронавирустың таралуына қарсы тұруға қажетті жағдайдың бәрі жасалған деп санайды.

- Біз түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, тұрғындардың ауру туралы жеткілікті ақпараты болмаған сияқты. Интернетте жалған ақпарат көп, одан бөлек тұрғындар таратқан қауесет те бар. Қазір алдын-алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Облыс аурудың таралуына қарсы тұруға толық дайындалды, қажет дүниенің бәрі бар, - деді Гүлнәр Әбдірахманова.

Ақжайық тұрғындары мен шенеуніктердің кездесуі екі сағатқа созылды. Тұрғындардың көбі қолын бір сілтеп, мәдениет сарайынан кездесу аяқталмай тұрып шығып кетті.

- Билік сөзімізге құлақ асып, бізбен санасуы үшін қолымыздан келгенді жасауға тырысамыз. Бізбен санасқысы келмесе ше?.. Онда митингіге шығатын шығармыз, - деді жиыннан кейін Бақытгүл Ажмағанбетова.

"ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ СОҢЫ"

Ақжайық тұрғындары ресми кездесуден кейін бірден тарап кеткенімен, аудан және облыс әкімдіктерінің өкілдері, медбикелер мен санитар дәрігер карантинге арналған стационар ашылады деп жоспарланған жергілікті инфекциялық ауруханаға жиналды.

Теректі ауданындағы №2 аурухана. Ақжайық ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.
Теректі ауданындағы №2 аурухана. Ақжайық ауылы, Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.

Теректі аудандық екінші аурухананың артында орналасқан жалғыз қабатты ғимаратты басқа корпустан темір қоршау бөліп тұр. Аурухананың бас дәрігері Бекзат Кубаев қазір ондағы жұмыс бітуге таяғанын, тек су жылытатын бойлер орнату қалғанын айтты.

Он жыл бұрын пайдалануға берілген аурухананың инфекциялық корпусы әлі пайдаланылмаған. Қазір ғимараттың іші-сыртынан жөндеу жұмыстарының ізі байқалады, ал кей жерінде кем-кетігі де бар: аулаға төселген тастың кей тұсы шытынап, сынып кеткен, баспалдақтар бүлінген, ғимарат ішінен әр жерден сымдар шығып, қабырғаның сылағы көрінеді, ал әжетханадағы ванналар кәріз жүйесіне қосылмаған.

- Қазір мұндағы дайындық жұмыстары аяқталуға жақын – су жылытатын бойлерлер қою керек. Ғимаратта ыстық су бар, бірақ ол жылыту жүйесіне қосылған, сондықтан жаз кезінде істемейді, - дейді бас дәрігер.

Теректі ауданындағы №2 аурухананың бас дәрігері Бекзат Кубаев. Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.
Теректі ауданындағы №2 аурухананың бас дәрігері Бекзат Кубаев. Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.

Карантиндегі науқастарға арналған корпус бірнеше бөлімнен тұрады. Бұл жерге 180 адамға дейін жатқызуға болады. Әр палатада екі-үш төсек пен жеке әжетхана бар. Екі терезенің бірі көшеге, екіншісі аурухана дәлізіне қарайды.

Корпусты көруге келген делегация ғимаратты аралап шықты. Журналистерге ғимаратты көрсетіп, қай жерде не тұрғанын түсіндіргенімен, палаталарды суретке түсіруге рұқсат берген жоқ және ғимараттан тезірек шығып кетуді талап етті.

Теректі ауданындағы №2 аурухананың жұқпалы аурулар бөліміндегі палаталардың бірі. Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.
Теректі ауданындағы №2 аурухананың жұқпалы аурулар бөліміндегі палаталардың бірі. Батыс Қазақстан облысы, 11 наурыз 2020 жыл.

Қазақстан билігі елде коронавирус тіркелмегенін айтады. Осы аптада Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин "жақын күндері елде коронавирус анықталуы мүмкін" деген болжам айтқан.

Қазақстан мектептерінде оқушылар наурыздың 16-нан бастап мерзімінен бұрын көктемгі каникулға шығады. Көп бағыт бойынша әуе рейсі қысқартылды. Наурыздың 13-інен бастап Қазақстанда мерекелік, мәдени іс-шаралар, спорт жарыстары, конференциялар, семинарлар мен көрмелер өткізуге тыйым салынған. Бұл шектеу қашанға дейін жалғасары белгісіз.

Наурыздың 11-і күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен жылдың соңында Қытайда тіркеліп, өзге елдерге тараған Covid-19 коронавирусын "пандемия" деп жариялады. Соңғы дерек бойынша, қазіргі дейін вирус 116 елге тарап, 128 мыңнан астам адамға жұққан. Бес мыңға жуық адам коронавирустан қаза болып, 68 мыңнан астам адам дерттен айыққан.

Видео: Коронавирустан сақтаныңыз. Қолды қалай жуу керек?

Қолды қалай жуу керек?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG