Accessibility links

"Масканы төлқұжатпен алып жатыр". Еуропа мен Кореядағы қазақтар вирус жайлы


Италия үкіметі коронавирусқа байланысты ел аумағында карантин жариялады. Рим, 12 наурыз 2020 жыл.

Коронавирус көп тараған Италия, Оңтүстік Корея мен Испаниядағы қазақстандықтар Азаттыққа ол елдердегі жағдайды баяндады. Олар Оңтүстік Кореяда медициналық масканы төлқұжат бойынша беретінін, ал Италияның Милан қаласында дүкен, кафелерге кезекпен кіргізетінін айтады.

МИЛАНДАҒЫ ЖАҒДАЙ

Коронавирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі Италияның солтүстігіндегі Милан қаласында білім алып жүрген қазақстандық Жанерке Керімбаева сабақ онлайн режимде өтетінін айтады. Оның сөзінше, қалада метро, автобус, трамвай тоқтамаған, бірақ жұрт бір-бірінен алшақ отыруға тырысады.

Метро көлігінде жалғыз өзі отырған маска таққан әйел. Рим, 12 наурыз 2020 жыл.
Метро көлігінде жалғыз өзі отырған маска таққан әйел. Рим, 12 наурыз 2020 жыл.

- Супермаркетте тамақ бар. Наурыздың 9-ы күні Миланда карантин жариялаған соң супермаркеттерге адамдар көп жиналып қалмас үшін кезекпен кіргізіп жатыр. Алдымен бес адам кіріп шығады. Одан кейін келесі бес адам кіреді. Кафелер де кешкі алтыға дейін ашық. Ол жерде де үш-төрт адам кіріп тамақтанып шығады. Содан соң тағы үш-төрт адам кіреді. Далаға шығуға болмайды деген қатаң ереже жоқ. Көшеге шығып, жүріп қайтуға болады, - дейді Милан университетінің студенті.

Италия билігінің дерегінше, елде қазір 12 мыңнан астам адамға коронавирус жұғып, 800-ден астам адам қайтыс болған. 60 миллиондай халқы бар елде наурыздың 10-ынан сәуірдің 3-іне дейін толық карантин. Жанерке Керімбаева Италия халқы карантиннің аяқталғанын күтіп, жағдай оңалар деп үміттеніп отырғанын айтады.

- Италиядағы қазақстандықтар да жағдайды бақылап отыр. Елге қайтып жатқандар да бар. Италиядан ұшып кетуге аса бір кедергі жоқ. Егер Италияда қала алмайтын себебін түсіндірсе жібереді, - дейді ол.

Портуэнсе ауданындағы супермаркет алдында кезекте тұрған адамдар. Рим, 12 наурыз 2020 жыл.
Портуэнсе ауданындағы супермаркет алдында кезекте тұрған адамдар. Рим, 12 наурыз 2020 жыл.

Италия, Иран, Оңтүстік Корея мен Қытайдан елге оралған қазақстандықтар 14 күнге карантинге жатқызылады. Бұдан бөлек, Қазақстан билігі азаматтарға Италияға ұшуға тыйым салды. Әлемдік әуе компаниялары да Италияға рейстерін күрт азайтты.

ОҢТҮСТІК КОРЕЯ МЕН ИСПАНИЯДАҒЫ ҚАЗАҚТАР НЕ ДЕЙДІ?

Оңтүстік Кореяның Чолла-Намдо қаласында жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы Нұрдәулет Шадмахамбетов "Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың мессенжер чатындағы әңгімеге қарағанда, бұл елде вирус жұқтырған қазақстандық жоқ" дейді. Оның сөзінше, өзі жұмыс істейтін қалада он шақты адам вирус жұқтырған.

Арнайы киімдегі медицина қызметкерлері Covid-19 вирусын жұқтырған науқасты ауруханаға апара жатыр. Сеул, Оңтүстік Корея, 9 наурыз 2020 жыл.
Арнайы киімдегі медицина қызметкерлері Covid-19 вирусын жұқтырған науқасты ауруханаға апара жатыр. Сеул, Оңтүстік Корея, 9 наурыз 2020 жыл.

- Өмір жалғасып жатыр. Бүкіл Кореяда маска қымбаттады және масканы төлқұжат бойынша береді. Яғни, дәріханада қазір бір маска 1-1,5 доллардан сатылады. Төлқұжат көрсеткен әр адам екі маска ғана алады. Қазақстандықтардың көбі мұнда заңсыз жұмыс істеп жүргендіктен, төлқұжаты болмағасын маска алуға қорқады. Ал супермаркеттерде бір маска 3-4 доллардан сатылып жатыр. Оның өзінде маркеттерде маска тапшы, - дейді Нұрдәулет.

Қазақстандықтардың көбі мұнда заңсыз жұмыс істеп жүргендіктен, төлқұжаты болмағасын маска алуға қорқады.

Кореяның Дэчон қаласында оқитын қазақстандық студент Рамазан Әбдікәрімов Азаттыққа "жұрт масканы пошта арқылы тапсырыс беріп жатқанын" айтады.

- Барлық мемлекеттік мекеме, возкал, әуежайда, университет асханасында дене қызуын өлшейтін құрылғы тұр. Университетімде маска беріп жатыр. Дүкен, вокзал, автобустарда, лифтілерде қол дезинфекциялайтын сұйық заттар бар. Көбіміз Сеулге баратын болсақ, интернеттегі мемлекет ашқан сайттан вирус тараған "ең қауіпті" аймақтар туралы біліп аламыз. Ол жаққа бармауға тырысамыз. Үкімет 220 мың адамды тексергенін айтып жатыр. Халық Кореяның ауруларды алдын алу және тоқтату орталығының (KCDC) деректеріне сенеді, - дейді ол.

Маска таққан қыз арнайы киімдегі адамдар дезинфекция жасап жүрген көшеден өтіп барады. Сеул, Оңтүстік Корея, 5 наурыз 2020 жыл.
Маска таққан қыз арнайы киімдегі адамдар дезинфекция жасап жүрген көшеден өтіп барады. Сеул, Оңтүстік Корея, 5 наурыз 2020 жыл.

Оңтүстік Корея үкіметінің есебінше, 7800-ден аса адам вирус жұқтырып, 66 адам қаза болған. Бұл елде вирус екі миллиондай халық тұратын Дэгу қаласындағы шіркеуден тараған. Шіркеу қызметкерлерінің бірі вирус шыққан Қытайдың Ухань қаласына барған. Жалпы соңғы бір-екі күнде Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар саны сәлдеп болсын азайып келеді.

Кванжуда жұмыс істейтін Руслан есімді қазақстандық қалада сауда орталықтары, дүкенге қол жуғызып кіргізіп жатқанын айтады. Чхонан қаласында жұмыс істейтін Әбілқайыр есімді Қазақстан азаматының сөзіне қарағанда, вирус шыққан соң біраз қазақстандық елге қайтып кеткен.

Дәріханада маска біткен соң жұрт құрылыс заттарын сататын дүкендегі бояу, сыр сататын бөлімшеден маскалар ала бастады.

Испанияның Валенсия қаласы маңындағы университетте оқып жатқан қазақстандық Әлқайыр Кәукербековтің сөзінше, қала дүкендерінде азық-түлік таусыла бастаған.

- Валенсияда бір апта бұрын вирус табылды. Адам көп жиналатын іс-шаралар тоқтатылды. Жұрт жаппай маска, азық-түлік сатып алып жатыр. Қазір супермаркет, дүкендерден макарон, мұздатылған жеміс-жидек табу қиын. Дәріханада маска біткен соң жұрт құрылыс материалдарын сататын дүкендегі бояу, сыр сататын бөлімшеден маскалар ала бастады. Бұл да бір "лайфхак". Әуелде вирус Қытайдан тарағанда азиялықтарға біртүрлі қарай бастаған еді. Синафобия болды. Қазір енді Италия қосылғандықтан азиялықтарға көз алартатындар азайды, - дейді ол.

Жоспарланған фестиваль өтпейтіні хабарланды. Бос тұрған алаңның қасынан өтіп бара жатқан адам. Валенсия, Испания, 11 наурыз 2020 жыл.
Жоспарланған фестиваль өтпейтіні хабарланды. Бос тұрған алаңның қасынан өтіп бара жатқан адам. Валенсия, Испания, 11 наурыз 2020 жыл.

Испания билігінің наурыздың 12-і күні жариялаған дерегіне сәйкес, бұл елде үш мың адам вирус жұқтырып, 86 адам бақилық болды. Испанияда бейсенбіде, бір күннің ішінде 700-ден астам адамнан вирус табылған.

Наурыздың 11-і күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда тараған Covid-19 коронавирусын пандемия деп жариялаған. Наурыздың 12-інде Қазақстан үкіметі мектеп оқушыларын демалысқа ерте шығарып, студенттерді онлайн оқуға көшіріп, мерекелік іс-шара мен ұшақ қатынасына шектеу енгізілетінін хабарлады. Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов "Қазақстанда азық-түліктің негізгі 19 түрі бар. Оның қоры жарты жылға жетеді. Азық-түлікті бақылауда ұстап отырмыз" деп мәлімдеді.

Үкімет дерегінше Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар жоқ. Бейсенбі күні Азаттық тілшісі Алматыдағы сауда орталығында жұрттың жаппай азық-түлік сатып алып жатқанын көрді. Елде маска тапшылығы байқалады.

ӘЛЕМДЕГІ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙҒА ШОЛУ

Наурыздың 13-індегі дерек бойынша, Covid-19 коронавирусы 120-дан астам елге тарап, әлем бойынша 128 мыңнан астам адамға жұққан. Бес мыңға жуық адам көз жұмды.

Постсоветтік елдер арасында коронавирустан қайтыс болған алғашқы адам наурыздың 12-і күні Әзербайжанда тіркелді. Азаттықтың Әзербайжан қызметінің хабарлауынша, жақында Ираннан оралған 51 жастағы әйел көз жұмған. Бұл елдер барлығы 15 адамнан коронавирус табылған. Үшеуі сауыққан. Коронавирус жұқтырған болуы мүмкін деген күдікпен жүздеген адам (басым бөлігі Ираннан келген) карантинде жатыр.

Covid-19 коронавирусы шыққан Ухань қаласы бос қалғандай әсер қалдырады. Қытай, 10 наурыз 2020 жыл.
Covid-19 коронавирусы шыққан Ухань қаласы бос қалғандай әсер қалдырады. Қытай, 10 наурыз 2020 жыл.

Коронавирус шыққан Қытайда соңғы бірнеше күнде Covid-19 жұқтырғандар саны күрт азайды. Наурыздың 11-і күні бұл елде 18 адамнан вирус табылған. Бірақ бір жарым айдың ішінде Қытайда 80 мыңнан астам адам дертке шалдығып, үш мыңнан астам адам қаза болды.

Вирус жұқтырғандар Иранда 10 мыңнан, Германияда екі жарым мыңнан, Францияда екі мыңнан, АҚШ-та мыңнан, Швейцария мен Норвегияда жеті жүзден, Швеция, Жапония, Дания, Нидерланд пен Ұлыбританияда алты жүзден асып кетті.

Әлемде көпшілік қатысатын ойын-сауық шаралары – концерт, спорт жарыстары, түрлі фестивальдер бұған дейін жоспарланған уақытынан кейінге шегерілді. Еуропа футбол қауымдастығы (UEFA) Чемпиондар лигасы мен EURO-2020 жарысын кейінге қалдыру мәселесін талқыламақ. Жапония билігі де Токио олимпиадасының өтетін уақытын әлі нақтылай алмай отыр. Ел билігі Халықаралық олимпиада комитетімен келісім шартта ойынды кейінге қалдыру жайлы келісім барын айтты.

98 адамнан вирус табылған Чехия билігі ел аумағында бір ай төтенше жағдай жариялап, көпшілік қатысатын іс-шара өткізуге тыйым салды. Демек, бұған дейін наурыздың 25-і күні Прагада өтеді деп жоспарланған қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеновтің концерті де болмайды.

Видео: Коронавирустан сақтаныңыз. Қолды қалай жуу керек?

Қолды қалай жуу керек?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы тілшісі. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG