Accessibility links

Құрандағы кірпік, сарымсақ пен су. Коронавирус жайлы жалған ақпарат


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазіргі кезде 100-ден астам елге тараған коронавирусты әлем бойынша 111 мың адам жұқтырып, 3800-ден астам адам көз жұмған. Және ондайлар күн санап көбейіп жатыр. Қауіпті дерттен сақтану жайлы пайдалы кеңес іздеген жұрт ғаламдық ақпараттық кеңістікте коронавирус туралы тарап жатқан хабарлардың шыны мен өтірігін айыра бермейді.

Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг өткен аптада коронавирус туралы жалған ақпаратпен күресу мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына тегін жарнама жасауға мүмкіндік беретінін хабарлады. Оның айтуынша, енді конспирологиялық теориялар мен жалған сөзден құралған өзге де түрлі дақпырттың таралуына жол бермеу үшін ауру туралы ақпарат қосымша тексеруден өтеді.

Алайда Қазақстанда танымал, Facebook компаниясына тиесілі WhatsApp мессенджерінде әлгіндей жалған ақпаратқа тоқтам салу оңай болмай тұр. Мессенджерде хат-хабар шифрланып жеткізілетіндіктен ол жалған ақпарат таратудың негізгі жолдарының біріне айналып отыр.

Азаттық Қазақстанда WhatsApp мессенджері мен өзге де онлайн желілерде көпшілікке тараған кейбір жалған ақпаратқа назар аударды.

ҚҰРАН, САРЫМСАҚ ПЕН СУДЫ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ҚОЛДАНУ

WhatsApp мессенджеріндегі хабарламалардың бірі Сисембек Ошақты деген қолданушының атынан тараған. Автор хабарламада неге екені белгісіз "NCP" деп аталған жаңа COVID-19 вирусын жұқтырмау үшін "15 минут сайын су ішу керегін" айтады және мұндай кеңесті "жапон мамандарының дерегіне сүйеніп" береді.

Хабарламада "Вирус аузыңызға түссе де, ...су немесе өзге сұйық зат оны шайып, өңеш арқылы асқазанға түсіреді. Асқазан қышқылы вирусты өлтіреді" делінген. Ары қарай хабарлама авторы жаңа коронавирусты "тәж вирусы" деп атап, "одан осылай ғана құтылуға болады" деп жазады.

Мұндай хабарлама Қазақстаннан басқа елдерде де тараған. Араб тіліндегі осыған ұқсас хабарламаны 250 мың адам бөліскен.

Сарымсақ. Көрнекі сурет.
Сарымсақ. Көрнекі сурет.

Осындай тағы бір хабарламаны Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің атынан таратқан. Хабарламаның танымал болғаны соншалық, наурыздың 2-сі күні Досқалиевтен бөлек, қазіргі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа да жалған ақпаратты теріске шығарып мәлімдеме жасауға тура келді.

Хабарламада "Досқалиев" "коронавирусқа қарсы ең тиімді дәрі – сарымсақ" деп, оны "аш қарынға шайнамай жұту керегін" айтады. Біртанов өзі басқаратын министрліктің аталған хабарламаға байланысты "құқық қорғау органдарына шағым түсіретінін" мәлімдеді.

WhatsApp мессенджерінде жиі кездескен тағы бір жалған ақпарат – "Ұлттық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі коронавирустан сақтану үшін күнделікті арақ ішуге кеңес бергені туралы жазған қазақ тілінде шығатын газеттің суреті" болды. Азаттық "Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі шынымен осындай кеңес берді ме?" деген сұраққа жауап алу үшін газетті іздеп таба алмады.

"Ұлттық кеңес мүшесі коронавирустан сақтану үшін күнделікті арақ ішуге кеңес бергені жайлы жазған қазақ тіліндегі газеттің" әлеуметтік желіде тараған суреті.
"Ұлттық кеңес мүшесі коронавирустан сақтану үшін күнделікті арақ ішуге кеңес бергені жайлы жазған қазақ тіліндегі газеттің" әлеуметтік желіде тараған суреті.

WhatsApp желісіндегі тағы бір жалған ақпаратта Құраннан "пайғамбар жіберген" кірпікті тауып алып, сумен ішкен адамға "коронавирус жұқпайтыны" айтылған. Көп діндар адам интернетте халықты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырып, видео жариялады. Олардың бірі бұл хабарламаның "дінге еш қатысы жоғын", оның мақсаты - "мұсылмандарды мазақ ету" екенін айтты.

"ВИРУС ЖҰҚҚАН" ГҮЛ, БАНАН МЕН БАСҚА ЗАТТАР

8 наурыз - халықаралық әйелдер күні қарсаңында WhatsApp мессенджерінде мектеп оқушыларының ата-аналарына мұғалімнен келген қазақ тіліндегі аудио тарай бастады. Онда белгісіз әйел жақын күндері гүл сатып алуға болмайтынын, өйткені олардың "Қытайдан әкелінгенін" айтады. Ол егер гүл сатып алып қойғандар болса, оны "үйде қалдырмауға", "тек қолғаппен" ұстауға кеңес береді.

Дәл осы уақытта әлеуметтік желіде ел астанасына "Қытайдан контрабандалық жолмен 85 миллион гүл жеткізілгені" туралы ақпарат тарады. Хабарламада гүлге "әртүрлі вирус салынғаны", сондықтан оны "тек қолғаппен ұстау" керегі, вирус жұқса, одан "тек Қытайда, қыруар қаржы жұмсап емделуге болатыны" айтылады.

Ер адамдардың кейбірі бұл жалған ақпаратты әзілге айналдыруға тырысты.

"Коронавирус гүлдер мен гүл дүкендері арқылы тарауы мүмкін деп жазып жатыр. Ер азаматтар, жарайсыңдар! Тамаша ойлап тауыпсыңдар. Шұлық үшін өш алудың жақсы амалы" деп жазды Facebook қолданушысы Тимур Азирович.

Осыған ұқсас коронавирус жұққан раушан гүлдері туралы жалған ақпарат Ресейде де тараған. Интернетте кей қолданушылар гүлдер туралы жалған ақпараттың артында 8 наурыз қарсаңында тәттілерді көп сатуды көздеген "шоколад магнаттары" тұруы мүмкін деген жорамал айтты.

Қаңтарда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитеті Қазақстанның оңтүстігінен келген бананға коронавирус жұққан деген ақпаратты жоққа шығарған.

Қытайдан келетін тауарлар да күдікке ілінген. Қазақстанда islam.kz сайты "Ресей вирусологтарының" пікіріне сүйеніп, AliExpress сайты арқылы тапсырыспен алынған тауардан коронавирус жұғуы мүмкін деп жазды. Мақалада вирусологтардың "жөтелгенде және түшкіргенде ауаға шашыраған вирус заттарға жабысады" деген пікірі берілген.

КОРОНАВИРУСТАН ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕК?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ғаламдық эпидемиологиялық жағдай мен денсаулық сақтау саласындағы стандарттар туралы ақпараттарға келгенде, ең сенімді дереккөз саналады. Ұйым сайтынан коронавирустың таралуы жайлы барлық негізгі сұрақтың жауабын табуға болады.

Жаңа коронавирустың гүлдер, жемістер мен өзге де заттардың бетінде қанша уақыт сақталатыны туралы ұйым сайтында былай жазылған: "[COVID-19] басқа коронавирустарға ұқсас. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, коронавирустар белгілі бір заттың бетінде бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін сақталуы мүмкін. Бұл ортаға байланысты (мысалы, вирус түскен заттың үстіңгі қабатының типі, қоршаған ортаның температурасы мен ылғалдылығы) өзгеріп отырады. Қайсыбір бір заттың бетіне вирус түсті деп күдіктенсеңіз, вирусты өлтіріп, өзіңіз бен өзгелерді қорғау үшін оны қарапайым бактерияға қарсы сұйық затпен сүртіңіз. Қолыңызды құрамында спирт бар, бактерияға қарсы сұйық затпен тазартып, сабындап жуыңыз. Қолыңызбен көзіңізді, мұрныңыз бен аузыңызды ұстамауға тырысыңыз".

ДДСҰ дерегінше, бүгінде қазіргі заманғы, дәстүрлі немесе дәстүрлі емес медицинада коронавирустан қорғап, емдейтін әдіс бары туралы ғылыми тұрғыдан дәлелденген ақпарат жоқ. Бұл – сарымсақ, су және қасиетті кітаптағы кірпікпен "емдеу" жайлы сұраққа берілген жауап.

Ұйым сайтында "батыс медицинасы және үй жағдайындағы емдеудің кейбір тәсілдері, сондай-ақ дәстүрлі медицина амалдары COVID-19 белгілерін жеңілдетуі мүмкін, бірақ қазіргі заманғы медицина аурудың алдын алып немесе оны емдей алатыны туралы расталған дерек жоқ. ДДСҰ кез келген дәрімен, оның ішінде антибиотиктермен өз бетінше емделуге кеңес бермейді" деп жазылған. Ұйым "дәстүрлі дәрілер клиникалық зерттеулерден өтіп жатқанын" хабарлап, оның "нәтижесі дайын болғанда" ақпаратты жаңартуға уәде берді.

Әл-Наджаф қаласындағы діни кітапханада вирусқа қарсы дәрі шашып жүрген адам. Иран, 9 наурыз 2020 жыл.
Әл-Наджаф қаласындағы діни кітапханада вирусқа қарсы дәрі шашып жүрген адам. Иран, 9 наурыз 2020 жыл.

ДДСҰ коронавирустың алдын алу үшін қолдың тазалығына мән беру керегін айтады. Өйткені вирус ағзаға тері арқылы емес, шырышты қабықтар арқылы (ауыз, көз, мұрын) жұғады. Қолды таза ұстаудың ең дұрыс әдісі – кемінде 20 секунд бойы әбден сабындап жуу. Сонымен бірге бактерияға қарсы әртүрлі гель (құрамындағы спирт мөлшері 60 пайыздан кем болмауы керек) де қолданған абзал.

YouTube желісінде тараған видеоларда көрсетілген үй жағдайында "қайнатылған" гельдерге келсек, Лондон гигиена мен тропикалық медицина мектебінің профессоры Сэлли Блумфилд қолдан жасалған мұндай сұйық заттың көбі адамның терісіне сәйкес келмейтінін және құрамындағы спирттің аздығынан барлық бактерияны өлтіре алмайтынын айтады.

Денсаулық сақтау ұйымы қайнатылған ет пен көкөніс жеген дұрыс деген кеңес береді. Ал масканы дені сау адамдар емес, коронавирус жұқтырған науқастар таққаны жөн. Өйткені маска вирустың айналадағы адамдарға таралуынан сақтайды. "Коронавирус жұқтырған немесе науқасқа қарайтын адам болмасаңыз, сіз тек масканы бүлдіресіз. Ал әлемде маска тапшылығы сезіліп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маңызды ресурсты қажетсіз шығындамау үшін масканы ақылмен қолдануға кеңес береді".

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустан сақтану үшін мынадай кеңестер береді:

  • Коронавирустың жаңа түрі қандай елдерде тіркелгенін бақылауда ұстап, мүмкіндік болса, оларға бармаңыз. Бұл әсіресе, диабет, жүрек-қан тамыры және респираторлық дертке шалдыққан адамдарға қатысты.
  • Түшкірген және жөтелген адамдардан кемінде бір метр алыс жүріңіз.
  • Қолыңызбен көзіңізді, мұрныңыз бен аузыңызды ұстамаңыз.
  • Респираторлық гигиенаны сақтаңыз. Түшкіріп не жөтелгенде аузы-мұрынды қол орамал немесе матамен, олар болмаса шынтақты бүгіп, білекпен басыңыз. Пайдаланылған қол орамал мен матаны бірден қоқысқа тастаңыз.
  • Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, әсіресе қызуыңыз көтерілсе, тыныс алу қиындап, жөтел байқалса, үйден шықпаңыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы спирттің шынымен де вирусты өлтіретінін, бірақ оны ішпей, тек белгілі бір мөлшерде және заттардың сыртқы қабатына ғана (қолға, киімге және тағы басқа) пайдалану керегін ескертеді.

- Градусы күшті немесе кез келген алкоголь өнімін ішу COVID-2019 вирусынан сақтанудың тиімді әдісіне жатпайды. Тіпті кері әсер етеді, өйткені көп мөлшерде ішкен алкоголь улануға себеп болады, - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми өкілі Тарик Язаревич.

Қолды қалай жуу керек?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG