Accessibility links

Олимпиадаға төнген қауіп. Коронавирус спорт жарыстарына да кесірін тигізді


Токио метросында маска киіп тұрған адам. 31 қаңтар 2020 жыл.

Қытайдың Ухань қаласынан тараған коронавирус спортшылардың жарыс жоспарына үлкен өзгеріс енгізді. Вирус салдарынан ақпан-сәуір айларына жоспарланған жарыстардың көбі кейінге қалды. 24 шілде - 9 тамыз аралығында өтуі тиіс Токио олимпиадасына да қауіп төніп тұр.

"ОЛИМПИАДАҒА КЕДЕРГІ КЕЛТІРЕ МЕ ДЕП АЛАҢДАЙМЫЗ"

Бокстан Қазақстан құрамасы қаңтарда Алматы түбіндегі бокс академиясында Уханьда 3-14 ақпанда өтуі тиіс олимпиадалық іріктеу жарысына қызу дайындалып жатқан. Алматыдағы жаттығу жиынына Куба, Жапония, Венгрия боксшылары да келген-ді. Қазақстан боксшылары соңғы дайындықтарын пысықтап, екі аптадан кейін Қытайдың Ухань қаласына аттануы тиіс еді. Визалары да дайын болған. Бірақ қаңтардың 22-і күні Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) Уханьда коронавирус тарауына байланысты осы қалада өтуі тиіс олимпиадалық іріктеу жарысын басқа елге ауыстыратынын мәлімдеді. Енді бұл іріктеу жарысы 3-11 наурызда Амман қаласында (Иордания) өтеді.

Қытайға аттануға дайын отырған боксшылар бабында болу үшін қазір Нұр-Сұлтан қаласында жаттығу жиындары қайта жалғастыруға мәжбүр болды. Ал бапкерлер боксшылардың дайындық жоспарына өзгеріс енгізген.

"Тағы бір жаттығу жиынын өткізуге мәжбүр болдық. Қазір дайындықтарын пысықтап жатыр. Боксшылар іріктеу жарысының басқа қалаға ауысқанына аса қатты алаңдаған жоқ" дейді бас бапкер Ғалымбек Кенжебаев Olympic.kz сайтына.

Кенжебаевтың сөзінше, іріктеу жарысы қайда өтсе де, боксшылардың басты мақсаты – Токио олимпиадасына жолдама алу. Бірақ коронавирус Жапонияда жоспарланған жазғы олимпиадаға да қауіп төндіріп тұр.

Олимпиаданы ұйымдастырушылар вирустың күннен-күнге өршіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді. Токио олимпиадасын ұйымдастыру комитетінің атқарушы директоры Тоширо Муто "Қытай вирустың таралуын жақын арада тоқтатады деп үміттенеді".

"Вирустың жылдам тарауы олимпиада ойындарының өтуіне кедергі келтіре ме деп алаңдаймыз" деді ол ақпанның 5-і күні жасаған мәлімдемесінде.

Олимпиаданың өтуіне қарсылық білдіріп тұрғандар. Токио, 24 қаңтар 2020 жыл.
Олимпиаданың өтуіне қарсылық білдіріп тұрғандар. Токио, 24 қаңтар 2020 жыл.

Халықаралық олимпиада комитеті қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жағдайға байланысты жиі ақылдасып отырғанын, Токио олимпиадасына дайындық жалғаса беретінін мәлімдеді. Кей сарапшылар вирустың тарауы мамыр-маусымға дейін тоқтамаса, Токио олимпиадасының өтпейтінін алға тартады.

Бұған дейін олимпиада ойындары тек соғыс және саяси шиеленіс салдарынан өтпей қалған. Олимпиадаға қандай да бір вирус я инфекцияның тарауы әсер етпеген. 2016 жылы Рио олимпиадасының алдында Бразилияда Зика вирусы тарап, біраз спортшы ойындарға қатысудан бас тартқан. Бірақ Рио олимпиадасында Зика вирусын жұқтырғандар тіркелген жоқ.

ҚЫТАЙДА ТАҒЫ ҚАНДАЙ ЖАРЫСТАР ӨТПЕЙДІ?

Қазір Пекин футболдан ел чемпионатын да тоқтатып тастады. Азия Чемпиондар лигасының Қытайдағы матчтары да өтпейді, бірақ бұл жарысқа Қытай командалары қатыса береді.

Баскетболдан әйелдер арасында олимпиадаға іріктеу жарысы Қытайдан Сербияға ауысты. Наурызда Нанкинде өтеді деп жоспарланған жеңіл атлетикадан жабық кешендегі әлем чемпионаты 2021 жылға шегерілді. Сәуірдің 19-ына өтеді деп жоспарланған Формула-1 жарысының Шанхайдағы кезеңі де болмайды. Тау шаңғысы мен суға секіруден әлем кубогының Қытайдағы кезеңі, бадминтоннан China Masters жарысы да өтпейді.

Пекинде жүрген қала тұрғыны. 31 қаңтар 2020 жыл.
Пекинде жүрген қала тұрғыны. 31 қаңтар 2020 жыл.

Қазақстан билігі коронавирустан кейін Нұр-Сұлтанда жоспарланған екі жарысты ұйымдастырудан бас тартты. Оның бірі – 12-16 ақпандағы су добынан ерлер арасында Токио олимпиадасына іріктеу жарысы. Бұл турнирге Қазақстаннан бөлек, Қытай, Иран, Оңтүстік Корея қатысуы тиіс еді. Іріктеу сыны қайда өтетіні белгісіз. Бұдан бөлек, Қазақстан үкіметі 5-8 ақпанда Нұр-Сұлтанда теннистен әйелдер арасында Федерация кубогын өткізбейтінін мәлімдеді. Теннис турнирі ақпанда Қытайда өтуі керек еді. Вирустан соң жарыс Қазақстанға ауысқан, бірақ елде белсенділер бұл жарыстың өтуіне қарсылық білдірген. Кейін билік теннис және су добы жарысын ұйымдастырмайтынын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, әлем елдерінің Қытай азаматтарына виза беруге шектеу қоюына байланысты қытай спортшылары кей жарыстарға қатыспайды. Мәселен, Қытай дзюдошылары 8-9 ақпанда Парижде өтетін Grand Slam жарысына бармайды. Бендиден Қытайдың әйелдер және ерлер құрамасы Норвегия мен Ресейде өтетін әлем чемпионатында ойнамайды.

Қытайдағы зертханалар коронавирусқа байланысты допинг сынамаларын тексеруді тоқтатты.

Қытай билігінің хабарлауынша, өз спортшылары қазір Токио олимпиадасына оқшауланған жерде дайындалып жатыр. Ал Гонконг өз спортшыларына Қытайда жаттығуға тыйым салды.

Көз сала отырыңыз: Коронавирус жайлы барлық ақпарат

Ақпанның 10-ы күнгі дерек бойынша, Қытайда 908 адам коронавирустан қайтыс болды. Вирус жұқтырғандар 40 мыңнан асып кетті. Коронавирустан көз жұмғандар мен жұқтырғандардың 99 пайызы Қытайда. Ал биыл олимпиадасын өтетін Жапонияда 30-дан астам адам вирус жұқтырған. Бұл елде вирустан қайтыс болғандар жоқ.

Аса қатерлі вирус 2019 жылдың соңында Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кей ақпарат құралдарының жазуынша, базар қаңтардың 1-і күні жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз сатылып келген. Қазір Қытай елдегі жабайы жануарлар мен жәндіктер сататын базарлардың бәрін жауып тастады.

Қаңтардың 30-ы күні ДДСҰ коронавирусқа байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған. Әлемнің көптеген елі Қытай азаматтарына виза беруді шектеп, әуе компаниялары Қытайға ұшатын рейстерін күрт азайтты.

Коронавирус туралы не білу керек?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    Азаттықтың Прагадағы кеңсесінде қазақ тілінде редактор. Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің репортері. Сочи, Рио, Пхенчхан олимпиада ойындарынан, Джакартада өткен Азия ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG