Accessibility links

"Үйден шықпаймыз". Қытайдағы қазақстандықтар коронавирус жайлы


14 миллион тұрғыны бар Ухань каласының көшесінде. Хубэй провинциясы, Қытай, 28 қаңтар 2020 жыл.
14 миллион тұрғыны бар Ухань каласының көшесінде. Хубэй провинциясы, Қытай, 28 қаңтар 2020 жыл.

Қаңтардың 28-і күні билік өкілдері Қытайдан елге оралған кемінде жеті қазақстандықтың респираторлы вирус жұқтырған деген күдікпен ауруханаға жатқызылғаны туралы хабарлады. Ресми мәліметке сәйкес, әзірге еш науқаста коронавирус тіркелмеген.

Қазақстан билігі Қытай үкіметімен Ухань қаласындағы қазақстандық студенттерді эвакуациялау туралы келісімге келіп жатқанда, вирус ошағында тұрып жатқан отандастарды елге әкелу туралы қазақстандықтардың пікірі екіге жарылды.

Сауалнама: Қазақстан Уханьдағы азаматтарын эвакуациялауы керек пе?

Қазақстан Уханьдағы азаматтарын эвакуациялауы керек пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:06 0:00

Азаттық қазір Қытайдың әртүрлі қаласында білім алып не жұмыс істеп жүрген үш қазақстандықпен сөйлесті. Олар өздері тұрып жатқан қаладағы жағдайды, коронавирустың Қытай жаңа жылын тойлауға қалай әсер еткенін және дүкендер неге бос қалғанын айтып берді.

ҚЫТАЙ ЖАҢА ЖЫЛЫНДАҒЫ АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАПШЫЛЫҒЫ

Рустам Ниетпаев бір жылдан бері Гуанчжоуда жұмыс істейді. Оған дейін Пекинде білім алып, 2012 жылы университет бітірген. Бір жылдан сәл астам уақыт бұрын Рустам әйелі және қызын алып, Гуанчжоуға көшкен. 14 миллион тұрғыны бар қалада Рустам құрылыс материалдары, өндіріс құрылғылары мен арнаулы техника саласындағы онлайн саудамен айналысады. Ниетпаевтың сөзінше, Гуанчжоу "үлкен, әдемі және дамыған қала".

Рустам Гуанчжоудағы жағдайды "бәрі тыныш, мәселе жоқ, азық-түлік жеткілікті, дүкендер мен дәріханалар ашық" деп сипаттайды. Оның айтуынша, қоғамдық көліктің барлық түрі еш кедергісіз жұмыс істеп тұр. Ресми мәліметте вирус кесірінен жабылғаны хабарланған 17 қаланың арасында Гуанчжоу жоқ.

- [Көшелерде] ешкім жоқ, бұл Қытай жаңа жылымен байланысты болса керек. Жылдың бұл мезгілінде Қытайда үнемі осылай болады. Көшеде адам жоқ, дүкендерде азық-түлік аз, көп мекеме жабық тұр. Жыл сайын осы көрініс қайталанады. Бұл қалыпты жағдай, - дейді Рустам Ниетпаев.

Фотогалерея. Қытай билігі вируспен күресіп жатыр


Рустам сонда да биыл Гуанчжоуда ерекше бір алаңдаушылық барын, дүкендер әдеттегіден бос көрінетінін айтады.

- Халық арасында туған алаңдаушылықтан дүкендегі азық-түліктің көбі сатылып кеткен. Әдетте Қытай жаңа жылының қарсаңында, біздегі сияқты бәрі үйіне азық-түлік алады. Ал енді оған қосымша індет туралы ақпарат шықты. Сол себепті дүкен тауарлары бұрынғыдан көп сатылды. Жыл сайын жаңа жылдың арқасында "ақырзаман" атмосферасы қалыптасады. Вируссыз-ақ [бұрын] осылай болған, - дейді Ниетпаев.

"ӨЗІМДІ ЗОМБИЛЕР ТУРАЛЫ ФИЛЬМНІҢ КЕЙІПКЕРІ СЕЗІНЕМІН"

Пекиннің шетінде тұратын Қытай коммуникация университетінің студенті Құралай Әбенова телевизия және киноөндіріс саласы бойынша магистратурада оқиды. Алматылық бойжеткен Қытайда бірінші жыл тұрып жатыр.

- Екі-үш апта бұрын "Қытайда бір вирус пайда болыпты" деген қауесет тарағанда маған Қазақстаннан хабарласып, "Құралай, маска киіп жүр" деп ескертті. Біз бұған мән берген жоқпыз, өйткені еш жерде мұндай ақпарат болмады. Содан бері үш апта өтті. Соңғы аптада жағдай тез өзгерді, вирус осылай тарайды деп күткен жоқпыз, - дейді ол.

Арнаулы киім киген дәрігерлер науқас адамды ауруханаға әкеле жатыр. Ухань, Қытай, 26 қаңтар 2020 жыл.
Арнаулы киім киген дәрігерлер науқас адамды ауруханаға әкеле жатыр. Ухань, Қытай, 26 қаңтар 2020 жыл.

Әбенованың сөзінше, Пекин метросының барлық қызметкері "арнаулы киім" киіп, "адамдардың дене қызуын тексеріп жүр".

Құралай биыл бірінші рет тойлайтын Қытай жаңа жылын бір аптадан бері бөлмеден шықпай өткізіп жатыр.

- Шынымды айтсам, көшеге соңғы рет қашан шыққаным есімде жоқ. Шәкіртақы алған кезде болса керек. Қаңтардың 16-сы күні азық-түлік алуға бардық. Ол кезде вирустан емес, дүкендердің жабылып қалуынан қорықтық. Сондықтан бәрін көптеп алуға тырыстық. Ешқандай алаңдаушылық жоқ еді. Бір аптадан бері еш жаққа шыққан жоқпын, - дейді студент.

Әбенова күн сайын отшашу дауысын естіп, алыстан біреулердің жаңа жылды тойлап жатқанын көретінін, бірақ "адамның көптігінен" сыртқа шығуға қорқатынын айтады.

- Ешкім көшеге шығып жатқан жоқ. Терезеден қарасақ, полиция мен күзеттен басқа қыбыр еткен жан жоқ. Өзімді зомбилер туралы фильмнің кейіпкері сезінемін. Мен тұрып жатқан университет қалашығында ешкім көрінбейді. Мүмкін, қала орталығында жағдай басқадай шығар. Өйткені онда ірі компаниялар бар. Олар бәрібір жұмысын тоқтатпайды. Сондықтан ол жақта бәрі бірқалыпты шығар. Бірақ біз жақта олай емес, - дейді Құралай Әбенова.

АУРУХАНАДА ВИРУС ЖҰҚТЫРУ ҚАУПІ "ЖОҒАРЫ"

Ғалымжан Исабеков 10 жылдан бері Пекинде жұмыс істейді. Қазір ол нейрохирург мамандығы бойынша білім алып, Beijing Xuanwu Hospital функционалды нейрохирургия ауруханасында резидентурадан өтіп жүр. Оның айтуынша, ең алғаш вирус Уханьда тіркелген кезде, арнаулы маска мен киім жетпеген.

- Ол кезде, Қытай жаңа жылының қарсаңында қиын болды. Мысалы, арнаулы маска мен киім жетпеді. Ал онда науқас өте көп. Қытайлар "О, сенде маска бар екен" деп, тіпті, кей дәрігерлер "Сенде маска мен арнаулы киім бар, сен – тірісің, біз бірге өлеміз" дегенді айтқан. Масканы жұлып, киімді жыртып, Уханьда үлкен шу болған. Сол кезде 20-ға жуық аурухана қоғамнан өздеріне маска мен арнаулы киім жеткізуді сұрады, - дейді Исабеков.

Пекиндегі нейрохирургия ауруханасының резиденті, Қазақстан азаматы Ғалымжан Исабеков.
Пекиндегі нейрохирургия ауруханасының резиденті, Қазақстан азаматы Ғалымжан Исабеков.

Исабеков Қытай жаңа коронавирусқа қарсы тиімді дәрілер тауып үлгерген "жетекші ел" болғандықтан, бұл вирусты өз күшімен жеңе алады деп сенеді.

Исабеков жұмыс істейтін аурухана инфекциялық емес, нейрохирургиялық болғанына қарамастан, барлық қызметкер вирус жұқтыру қаупін сейілту үшін арнаулы маска мен киім киіп жүреді. Ғалымжанның сөзінше, "вирус жұқтырған науқастар барлық ауруханада кездеседі, сондықтан оларға бару қауіпті".

- Біздің ауруханада күн сайын сағат 9-10-да әр адамнан денсаулық жағдайын, ауру белгілерінің бар-жоғын сұрайды. Ауруханаға кіретін есіктерде күзетшілер дене қызуын тексереді. Қытай адамдарды табу үшін жасанды интеллект қолданады. Мәселен, пойызда бір адамды байқап қалды делік. Кейін әлеуметтік желіге осындай пойыздың, мынадай орнында отырған жолаушысын тез арада табу керек деп жазуы мүмкін. Қазір олар бәрін тексеріп жатыр, - дейді Исабеков.

Қытайдағы денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі комиссияның соңғы дерегіне сәйкес, аса қауіпті дерттен қайтыс болғандар саны жүзден асқан. 4,5 мың адамға вирус жұққан. Вирус жұқтырғандар әлем бойынша 14 елде тіркелген.


  • 16x9 Image

    Әйгерім ТӨЛЕУХАНОВА

    Азаттықтың Прага кеңсесінің тілшісі. Esquire Kazakhstan, EurasiaNet, The Conway Bulletin, Foreign Policy, The Independent  сынды қазақстандық және шетелдік басылымдарға жазған. Associated Press және Agence France-Presse агенттіктеріне видео түсірген. KIMEP университетін халықаралық журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Лондон экономика мектебінде "медианы басқару" мамандығы бойынша магистратура оқыған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG