Accessibility links

ДДСҰ: Коронавирусты емдейтін дәрі әлі табылған жоқ


Вирус шыққан Ухань қаласында санитар мамандар қаза тапқан адамның жанында тұр. 30 қаңтар 2020 жыл.
Вирус шыққан Ухань қаласында санитар мамандар қаза тапқан адамның жанында тұр. 30 қаңтар 2020 жыл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қытайдың және Батыс басылымдарының «жүздеген адамның өмірін алған коронавирусты емдейтін теңдессіз дәрі табылды» деген ақпаратын растамады.

Бұған дейін Қытай телеарнасы Чжэцзян университетінің ғалымдары коронавирусты емтейдін «теңдессіз» дәрі тапқанын хабарлаған. Ал британиялық Sky News «коронавирусқа қарсы вакцина табылғанын» мәлімдеген. Осы хабарлардан соң әлемде мұнай бағасы күрт көтерілді.

ДДСҰ өкілі Тарик Ясаревич 5 ақпанда Женевадағы брифингте «2019-nCoV вирусын емдейтін дәрі, ем табылған жоқ. Әрбір зерттеу мен тестің қауіпсіздігі мен пайдасын тексеру керек. Сондықтан әр тест пен зерттеуді ДДСҰ-ға тексертіп алуға кеңес береміз» деді.

Әдетте қандай да бір вирус пен дертке вакцина мен дәрі жасау үшін көп уақыт керек. Ұсынылған тестер мен дәрілердің көбі ем болмай жатады.

Ғалымдар коронавирусқа вакцина табылғаннын өзінде оны маусым айынан бастап қолданысқа енгізу мүмкін екенін айтады.

Қазір дәрігерлер коронавирус жұқтырғандарды емдеуге басқа вирустарға қарсы дайын препараттарды қолданып көріп жатыр.

Қазір коронавирустан қаза тапқандар мен жұқтырғандар саны күннен-күнге өсіп барады. 4 ақпандағы дерек бойынша, коронавирустан 490 адам қаза болды. Вирусты жұқтырғандар саны 24324 адамнан асты.

Коронавирус туралы не білу керек?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

Қаза тапқандардың көбі вирус шыққан Хубей провинциясы мен Ухань қаласында. Филиппин мен Гонконгта да бір-бір адам өлген. ДДСҰ есебінше, вирус жұқтырғандардың 99 пайызы Қытайда.

Қытай билігі миллиондаған халықты сыртқа шықпауға кеңес беріп жатыр. 50 миллионнан астам адам тұратын Хубей провинциясында карантин жарияланған.
АҚШ, Ұлыбритания, Ресей сынды елдер Қытайға ұшақтарды тоқтатты. Қазақстан да қазір Қытайға баратын пойыз, автобус, ұшақтарға шектеу қойған. Көптеген ел Қытай азаматтарына берілетін визаны уақытша тоқтатты.

5 ақпанда Қазақстан сыртқы істер министрлігі Уханьда қалған сегіз қазақстандық Өзбекстан мен Ресейге келгенін хабарлады. Осыған дейін Нұр-Сұлтан Уханьда жүрген 83 азаматын елге алып келген. Қазір олар оқшаулау орнында жатыр.

Орталық Азия елдерінде коронавирус тіркелген жоқ.

3 ақпанда Қытай билігі вируспен күрес «тиімсіз болып жатқанын» мойындады.

Коммунистік партияның саяси бюросы елдегі жабайы жануарлар мен жәндіктер сататын базарлардың барлығын жабуға бұйрық берді. Пекин елде аурухана құрылысын көбейтпек.

Шанхайға ұшып бара жатқан ұшақ, 4 ақпан 2020 жыл.
Шанхайға ұшып бара жатқан ұшақ, 4 ақпан 2020 жыл.

Вирус 2019 жылдың соңында Уханьдағы теңіз өнімдері базарынан тараған. Кейбір ақпарат құралдарының жазуынша, базар 1 қаңтарда жабылғанға дейін онда теңіз өнімдері ғана емес, жарқанат, тауық, қоян мен жылан заңсыз саудаланып келген. 22 қаңтар күні «Медициналық вирусология» журналында зерттеу жариялаған ғалымдар «вирустың жыланнан тарағанын» жазды. Мұны растайтын не жоққа шығаратын зерттеулер әлі жарияланбады.

30 қаңтарда ДДСҰ коронавирусқа байланысты халықаралық деңгейде төтенше жағдай жариялаған.

Reuters​, AFP агенттіктерінің ақпараты негізінде жазылды

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG