Accessibility links

Түркістан облысында 500-ден аса ауланы су басып, 250-ден аса адам эвакуацияланды


Түркістан облысындағы су басқан ауылдардың бірі. 14 мамыр 2020 жыл.
Түркістан облысындағы су басқан ауылдардың бірі. 14 мамыр 2020 жыл.

Түркістан облысы Төлеби, Қазығұрт және Бәйдібек аудандарында қатты нөсер жауып, жалпы 522 аула, бірнеше үйді су басып, 258 адам эвакуцияланды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов мәлімдеді.

13 мамырда кешке жақын Түркістан облысы мен Шымкент қаласында бірнеше ауылды су алып, тұрғындардың эвакуацияланып жатқаны хабарланған еді. Су алған ауылдар арасында Елтай, Екпінді, Достық, Сұлтанрабат елдімекендері бар. Леңгір қаласындағы бірнеше көшелерге су жайылған.

14 мамырда күндіз Достық және Сұлтанрабат ауылдарына барған Азаттық тілшісі кейбір ауыл тұрғындарының үйлеріне су кіріп кеткенін, қораларын су басып қалғанын көрді. Кейбірі қора-жайлар құлап жатыр. Ауыл ортасындағы каналдан су қатты ағып жатыр. Тұрғындардың бірі Азаттыққа судың сәрсенбі күні кешке жақын аяқ астынан келгенін, туыстарын сағалауға мәжбүр болғанын айтты.

Жергілікті биліктің мәліметі бойынша, төрт көпірді су шайып кеткен. Леңгір қаласындағы колледжден Сұлтанрабат ауылының тұрғындарына арнап эвакуациялық пункт ұйымдастырылған. Төлеби ауданына облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев келген.

Оқи отырыңыз: Тасқыннан қашқан жүздеген тұрғын арнайы орын мен туыстарын паналады​

Әзірге сел салдарынан нақты қанша шығын келгені белгісіз. Екі күн толассыз жауған жауын бейсенбі күні түстен кейін саябырлады. Бірақ алдағы күндері тағы да нөсер жауатын болса, су қайта тасуы мүмкін деп қауіптенеді жергілікті тұрғындар.

Мамырдың басында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы алты ауылды су алған еді. Көлденең келген апаттан мыңнан астам тұрғын үй, үш мектеп, бес балабақша, бірнеше медицина мекемесі мен мәдениет үйі бүлінді. Су алған аймақта тұратын 31 мыңнан астам адам үй-мүлкін тастап кетуге мәжбүр болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG