Accessibility links

Нұр-Сұлтанда медорталықтың фельдшерлері үстемақы талап етті


Нұр Сұлтандағы "Салауатты Астана" медициналық орталығының фельдшерлері үстемақы мен өтемақы талап етіп отыр. 14 мамыр 2020 жыл.
Нұр Сұлтандағы "Салауатты Астана" медициналық орталығының фельдшерлері үстемақы мен өтемақы талап етіп отыр. 14 мамыр 2020 жыл.

Нұр-Сұлтандағы отбасылық-дәрігерлік «Салауатты Астана» медицина орталығының 30 фельдшері мен бірнеше жүргізушісі карантин кезінде коронавируспен жұмыс істеген медициналық қызметкерлерге төленеді деген үстемақыны ала алмай отырғандарына шағымданады. Олардың айтуынша, үстемақыны талап еткен соң «13 маусымнан бастап орталықтағы жедел жәрдем санаты аутсорсингке берілетіндіктен басқа жұмысқа ауысуды, онымен келіспесе жұмыстан босатылатындары» туралы хабарлама алған.

Фельдшерлер қазан айына дейін зейнеткерлік жарна ұсталмайтын 200 мың теңге жалақы береміз дегенге сеніп, бұрын жұмыс істеп жүрген қалалық жедел жәрдем қызметінен шығып кеткенін айтады. Жақсы жалақы болады деп келгенмен медициналық орталықтың кейбір филиалында ұйықтап, тынығатын орын да болмаған.

- Қалалық жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп жүрген жерімізден бізді шақырды. «Салауатты Астана» жабылмайды, жұмыс істейді деп еді, енді үш ай болмай жатып жабылайын деп жатыр. Себебі біз президент айтқан 425 мың теңге үстемақыны беріңдер деп сұрадық, - дейді фельдшер Наурыз Каналбеков.

Фельдшерлер енді үстемақы сұрап жүргенде өтемақысыз қаламыз ба деп адвокат жалдағандарын айтады.

Фельдшерлер мен жүргізушілер талап еткен үстемақы туралы мекеме басшылығы екі түрлі пікір айтты.«Салауатты Астана» жетекшісі Гүлнар Жүнісова «медициналық сақтандыру қорынан ақша келіп түскен соң төлем төленетінін» мәлімдеді. Ал «Салауатты Астана» бақылау кеңесінің төрайымы Ләйла Ишбаева фельдшердерді заңды бұзды, карантин кезінде көп болып жиналды деп айыптады.

- «Салуатты Астана» медициналық орталығы фельдшерлері жедел жәрдем емес, «шұғыл көмекте» жұмыс істейді. Сондықтан олар денсаулық сақтау министрлігі айтқан санаттарға кірмейді, - дейді Ишбаева.

Фельдшерлер ауырғандармен байланыста болып, оларды ауруханаға жеткізгендерін айтады.

Нұр-Сұлтанда карантин кезінде пандемиямен күрескендерін айтып мемлекеттен бөлінген үстемақыны ала алмай жүрген медицина қызметкерлері көп. Бұған дейін Ақтөбе, Ақтау қаласы мен Ақмола облысының жедел жәрдем қызметкерлері де осындай талап қойған. Кейбір фельдшер үстемақы туралы талаптарынан соң құқық қорғау тарапынан ескерту де алған.

30 наурызда Қазақстан үкіметі коронавируспен ауырғандармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне қосымша үстемақы тағайындаған. Билік жарлығында үш санатқа бөлінген медицина қызметкерлеріне 212 мыңнан 850 мыңға дейін үстемақы төленетіні айтылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG