Өзбекстанда Әндіжан оқиғасы құрбандарын еске алып жатқан шақта халықаралық құқық қорғау тобы Ташкентті жүздеген бейбіт азамат опат болған оқиғаны ашық зерттеуге шақырды.
13 мамырда Civil Rights Defenders құқық қорғау тобы Әндіжан қаласындағы қырғынға байланысты бірде-бір мемлекеттік қызметкер немесе әскери шенеунік жауапқа тартылмады деп мәлімдеді.
2005 жылы 13 мамырда қарулы топ (арасында жақында түрмеден қашып шыққандар да бар) Әндіжан қаласына басып кіріп, биліктің бірнеше өкілін өлтіріп, қалғанын кепілге алған. Дәл осы уақытта қалада жүздеген адам келген бейбіт жиын басталайын деп жатқан. Қоғамдық тәртіп бұзылып, қала көшелерінде бейбіт жиынға қатысушылар мен қарулы топ өкілдері араласып кеткен.
Кешке қарай өзбек әскері Әндіжанға басып кіріп, алаңға жиналған жұртқа оқ боратқан. Ресми дерек бойынша, 187 адам мерт болған. Олардың басым бөлігі әскерилер мен бейбіт жиынға келгендер. Түрлі бейресми ақпараттарда мыңдаған адамның опат болғаны айтылады. Бас прокуратура 60 бейбіт тұрғынның өліміне ереуілшілерді айыптады.
Әндіжан оқиғасы бұрынғы президент Ислам Каримов билігі тұсындағы басып-жаншудың символына айналды. Ислам Каримов 1989 жылы билікке келген, 2016 жылы қайтыс болғанғанға дейін билікте қалған.
Ташкент әлі күнге дейін халықаралық қауымдастыққа Әндіжан оқиғасын тәуелсіз зерттеуге рұқсат етпей келеді.
Оқи отырыңыз: Өзбекстан билігі Әндіжан қырғынын талқылауға дайын ба?
ПІКІРЛЕР