Accessibility links

БАҚ: Нұр-Сұлтанда вирустан көз жұмған әйел дәрігер болған


Аурухана палатасы. Көрнекі сурет.
Аурухана палатасы. Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 13 мамырда қалада коронавирустан қайтыс болған әйел адам үйде өзін емдеген, ер адам карантинде болған.

"Өкінішке қарай, 13 мамырда екі адам қайтыс болды. 1958 жылғы әйел адам және 1977 жылғы ер адам. Екеуі де Нұр-Сұлтан тұрғындары. Әйел адам он шақты күн үйде болып, өзін емдеуге тырысқан. 31 наурызда жағдайы нашарлаған. Науқасты хаттамаға сәйкес емдеген. Реанимация шараларына қарамастан қайтыс болды" деді Сәуле Қисықова 15 мамыр күнгі онлайн-брифингте.

Sputnik Kazakhstan сайтының жазуынша, вирустан қайтыс болған әйел адам зейнетке шықса да Нұр-Сұлтанда жеке медициналық ұйымда дәрігер болып істеген. Оған вирус қайдан жұққаны айтылмайды.

Сәуле Қисықованың айтуынша, ер адамға коронавирус жақындарынан жұққан. Төрт күн бойы үйде карантинде болған. 17 сәуірде жедел жәрдем көлігімен инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Жағдайы нашарлаған соң 22 сәуірде реанимацияға ауыстырылған.

"Науқас соңғы екі жыл бойы өзге аурулармен ауырған" деді Қисықова.

Нұр-Сұлтанда барлығы бес адам коронавирустан қайтыс болған.

Денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметі бойынша, астанада 1173 адамнан коронавирус табылған. 588 адам жазылған. Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан республика бойынша Алматыдан кейін екінші орында тұр. 14 мамырда мұнда науқастар қатарына 25 адам қосылған.

Басқарма өкілінің айтуынша, науқастардың 4 пайызының жағдайы ауыр, 17 пайызының ахуалы орташа, 79 пайызында ауру жеңіл өтіп жатыр. Стационарда 661 адам емделіп жатыр. Бір адам жасанды аппаратпен тыныс алып жатыр.

Қазақстанда барлығы 5689 адамнан коронавирус табылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG