15 мамыр кешкі сағат 17.00-дегі ақпарат бойынша Тәжікстанда бір күнде 211 адамнан коронавирус анықталған. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. 4 адам қайтыс болған. Бір күнде 477 адам жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, елде барлығы 1118 адамға вирус жұққан, 33 адам қайтыс болған.
Дегенмен тұрғындар ресми статистикаға күмән келтіреді. Олардың пікірінше, науқастар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде коронавирустан көз жұмған таныстары мен жақындары, достары туралы пост жазғандар көбейген.
12 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Патрик О'Коннор Душанбедегі баспасөз мәслихаты кезінде Тәжікстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлап, вирус тез тарап жатқанын, профилактикалық шаралардың маңызын атап өткен.
Тәжікстан билігі бұған дейін ұзақ уақыт елде коронавирус барын мойындамай келген. Бірақ "пневмониямен ауырып, қайтыс болғандар саны" күрт көбейген. Әлем елдері пандемиямен күресіп, шектеу шараларын енгізіп жатқан кезде Тәжікстанда қоғамдық шаралар ұйымдастырылып, көпшілік баратын орындар ашық болған.
ДДСҰ ұйымының сарапшысы Патрик О'Коннор алдағы күндері қолданылатын шаралар адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады деді.
ПІКІРЛЕР