Accessibility links

Адвокат Айман Омарованың көлігі өртенді


Адвокат Айман Омарованың көлігі өртеніп жатқан сәт. Алматы, 18 мамыр 2020 жыл.

18 мамыр кешкісін Алматыда Әл-Фараби даңғылында адвокат Айман Омарованың көлігі өртенді. Омарова оқиға орнынан Facebook желісіне тікелей эфирге шықты. Сөзінше, көлігінің тежегіші істен шығып, кейін өртене бастаған. Омарова көліктен шығып үлгергенін айтты. Қорғаушы бұл жағдайды кәсіби қызметімен байланыстырады.

- Мұны кәсіби қызметіммен байланыстарымын. Ақырын келе жатып, тежегішті басқанымда, тежегіш ұстамай қалды. Айғайлай бастадым. Бұрылып, шығайын ба, секірейін деп ойлап тұрғанымда көлік әйтеу тоқтады. Әрең тоқтатқан кезде өртене бастады. Өртті өшірді. Бірақ көліктің жартысы жанып кетті. Кейбір құжатты алып шықты. Кейбірі жанып кетті. Стресс жағдайында тұрмын, - деді ол Азаттыққа.

Алматы қаласы полиция департаменті оқиғаға қатысты әзірге комментарий жариялаған жоқ.

2019 жылы 5 маусымда адвокат үйінде белгісіз біреулер итін өлтіріп кеткенін айтқан. Ол бұл оқиғаны да кәсіби қызметімен байланыстырған.

Айман Омарова Қазақстандағы қоғам назарын аударған бірнеше сотта адвокат болған. Ол Шыңжаңдағы қысымнан қашып қазақ-қытай шекарасын кесіп өткен қазақтардың, соның ішінде Сайрагүл Сауытбайдың ісінде, Қытай мәселесін көтерген белсенді Серікжан Біләш "араздықты қоздырды" деп айыпталғанда, зорлық-зомбылық көрген әйелдердің ісінде қорғаушы болған. Бұдан бөлек, ол - Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру ісі бойынша да адвокат.

Омарова - Қазақстан президенді Қасым-Жомарт Тоқаев құрған билік пен халық арасында диалог орнатуды көздейтін Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі. Ол Ұлттық кеңес отырыстарының бірінде Тоқаевтан даулы "Жала жабу" және "Араздықты қоздыру" бабын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстыруды сұраған. Құқық қорғаушылар бұл заң билік өкілдерін сынайтындардың аузын жабу құралы деп сынайды.

Омарова 2018 жылы АҚШ үкіметінің International Women of Courage Award, яғни Халықаралық батыл әйелдер сыйлығын иеленді. Бұл сыйлық 2007 жылдан бері кәсібін атқара жүріп, қайраткер ретінде танылған әйелдерге беріледі.

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG