Accessibility links

Сот Азаттықтың шағымы бойынша істі жүргізген полицейдің әрекетін заңсыз деп тауып, істі қайта тергеуге жіберді


Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі жасаған адамдар. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.
Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі жасаған адамдар. Алматы, 22 наурыз 2019 жыл.

15 сәуірде Алматы қалалық тергеу соты "Азаттық тілшілерінің жұмысына кедергі келтіру" ісін жүргізген полицейдің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, істі қайта тергеуге жіберу туралы қаулы шығарды. Бұл туралы адвокат Айман Омарова хабарлады.

Былтыр 22 наурызда Алматыда өткен наразылық кезінде бірнеше адам Азаттықтың түсірілім тобының камерасын бөгеп, тілшілердің жұмысына кедергі келтірген болатын. Осы оқиғадан кейін Азаттық тілшілері сотқа шағым түсірген еді. Азаттық тілшілері мен адвокаттың айтуынша, көп уақыт өтсе де, іс жылжымаған. Кейінірек адвокат Айман Омарова "полицияның әрекетсіздігіне" шағымданған.

15 сәуірде Алматы қалалық тергеу сотының судьясы Жақсылықов істі жүргізген Алмалы қалалық полиция басқармасының қызметкері "Елубаевтың әрекетсіздігін заңсыз деп танып, істі қайта тергеуді" тапсырған.

- Істі жүргізген полицей "қылмыстық құрамы жоқ" деп оны 17 қазанда номенклатуралық өндіріске жіберген. Бірақ полиция департаментінің хабарламасында уақыты басқаша көрсетілген. Сонда олардың берген жауабында қарама-қайшылық болып тұр. Мен осының бәрін сотта көрсетіп, істі тіркеп, полицейдің әрекетін заңсыз деп тануды сұраған болатынмын. Сот шағымымды жартылай қанағаттандырды. Яғни, істі тіркеу-тіркемеу мәселесін шешу үшін әуелі оқиғаны тексеру керек дейді. Заңбұзушылықты жою туралы қаулы етті, - деді Айман Омарова Азаттық тілшісіне.

"Жалпы бұл іс бойынша ешқандай тергеу жүргізілген жоқ. Ешкім мені немесе операторды шақырған жоқ, тергеу болған жоқ" деді сотқа шағым түсірген Азаттық тілшілерінің бірі Асылхан Мамашұлы.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр 19 наурызда президент қызметінен кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырғаннан кейін екі күннен соң Алматы мен Нұр-Сұлтан және өзге қалаларда наразылық болып, тұрғындар Астана атауын Нұр-Сұлтанға өзгерту, "жасанды билік транзиті" сияқты билік шешіміне наразылық танытқан. Наразылықтан хабар таратуға тырысқан Азаттық тілшілеріне белгісіз топ қысым жасап, жұмысына кедергі келтірген. Бұған дейін халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары биліктен журналистерді қудалауды тоқтатуды талап еткен.

Қарай отырыңыз: Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы (22 наурыз 2019 жыл).

Белгісіз топтың журналистер жұмысына әдейі кедергі жасауы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG