Accessibility links

Жітіқарадағы түрменің 25 қызметкерінен коронавирус табылды


Қостанай облысы Жітіқара қаласы маңындағы "Қара бүркіт" түрмесінде кем дегенде 25 қызметкерге коронавирус жұққан. Бұл туралы санитарлық дәрігерлер хабарлады.

19 мамыр таңертең Қостанай облысы тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаменті УК-161/3 мекемесінің 19 қызметкерінің (сегізі – әйел) қан анализінен коронавирус табылғанын мәлімдеді. Дертке шалдыққандар 21-54 жаста.

19 мамыр түске таман скрининг тексерісі кезінде осы түрменің тағы алты қызметкерінің вирус жұқтырғаны анықталған.

Ресми мәліметке сай, түрме қызметкерлері бұрын вирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Департаменттің мәлімдеуінше, қызметкерлер "казармада болған, түрмеден шықпаған". Санитарлық дәрігерлер вирус жұқтырғандар Жітіқарадағы ауруханаға жеткізіліп, емделіп жатқанын айтты.

Түрмеде отырғандардан анализ алынған-алынбағаны, вирус жұқтырғандар арасында сотталғандар бар-жоғы нақты айтылмады.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, қатаң режимдегі колонияда 87 адам жұмыс істейді, 287 адам қамауда отыр.

Жітіқарадағы бұл колонияда өмір бойына сотталған 27 жастағы Владислав Челах отыр. Ол 2012 жылы Алматы облысы Арқанкерген шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деп сотталған. 2017 жылы қараша айында БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабын бұзып, Челахты өз ісін "әділ және бейтарап сотта қарау құқығынан айырды" деген ұйғарым шығарған. 2019 жылы қаңтарда Қазақстан жоғарғы соты Челахтың сот үкімін жоққа шығаруды сұрап жазған арызын кері қайтарған.

19 мамырдағы ресми мәліметке сай, Қостанай облысында 98 адамнан короанвирус табылды. 47 адам емделіп шықты. Осы Жітіқара қаласында бір адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG