Литваның миграциялық түрмесінде депортация мәселесі жөніндегі сотты күтіп отырған Абдрэшид Кушаев Азаттық тілшісіне жабық лагерьден ашық лагерьге ауыстыру туралы өтінішінің қанағаттандырылмағанын айтты. Ешқандай елдің азаматы саналмайтын Кушаевтың айтуынша, ашық лагерьде еркіндік көбірек және оның ол жерге ауысуын өзі емделген психиатриялық клиника да қолдаған. Кушаев клиникада алты күн өткізіп, 13 мамыр күні шыққан.
Кушаев түрме әкімдігінің аптасына екі рет бір сағаттан интернетті пайдалануға мүмкіндік бергенін айтты. Қазір ол коронавирус пандемиясына байланысты бір орынды камерада карантинде отыр. Ол жерге оны 13 мамырда - психиатриялық клиникадан емделіп шыққан күні - екі аптаға орналастырған.
Кушаевтың айтуынша, 6 мамырға жоспарланған Эстонияға депортациялау жөніндегі сот 3 маусымға ауыстырылған. Кушаев саяси баспана сұраған Еуропа елдерінің соттары оның өтінішін қанағаттандыруға негіз таппағанын мәлімдеген. Депортацияланатын ел ретінде Эстонияның қарастырылу себебі cол - Кушаев Еуропа одағы аумағына Эстония арқылы кірген.
Абдрэшид Кушаев бес жыл бұрын Өзбекстанның түрмесінен қашып шығып, Қазақстан және Ресей арқылы Эстонияға жеткен. 2017 жылы күзден бастап Еуропа түрмелерінде болды. Оның бостандыққа шығу не түрменің жабық түрінен ашық түріне ауыстыру туралы осыған дейінгі өтініштерінің бәрі сәтсіз аяқталды.
Кушаев Литваға заңсыз кірді деген айыппен 2019 жылы қазанда қамауға алынған. Екі айлық қамау алдымен 10 наурызға дейін, кейін 10 маусымға дейін ұзартылған.
Азаттық Еуропаның түрлі елін кезуге мәжбүр болған Кушаевтың тағдырын бақылап келеді. Ол азаматтық некедегі әйелі Ирина Белокопытова екеуі Эстония, Германия және Данияда болған. Бірақ кейін саяси баспана ала алмаған соң, бұл елдерден қашып шыққан я қуылған. Кушаев Литваға Испанияға жетіп алу үшін барған. Украина азаматы Белокопытова қазір Испанияда тұрады.
Кушаев өзі қашып шыққан Өзбекстанның азаматтығынан айырылып, бірақ басқа елдің азаматтығын алып үлгермеген.
ПІКІРЛЕР