Accessibility links

Азаматтығы жоқ тұлға. Өзбекстаннан Еуропаға қашқан адамның сергелдеңі


Өзбекстаннан қашқан Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.
Өзбекстаннан қашқан Әбдірешид Кушаев. Алматы, 17 наурыз 2015 жыл.

Бес жыл бұрын Өзбекстаннан қашып, Қазақстан мен Ресей арқылы өзі "жерұйыққа" балаған Эстонияға жеткен Әбдірешид Кушаев 2017 жылдың күзінен бері Еуропа түрмесінде отыр. Жақында Литва соты оны наурыздың 10-ына дейін тұтқында қалдырды. Кушаевқа миграция заңын бұзды деген айып тағылған.

Литва жоғарғы әкімшілік соты қаңтардың 22-сі күні Өзбекстаннан келген 55 жастағы Әбдірешид Кушаевтың өзін 2020 жылдың 10 наурызына дейін (осы уақыт ішінде оған босқын мәртебесі берілмесе) түрмеде қалдыру туралы осыған дейін шығарылған сот шешіміне шағымын қанағаттандырудан бас тартты.

Кушаев Еуропада босқын мәртебесін алуға 2015 жылдың күзінен бастап талпынып келеді. Әзірге еш нәтиже жоқ.

ҚЫЗЫҒЫ ҚЫСҚА БОЛҒАН "ЖЕРҰЙЫҚ"

Өзбекстаннан қашып, Еуропаға жетуді мақсат еткен Әбдірешид Кушаев 2015 жылдың қазан айында Эстонияға аумағына заңсыз өткен еді. Эстония Кушаевқа алғашқыда "жерұйық" болып көрінген соң, ол бұл елді Финляндияға жетер жолдағы аралық орын ретінде пайдалану туралы жоспарынан бас тартты. Осылайша ол Эстонияда қалып қойды.

"Жағдайым ертегіге бергісіз жақсы. Эстонияға келіп ес жиып, тартқан бүкіл азабымның "өтеуін" алдым. Босқындар орталығы ауылды жерде орналасқан. Мұнда шырша, қарағай көп. Табиғаты тамылжыған, ертегі әлеміндегідей жер екен. Жәрдемақы аламын, жылы бөлме берді. Мұның бәрін эстон жерұйығы атаймын" деп жазған еді сол кездегі жағдайы туралы Азаттық тілшісіне Әбдірешид Кушаев.

Әр жексенбі күні діндар адамдарды автобуспен босқындар орталығына жақын жердегі протестант шіркеуіне апаратын. Бұл "Жаңа апостол" (протестант) шіркеуін қолдайтын Кушаевтың көңілінен шығып, оған эстондарда протестант мәдениеті қалыптасқаны ұнаған.

Босқын мәртебесін сұраған Әбдірешид Кушаевқа Эстония билігі берген құжат.
Босқын мәртебесін сұраған Әбдірешид Кушаевқа Эстония билігі берген құжат.

Босқындар орталығында Кушаев Украинадан келген босқын, екі жасөспірім ұлы бар Ирина Белокопытованы кездестіріп, ғашық болған. Кушаевтан он жас кіші Ирина да протестант. Желтоқсан айының ортасынан бастап олар бірге тұра бастаған.

Кушаев 2016 жылы сәуірдің 25-і күні Ridero интернет-баспасы арқылы жариялаған "Еркін Еуропаға!" деп аталатын кітабында сол кездегі бақыты туралы "Біз бұрын басымыздан өтпеген махаббатты сезіндік. Екеуміздің жан-дүние, бүкіл болмысымыздың таңғаларлық сәйкестігі - туған елімізде біз өткерген сынақтардың өтеуі сияқты" деп жазады.

Кушаев бұл кітабында Совет одағы тараған кезден бастап өзінің Еуропадағы бақытты күндеріне (2016 жылғы сәуірдің ортасына) дейін басынан өткен хикаясын баяндайды. Шығарманың соңында автор оқырмандарына әңгімесін екінші кітабында жалғастыратынын айтады. Бірақ әзірге кітаптың жалғасы жарық көрген жоқ.

ЕУРОПАДАҒЫ ҚИЫН-ҚЫСТАУ КҮНДЕР

2016 жылы мамырдың 5-і күні, Өзбекстаннан келген босқынның кітабы интернетте жарияланғаннан кейін он күн өткенде, Эстония билігі Кушаев, азаматтық некедегі әйелі Ирина Белокопытова және оның екі ұлына босқын мәртебесі мен тұрғылықты мекенжай анықтамасын беруден бас тартты. Кушаевқа Эстония билігінің шешіміне байланысты шағым беруге он күн және елден ерікті түрде кетуге бір ай уақыт берілді. Өзбекстан азаматының шағымы қанағаттандырылған жоқ.

Эстонияда заңды жолмен қалуға талпынысы нәтижесіз аяқталған соң, Кушаев пен оның азаматтық некедегі әйелі балаларымен бірге 2017 жылы тамыздың 5-і күні Германияға барып, босқын мәртебесін сұраған.

Германияның иммиграциялық билігі Кушаевты Белокопытова мен балаларынан ажыратып, оны елдің солтүстігіндегі шетелдіктерге арналған лагерьге жіберді. Ал Белокопытова мен балалары Германияның басқа бөлігіндегі лагерьге түскен. Кушаев пен Белокопытова балаларымен бірге Германияда 2017 жылдың желтоқсан айына дейін болған. Бірақ босқын мәртебесін ала алмады.

Желтоқсан айында Кушаев отбасымен Данияға қашты. Онда Кушаевты Ellebek түрмесіне жауып, Белокопытова мен балаларына шетелдіктерге арналған ашық лагерьден орын берген.

2018 жылдың сәуір айында Кушаев пен жақындарын Даниядан Эстонияға депортациялады. Ол Эстония өзін адам құқықтары қатаң бұзылатын Өзбекстанға қайтаруы мүмкін деп қауіптенетінін айтып, депортацияға қарсылық білдіргенімен, еш нәтиже шығара алмады.

Эстонияда Әбдірешид Кушаев 2018 жылдың сәуірінен 2019 жылдың қыркүйек айына дейін иммигранттарға арналған түрмеде отырған. Осы уақыт аралығында Кушаев тағы да өтініш беріп, босқын мәртебесін ала алмаған. 2019 жылы қазанның 1-і күні Эстониядағы бірінші инстанция соты оның босқын мәртебесін алу туралы өтінішін қанағаттандырмай, елден кетуін талап еткен.

Сот Кушаевты депортациялай алмаған. Өйткені Кушаевтың азаматтығы болмағандықтан, Өзбекстан оны кері қабылдаудан бас тартқан. Бірінші инстанциядағы сот Кушаевқа оның апелляциялық шағым беруге құқығы барын, бірақ шағым қаралып жатқан кездің өзінде Эстонияда болмауы керегін ескерткен.

Әбдірешид Кушаевтың босқындар орталығы ғимараты алдында түскен суреті. Вао уезінің Ля́эне-Ви́румаа селосы. Эстония, 19 қаңтар 2016 жыл.
Әбдірешид Кушаевтың босқындар орталығы ғимараты алдында түскен суреті. Вао уезінің Ля́эне-Ви́румаа селосы. Эстония, 19 қаңтар 2016 жыл.

Осылайша Кушаев қиын жағдайда қалды. Біраз уақыт ол жергілікті шіркеу пасторының үйінде тұрған. Бір аптадан кейін Эстониядан ерікті түрде кетіп, Литва арқылы Польшаға бет алған. Польшадан ары қарай Испанияға жетемін деп үміттенген.

Неге Испания? Кушаевтың азаматтық некедегі әйелі Ирина Белокопытова екі баласымен бірге 2018 жылдың қазан айында Эстониядан кетіп, Украинаға оралған. Олар еркін болғандықтан, лагерьде емес, пәтерде тұрған. Сол жылдың желтоқсан айына дейін Ирина балаларымен бірге Украинада болған. Осы уақыт ішінде оған биометрикалық төлқұжат дайындап берген. Украиналықтар аталған құжат көмегімен Шенген аймағына кіретін елдерге еркін саяхаттай алады. 2018 жылдың желтоқсан айында Ирина Белокопытова балаларымен бірге Испанияға барған. Ол қазірге дейін Испаниядағы оңалту орталығында тұрады, испан тілін үйреніп, өзіне жұмыс іздеп жүр. Балалар мектепке барады.

2019 жылы қазанның 10-ы күні Кушаевты Литва полициясы ұстаған. Ол өзіне Литвада босқын мәртебесін беруді сұрап, өтініш жазған. Бірақ Ішкі істер министрлігінің миграция жөніндегі департаменті "босқын мәртебесін беру туралы өтінішті қарастырмау" туралы шешім шығарған. Тергеу түрмесіне түскен Кушаев бұл шешімге байланысты шағым түсіргенімен, 2019 жылы қарашаның 11-і күні сот ол шешімді өзгеріссіз қалдырған.

Кушаев Литвадағы тергеу түрмесінде жатқан кезде оған Эстонияның 2018 жылы қазанның 29-ы күні өткен апелляция сотының берілген өтінішті қарастырмау туралы шешімі келді. Эстония апелляция соты Кушаевтың Өзбекстанда дискриминацияға ұшырамағанын, оның босқын мәртебесін алуға талпынысының астарында өмір сүру жағдайын жақсарту ниетінен басқа себеп жоғын айтқан. Сот Кушаевтың Испанияға азаматтық некедегі әйелінің жанына бармақ болғанын дәлел ретінде келтірген. Эстония соты Кушаев шетелдіктердің Еуропа одағы аумағында жүру ережелерін қатаң бұзған және Испанияға жету үшін тағы да осындай заңбұзушылыққа баруы мүмкін деп тапқан.

КУШАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙДЕГІ ХИКАЯСЫ

Орыстілді этникалық татар Әбдірешид Кушаев 1964 жылы ақпанның 15-і күні Өзбекстанда дүниеге келген. Ол жақта Кушаев азаматтығы жоқ адамға айналған. Төлқұжаты болмаған соң, Өзбекстаннан шыға алмаған. Тұрғылықты мекенжай анықтамасының мерзімі 2015 жылы ақпанның 5-і күні аяқталған. Аталған құжатсыз мекенжай анықтамасын бермейтіндіктен Кушаев жұмысқа орналаса алмаған. Сол кезде Кушаевтың анасы дүние салған (әкесі 2001 жылы қайтыс болған).

2015 жылы наурыз айының басында Кушаев Өзбекстаннан қашып, Қазақстан шекарасынан заңсыз өткен. Алматыға жетіп, миграциялық полицияға туған жерінде діни және ұлттық сипатына байланысты дискриминацияға ұшырағанын, милициядан қорлық көргенін айтып, босқын мәртебесін беруді сұраған.

Бұл жолы Кушаев Өзбекстаннан екінші рет қашқан болатын. Алғаш рет 2002 жылы әкесі қайтыс болғаннан кейін Өзбекстаннан Ресейге барған еді. Ол анасы екеуінің агрессивті маргиналдар мен милицияның алдында қорғансыз күйде қалғанын айтқан. Әкесінен мұраға қалған мүлікті сатып, анасына Ташкенттен пәтер әперген соң, ақшаның біраз бөлігін анасына қалдырып, қалған қаржыға жалғыз өзі елден кетуді ұйғарған. 2002 жылы Өзбекстаннан қашудың тағы бір себебі – Ресей азаматтығын алуға талпынған-ды. Кушаев 1992 жылы Ресейде заңды жүрген кезде азаматтық ала алмаған. Сол жылы Өзбекстанға оралғанда, өзбек азаматтығын алудың соңғы мерзімін өткізіп алған.

2002-2004 жылдары Кушаев Ресей азаматтығына қол жеткізе алмады. Ресей билігінен өзін Өзбекстанға депортациялауды сұраған Кушаевты 2004 жылы шілде айында Қазаннан Ташкентке баратын ұшаққа мемлекет есебінен отырғызып, Ресейден шығарып жіберген.

Кушаев Өзбекстанға келгеннен кейін батыс мемлекеттерінің елшіліктеріне өтініш беріп, елден заңды жолмен шетелге кетуге тырысқан. Бірақ барлық қадамы сәтсіз аяқталған. Кушаев екінші рет 2015 жылы наурыздың 3-і күні өзбек-қазақ шекарасынан заңсыз өткен. Бірінші қазақ елдімекеніне жеткенге дейін ол Іле Алатауы тауларымен үш күн жүрген. Бұл Кушаев үшін физикалық және психологиялық тұрғыдан ауыр сынақ болған. Бірақ ол шыдап, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту бойынша "тәжірибе" жинаған.

Алматының миграция полициясы 2015 жылы сәуірде Кушаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Бірақ оған маусымның 10-на дейін жарамды босқын мәртебесін сұраушы тұлға куәлігін берген. Кушаевтың осы мәртебесін сақтап, Қазақстанда заңды жолмен ұзақ уақытқа қалу туралы ойы да жүзеге аспады.

Кушаев "Еркін Еуропаға!" кітабында Қазақстанда Өзбекстанға қарағанда жеңілірек болғанын жазады. Ол Алматыда екі фильмде көпшілік сахнасына түсіп үлгерген. Оның бірі – Қазақстанның сол кездегі президентінің кенже қызы Әлия Назарбаева продюсерлік еткен "Анаға апарар жол" фильмі. Кушаев кітабында Қазақстанда да дискриминацияға ұшырағанын айтады.

Кушаев Қазақстаннан Ресейге жол жүріп, шекарадан жасырын өтуге тырысқан. Сол үшін кейде батпақ кешіп жаяу-жалпылап жүруге тура келген. Малмаңдай су болып, қатты қорыққанымен, Қазақстан мен Ресей тарапынан шекарашылар кездеспеген. Омбыға жетіп, босқын мәртебесін сұраған. Полиция оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін айыптаған соң, Кушаев Мәскеуге қашып, ел астанасына 2015 жылы қазанның 3-і күні жеткен.

Кушаев Мәскеуде АҚШ пен Норвегия елшіліктерінен, құқық қорғау ұйымдарынан, БҰҰ-ның Мәскеу бойынша босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарынан көмек сұрап, хат жазды. Бірақ бұл әрекетінен де еш нәтиже шықпады. Осыдан кейін Кушаев Эстония арқылы Финляндияға кетуге бел буған. Ол қазанның 7-сі күні шекарадан заңсыз өтіп, Тарту қаласына жеткен. Кушаев 2015 жылдың қазан айынан 2016 жылдың мамырына дейін Эстонияда өткен уақытын өміріндегі ең бақытты күндері санайды.

Кушаев Өзбекстаннан қашқанымен, ол елдің азаматы емес. Оны Өзбекстанмен мерзімі әлдеқашан аяқталған тұрғылықты мекенжай анықтамасы ғана байланыстырады. Қазір ол азаматтығы жоқ тұлға саналады. Өзбекстан Кушаевты қабылдаудан бас тартып отыр. Бұл Кушаевты қайда депортациялайтынын білмей, бас қатырған Еуропа елдері үшін басты мәселеге айналды.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG