Accessibility links

Ресейден Тәжікстанға 220 мигрант депортацияланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

20 мамырда таңертең Tajik air әуе компаниясы Ресейден сот шешімімен депортацияланған 220 тәжік азаматын Душанбеге жеткізді. Ресейде қаза болған еңбек мигранттарының да сүйегі осы рейспен әкелінген. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады. Наурыз айының басынан бері коронавирусқа байланысты Ресейде әуе қатынасы үзіліп, жүздеген тәжік мигранты еліне жете алмай қалған еді.

Ережеге сәйкес, шетелден келгендер екі апта карантинде болады. Азаттықтың Тәжік қызметі үкіметтегі құпия дереккөзге сүйеніп, келгендер арасында әйелдер мен балалар барын хабарлады.

Бұған дейін Tajik air әуе компаниясының басшылығы тәжік азаматтарын еліне қайтару үшін 19 мамырда кешке әуе компаниясы лайнерінің Мәскеуге ұшып кеткенін хабарлаған болатын. Компания қызметкерлерінің айтуынша, Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігінде алдын ала тіркелгендер ғана чартерлік рейс арқылы еліне қайта алады.

"Бұл рейске билеттер ашық сатылмайды" деді компания өкілдері.

Құқық қорғаушы Иззат Амон Азаттық тілшісіне 19 мамырда Tajik air әуе компаниясының чартерлік рейсімен мигранттардың да сүйегі елге жеткізіледі деп айтқан.

"Олар түрлі себеппен қайтыс болған және осы уақыт бойы мәйітханада болған" деді ол.

Үкіметтегі құпия дереккөз ақпаратты растамады, жоққа шығарған да жоқ.

Бұған дейін құпия дереккөзге сүйенген "Таджинфо" сайты чартерлік рейспен Мәскеуден Душанбеге 28 азаматтың денесі жеткізілетінін хабарлаған. Сайттың жазуынша, осы ұшақпен Сахарово елді мекеніне жақын жерде қамау мекемесінде болған 200-ден астам мигрант келеді.

Осыған дейін Ресейден бөлек, Түркия, БАӘ, Үндістан, Германия, Қазақстан және өзге елдерде қалған тәжік азаматтары биліктің оларды елге қайтаруға күш салмай жатқанын айтып, шағымданған болатын.

Тәжікстанның СІМ хабарлауынша, коронавирустың таралуын ескерту жөніндегі республикалық штаб індетке байланысты шетелде қалып қалған тәжіктердің тізімін жасап, елге қайтару жағын қарастырып жатыр. Дегенмен олардың әзірге қашан қайтатыны белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG