Киевте Жоғарғы раданың 8 және 9-шақырылым депутаты Валерий Давиденконың денесі табылды. Ол экономикалық даму мәселелері жөніндегі комитет мүшесі болған.
2014 жылы кезектен тыс парламент сайлауы кезінде Давиденко Жоғарғы радаға бір мандаттық сайлау округы бойынша "Заступ" жалпыхалықтық бірлестік атынан сайланған. Ол кезде сайлаушылардың 39 пайыз дауысын алған.
2019 жылы тәуелсіз кандидат ретінде сайлауға қатысып, Жоғарғы раданың 9-шақырылым депутаты болған. 2019 жылы 6 желтоқсанда "Сенім" депутаттық тобына мүше болды, бұған дейін бірде-бір фракция құрамында болмаған.
Украинаның ішкі істер министрінің орынбасары Антон Геращенко депутаттың мерт болғаны туралы ақпаратты растады. Полиция және прокуратура қайғылы оқиғаның барлық ықтимал себептерін тексеріп жатыр.
Құқық қорғау органдарындағы құпия дереккөзге сүйенген LB.ua сайтының жазуынша, полиция "суицид" деген болжамды негізгі версия ретінде қарастырып отыр. Бірақ тергеу органдары "суицид қылып көрсетуге тырысты" деген болжамды да жоққа шығармайды.
Киевтен келген басқа ақпарат бойынша, полиция оқиғаны "қасақана адам өлтіру бабы" бойынша зерттеп жатыр.
Валерий Давиденко 2013 мамыр және 2014 жылдың наурыз айында Украинаның аграрлық саясат және азық-түлік министрінің орынбасары қызметін атқарған.
ПІКІРЛЕР