Accessibility links

"Көше партиясын" қолдап, жазаға тартылған белсенділер соты өтіп жатыр


Семейдегі әкімшілік соты алдында отырған белсенділер. 27 мамыр, 2020 жыл.
Семейдегі әкімшілік соты алдында отырған белсенділер. 27 мамыр, 2020 жыл.

Семей қалалық әкімшілік сотында жергілікті бес азаматтық белсендінің шағымы қаралып жатыр. Олар бұған дейін тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысы мен оралдық белсенді Қуаныш Молдалиевті қолдағаны үшін әкімшілік жазаға тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелген еді.

Семейлік белсенділер Айгүл Исенова, Райгүл Садырбаева, Анар Қалиева, Кербез Егінбаева және Қанат Ниқамбаев 14 наурызда видео жариялаған. Бұдан соң оларды полиция үйінен алып кетіп, сот әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш (132 мың теңге) көлемінде айыппұл салған.

"Бізге Әкімшілік кодекстің ("ҚР-ның коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасын бұзу") 489-бап 10-бөлімі бойынша айыппұл салды. Біз бірден шағым түсіргенбіз, бірақ екі ай бойы өтінішіміз қаралмады, бүгін ғана қарай бастады" деді Айгүл Исенова сәрсенбі күні.

27 мамырда сот Райгүл Садырбаева мен Қанат Ниқамбаевтың апелляциялық шағымдарын қарап, қанағаттандырмаған.

- Мені соттады. Соңында судья қоқан-лоқы сөздер айтты. "Көше партиясы" туралы шешім ҚДТ туралы шешіммен теңестірілгенін, оның экстремистік ұйым екенін айтты. Егер "бұл ойынды тоқтатпасақ" келесісі қылмыстық іс болады деп ескертті. Яғни, бұл саяси қудалау. Ол кезде біз Есіл аудандық сотының солай шешім шығаратынын білмедік. Оның үстіне ол шешімді ешкім көрген жоқ. Жарияланған да жоқ. Бәрі ауызша айтады, бірақ заңдық негізі жоқ, - деді белсенді Райгүл Садырбаева.

Белсенді Райгүл Садырбаева бір күнде 4 процеске қатысқан. Екеуі - хаттама толтыру кезінде кеткен заңсыз әрекеттермен, қалғаны белсендіге айыппұл салу туралы қаулылармен байланысты.

- Процесс басталғанға дейін мені ішкі саясат бөліміне шақырды. Қысым көрсетіп, мені ҚДТ-ға тартуға тырысты. Судья да "ҚДТ-ны білесіз бе?" деген сияқты арандату сұрақтар қойды. "Әрине, бірақ ҚДТ-ның не қатысы бар?" деп жауап бердім, - деді Садырбаева.

Сәрсенбі күні Райгүлді қолдап келген адамдарды залға кіргізбеді. Бұған қоса, видео түсіруге рұқсат етпеген.

- Видео түсіруге тыйым салды. Бұған қоса, мен сұраған видеожазбаны әлеуметтік желіде таратуға тыйым салды, - деді Райгүл Садырбаева.

Райгүл ашық процестен видеожазба таратуға тыйым салатын қағазға қол қоюдан бас тартқан.

- Үш күннен кейін видеожазбаға келіңіз деді. Олар бергісі келмейтін сияқты, олардың қулықтарын білеміз ғой, - деді Айгүл Исенова.

19 мамырда Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы соты тіркелмеген "Көше партиясы" қозғалысы елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған болатын. Прокуратура таратқан баспасөз хабарламасында елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының өз атауын "Көше партиясына" ауыстырғаны туралы жазылған.

Шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік" деп танығанмен Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG