Accessibility links

Дулат Ағаділдің өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды


Дулат Ағаділдің суретін ұстап тұрған белсенді.

Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмған азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы хабарлады.

"Тәжірибелі сот-медицина сарапшылары мен жоғары санаттағы кардиологтардан құралған комиссия Ағаділ өлімінің себептерін мұқият зерттеді. Ағаділдің жақын туыстарының өтініші бойынша комиссияға енген сарапшылар да бар. Олар Ағаділдің миокард инфарктінен қайтыс болғанын анықтады. Марқұмның артерия тамырлары түйіліп, қан ұюы бұзылғандықтан түйнек пайда болған, соның әсерінен жүректің сол жақ қарыншасында қан айналысы нашарлаған" делінген хабарламада.

Прокуратураның хабарлауынша, комиссия мүшелері Ағаділ денесінен жарақат таппаған.

"Осыған орай қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан 25 мамырда Ағаділ өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды" делінген хабарламада.

Ағаділдің анасы 28 мамырда Азаттық тілшісіне қылмыстық істің тоқтағанын білмейтінін айтты.

- Хабарым жоқ. Тоқтады деп кім айтты? Бізге айтқан жоқ. Өткенде адвокат келіп кеткен. Одан кейін хабар жоқ. 25 (мамырда) хабарласамын деп еді. Ешкім хабарласпады, - деді Гүлбараш Жолмұханбетова.

Дулат Ағаділдің жұбайы Гүлнара Қасымханова прокуратураның бұл шешімімен мүлде келіспейтіндіктерін, қайта шағымданатынын айтты.

Биыл 24 ақпанда түнде қарапайым киімдегі бірнеше адам үйінен әкеткен 44 жастағы белсенді Дулат Ағаділ ертесіне Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмды. (Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, полиция қызметкерлері Ағаділді оның үстінен қозғалған қылмыстық іске байланысты үйінен ұстап әкеткен). Ішкі істер министрлігі белсендінің "жүрек талмасынан" қайтыс болғанын хабарлады.

27 ақпанда әлеуметтік желіде тараған Ағаділ мәйітінің видеосында оны түсірген адам марқұмның денесінде көгерген іздер барын айтады. Кейінірек жергілікті прокуратура "видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар - биологиялық өлім белгілері" деп мәлімдеген.

Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық акцияларына қатысушылар белсендінің қазасына билікті кінәлады.

28 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ "жүрек талмасынан қайтыс болды" деп мәлімдеген. Ресми сараптама қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды қоғам өкілдері сынаған.

Дулат Ағаділдің полиция әкеткен соң жұмбақ қазаға ұшырауына байланысты АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Нұр-Сұлтанды тергеуді ашық әрі әділ жүргізуге шақырған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар мен белсенділер Дулат Ағаділдің қазасын "саяси сипаты бар" деп санап, тергеуді әділ жүргізуді талап етіп келеді.

(Бұл жаңалықты әзірлеуге Өркен Жоямерген де қатысты).

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG