Accessibility links

Пандемия кезінде АҚШ-та 40 млн-нан астам адам жұмыссыз қалған


Жұмысынан айрылған азаматтар пәтерақысын төлеуге көмектесуді сұрап тұр. АҚШ, Калифорния штаты.
Жұмысынан айрылған азаматтар пәтерақысын төлеуге көмектесуді сұрап тұр. АҚШ, Калифорния штаты.

Эпидемия басталғалы бері АҚШ-та жұмыссыздар жәрдемақысын алуға өтініш бергендер саны 40 миллионнан асқан. Соңғы бір аптада 2,1 млн АҚШ азаматы өтініш түсірген. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда сәл азырақ. Мұнда бір аптада 6 миллионға жуық өтініш түскен кездер де болған.

Елде жалпы жұмыссыздық деңгейін Ұлы дағдарыс кезеңіндегі жағдаймен салыстыруға болады. Сәуір айында жұмыссыздық деңгейі 14 пайызға жеткен, мамыр айында 20 пайыздан асады деген болжам бар.

Дегенмен АҚШ-та наурыз айының ортасынан бері алғаш рет жұмыссыздар санының төмендей бастағаны байқалады. Егер өткен аптада 25 млн азамат жәрдемақы алса, осы аптада 21 млн адам алған.

Миллиондаған америкалықтардың жұмысынан айрылуының басты себебі - коронавирусқа байанысты кәсіпорындар жұмысының шектелуі. АҚШ-та карантин шаралары наурыз айының екінші жартысынан бастап енгізіле бастаған. Сәуір айының соңында шектеу шаралары біртіндеп жойыла бастады. Президент Дональд Трамп әкімшілігі карантиннен шыққаннан кейін жұмыс орындары жылдам қалпына келеді деп санайды.

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны жағынан АҚШ алда тұр. Мұнда вирустан 100 мыңнан астам адам қайтыс болған. 1,7 млн адамға вирус жұққан. Президент Дональд Трамп қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG