Accessibility links

Алматы облысында коронавирус зиратына жерленгендер көбейді. Ал ресми мәлімет өзгермеді


Коронавирустан қайтыс болғандар зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 29 мамыр 2020 жыл.

Алматы облысы Іле ауданы Қараой елдімекені маңындағы коронавирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны 6 адамға көбейді. 4 күн бұрын мұнда 32 адамның бейіті болған, 29 мамырда Азаттық тілшісі бейіттер санының 38-ге көбейгенін көрді.

Қазір зираттың мұсылмандық ғұрыппен жерленгендер жағында - 18, христиандық ғұрыппен жерленгендер жағында 20 адамның бейіті жатыр. Ал ресми дерек бойынша, Алматы қаласында коронавирустан қайтыс болғандар саны өзгермеген: Алматы қаласында 10 адам коронавирустан қайтыс болған, Алматы облысында адам өлімі тіркелмеген.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, зиратқа жаңадан жерленгендердің бейітіне тақтатас та қойылмаған. Бейіт басындағы ағаш белгіге 6 саннан тұратын нөмір жазылған. Жұма күні бейіт маңында ешкім болмады. Азаттық тілшісі 29 мамырда түсте ресми органдардан жауап ала алмады.

Қазақстанда ресми дерек бойынша коронавирустан қайтыс болғандар мен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасындағы сәйкессіздік соңғы бірнеше күннен бері айтыла бастаған. Бұған дейін осыған ұқсас жағдай Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында болған.

Осы аптада денсаулық сақтау министрлік өкілдері арнайы зиратқа жерленген кейбір адамдардың өліміне коронавирус инфекциясы себеп болған жоқ деп айтқан еді. Алматы әкімдігі өкілдері де соған ұқсас жауапты қайталаған.

Оқи отырыңыз: Әкімдік: Алматы іргесінде жерленген 22 адамның өліміне COVID-19 "жанама әсер етті"

Сәуір айының соңында денсаулық сақтау министрлігі әр аймақта коронавирус жұқтырып қайтыс болғандардың өлімін тексеретін комиссия құрған. Олар марқұмның өліміне коронавирус әсер еткенін я басқа созылмалы дерті себеп болғанын анықтауы тиіс. Комиссия "коронавирус марқұмның өліміне жанама түрде әсер еткен, негізгі өлімі созылмалы дерттен болған" деп тапса, қайтыс болған адам ресми статистикаға енбейді. ​

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлем елдеріне қайтыс болған адамнан COVID-19 анықталса, басқа қандай ауруы барына қарамастан марқұмды коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енгізуді ұсынған.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 29 мамырдағы ресми мәліметінше, елде 9932 адамнан коронавирус табылды. 4900 адам дерттен айықты. Ал министрліктің коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енген 37 марқұм мына аймақтарда:

  • Алматы қаласы – 10
  • Шымкент қаласы – 6
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 6
  • Ақмола облысы – 4
  • Қарағанды облысы – 3
  • Павлодар облысы – 2
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1
  • Жамбыл облысы – 1
  • Қостанай облысы – 2
  • Маңғыстау облысы – 1
  • Түркістан облысы – 1

Қарай отырыңыз: Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді? (25 мамыр 2020 жыл).

Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG