Accessibility links

Вирус құрбандары ресми деректе – 10 адам. Ал коронавирус зиратында 32 марқұм жерленген


Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді?

Алматы облысы Қараой ауылының маңындағы коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін арнайы зиратқа 32 адам жерленген. Ресми дерек бойынша, Алматы қаласында COVID-19 жұғып, көз жұмғандар саны 10 адам. Ал Алматы облысы аумағында өлім тіркелмеген. Қабір саны мен билік таратқан ақпараттағы дерек сәйкеспейді. Азаттық тілшісі Алматыдан 50 шақырым қашықтықта орналасқан зиратқа барып, жерлеу рәсіміне куә болып қайтты.

КЕШ АНЫҚТАЛҒАН ДИАГНОЗ

Алматы тұрғыны Надежда – 73 жастағы анасын ақтық сапарға шығарып салу үшін коронавирус құрбандарын жерлейтін бейіт басына келгендердің бірі. Ол анасы мамырдың ортасында науқастанып, емханаға апарғанын, дәрігерлер науқасты рентгенге түсіріп, екі жақты пневмония диагнозын қойғанын, алайда коронавирусты анықтайтын экспресс-тест теріс нәтиже көрсеткенін айтады.

- Ауруханаға жатсын деді. Бірақ біздің өз дәрігеріміз бар. Ем жазып беріп, сонымен емделе бастадық. Алайда анамның жағдайы нашарлай берді, - дейді Надежда.

Коронавирустан қайтыс болғандардың зиратына марқұмның сүйегін әкелген сәт. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандардың зиратына марқұмның сүйегін әкелген сәт. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.

Мамырдың 23-і күні марқұмның хәлі нашарлаған соң балалары жедел жәрдем шақыртқан. Алайда дене қызуы болмаған. Сөзінше, Надежда анасын дәрігерлер ауруханаға алып кеткеннен кейін көрмеген.

- Заттарын жинастырып, аурухана келгенімізде дәрігер анамның қайтыс болғанын айтты. Сөзінше, денсаулығы күрт нашарлап, қан қысымы көтеріліп көз жұмған. Содан кейін денесін мәйітхана жіберді. Бүгін (25 мамыр – ред.) мәйітханаға барып едік, бірден осында жіберді, - дейді марқұмның қызы.

Айтуынша, мамандар қайтыс болған анасынан COVID-19 тестін алынатынын айтқан. Ол жерлеу күні ғана анасынан коронавирус табылғанын білген. Надежданың сөзін бауыры Николай да қостайды. Ол дәрігерлер ұсынған анықтаманы көрсетті. Онда қайтыс болған науқас шалдыққан аурулар тізімінде пневмония мен СOVID-19 көрсетілген.

РЕСМИ АҚПАРАТТА АЙТЫЛМАҒАН 22 ҚАБІР

Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін арнайы зират Алматы қаласынан 50 шақырымдай жерде орналасқан. Зиратқа жол сілтейтін арнайы белгі жоқ. Айналасы қоршалмаған, ескерткіш тас орнатылмаған бейіттерді қара жол екіге бөліп тұр. Бір жағына мұсылман ғұрыппен 13 адам, екінші жағына христиан ғұрыппен 17 адам жерленген. Азаттық тілшісі бейіт басындағы ағаш белгілерден азаматтардың сәуір, мамыр айында қайтыс болғанын көрді. Марқұмдардың көбі – 60-70 жастан асқандар.

Азаттықтың түсірілім тобы жеткеннен кейін зиратқа арнайы көлік екі адамның мәйітін әкелді. Мамандар бірден жерлеу рәсіміне кірісіп, марқұмдардың туыстары араласпай жай ғана бақылады. Қабір басына келген бір-екі әйел жылап тұрды.

Мамандар қабірге хлор төгіп жатыр. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.
Мамандар қабірге хлор төгіп жатыр. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.

Зиратта бірнеше қабір алдын ала қазылып қойған. Мамандар коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмі бойынша алдымен хлор септі. Одан кейін ағаш табытты дайын тұрған қабірге түсіріп, топырақ салып, ағаш белгі орнатты. Осымен зиратта тағы екі төмпешік пайда болып, жерленгендер саны 32-ге жетті. Соны айғақтап, белгі ретінде орнатылған 32 тақтай қалқайып тұр.

Ресми дерек бойынша, Алматы қаласында COVID-19 инфекциясынан 10 адам қайтыс болған. Алматы облысында бұл індеттен кісі өлімі тіркелмеген. Арнайы зиратта жерленген өзге 22 адам жайлы ақпарат жоқ. Олар қандай аурудан қайтыс болды? Неге билік олар жайлы ақпарат жарияламады? Бұл сұрақ анасын осы жерге жерлеген Надежданы да мазалайды.

Коронавирус зиратында жерленгендер. 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирус зиратында жерленгендер. 25 мамыр 2020 жыл.

Екі адамды дереу жерлеген мамандар Азаттық тілшісіне жауап беруден бас тартты. Сөз арасында кейбірі дезинфекция жасайтын мекемеде істейтінін, кейбірі жерлеу бюросы қызметкері екенін айтып қалды.

- Біз ешқандай ақпарат білмейміз. Қарапайым жұмысшымыз. Ауруханадан сұраңыздар, - деді жұмысшылардың бірі.

Олар күрек пен өзге де құрал-жабдығын дезинфекциялап, қорғаныш киімін өртеді де келген жолмен кері қайтты.

МИНИСТРЛІК ӨКІЛІ НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық Қараой ауылы маңындағы зираттағы ресми тізімде көрсетілмеген қабірлер жайлы Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдаған. Министрліктің Facebook желісіндегі парағына тікелей эфирге шыққан Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Азаттық сұрағына толымды жауап бермеді. Тек Алматы облысы аумағындағы арнайы зиратқа жерленген 22 адамның өліміне коронавирус инфекциясы негізгі себеп емес деп қысқа қайырды. Сөзінше, министрлік COVID-19 дертінен қайтыс болғандарды бөлек зиратқа жерлеу туралы бұйрық бермеген.

- Бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша солай. Ондай бөлек ұсыныс (коронавирустан қайтыс болғандарды бөлек жерлеу туралы ұсыныс – ред.) берген жоқпыз. Сондықтан мұны әрбір облыс немесе қала өзі шешеді, - деді комитет төрағасы.

Сұлтанғазиевтің айтуынша, қайтыс болғандар бойынша өлім себебін арнайы комиссия өзара зерттеу арқылы нақтылайды, тиісті хабарламаны министрлікке жолдайды және ақпарат осы тәртіппен БАҚ-қа хабарланады.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырып қайтыс болғандардың өлімін тексеретін комиссия құрған. Олар марқұмның өліміне коронавирус әсер еткенін я басқа созылмалы дерті себеп болғанын анықтауы тиіс. Комиссия "коронавирус марқұмның өліміне жанама түрде әсер еткен, негізгі өлімі созылмалы дерттен болған" деп тапса, қайтыс болған адам ресми статистикаға енбейді.

Министрліктің ресми мәліметінше, Қазақстанда 35 адам COVID-19 инфекциясынан көз жұмған. Ведомство коронавирус жұқтырған, бірақ бұл тізімге енбеген адамдардың санын ашып айтпай отыр. Бірақ "коронавирус жұқтырса да, өліміне басқа дерт себеп болғандар" жайлы статистиканы карантин аяқталған соң жариялауға уәде еткен.

ДДСҰ ҰСЫНЫСЫ ҚАНДАЙ?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлем елдеріне қайтыс болған адамнан COVID-19 анықталса, басқа қандай ауруы барына қарамастан марқұмды коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енгізуді ұсынған.

ДДСҰ түрлі апаттан (мысалы, жол апаты) және миокард инфарктінен қайтыс болғандардан COVID-19 инфекциясы табылса, оларды коронавирустан қайтқандар статистикасына қоспай-ақ қоюға болады деп ұсынған.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 25 мамырдағы ресми мәліметінше, елде 8531 адамнан коронавирус табылды. 4506 адам дерттен айықты. Ал министрліктің коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енген 35 марқұм мына аймақтарда:

  • Алматы қаласы – 10
  • Шымкент қаласы – 6
  • Нұр-Сұлтан қаласы – 5
  • Ақмола облысы – 4
  • Қарағанды облысы – 3
  • Павлодар облысы – 2
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1
  • Жамбыл облысы – 1
  • Қостанай облысы – 1
  • Маңғыстау облысы – 1
  • Түркістан облысы – 1
  • 16x9 Image

    Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ

    1994 жылы 20 мамырда дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде филология мамандығы бойынша бакалаврды, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінде магистратураны тәмамдаған. 

    "Дарабоз" журналында (2012-2014), "31 арнаның" жаңалықтар қызметінде (2015-2018) жұмыс істеген.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG